Қостанайда татардың ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың жиеншары София Забирова апай тұрады (1-сурет). Жолдасы марқұм Жұмабек Аңсағанов екеуі геология саласында жемісті еңбек етті. Бүгінде әжей 82 жасқа толды. Сәл аурудың шаршатып тұрғаны болмаса, кәрілікке мойымаған, әлі күнге әңгімесінен білімділікпен қатар, тектіліктің, зиялылықтың нышаны еседі. Апайдың тегі Тоқайдан қалай тарайды дерсіз. Ғабдолла Тоқайдың әкесі Мұхаметғарифтің бірінші әйелі Ғафифадан Мұхамметшариф пен Ғазиза, екінші әйелі Мамдудадан Ғабдолла туады.
[caption id="attachment_104346" align="aligncenter" width="560"] 2-сурет[/caption] Әке-шешелері ерте қайтыс болып, Ғабдолла мен апасы Ғазиза қаңғып қалған соң, екеуін Мұхаметғарифтің Қазақстандағы Орал қаласында бақуатты тұратын қарындасы Ғазиза қамқорлығына алады. Әкесі қызының есімін қарындасының құрметіне Ғазиза деп қояды. Осылайша кіші Ғазиза Оралда бойжетіп, Абдрахман Забиров деген жігітпен бас қосып, балалы-шағалы болады. София апайдың әкесі Ғали мен біздің әңгімемізге өзек болғалы отырған Уәли Забиров – Ғазизаның ұлдары. Татардың ұлы ақыны Ғабдолла Тоқайдың ағайынды, тетелес жиендерінің екеуі де 30-шы жылдардың зобалаңында «халық жауы» болып ұсталып үлкені Уәли атылып кетеді де, Ғали он жыл лагерьде отырып, 1947 жылы арып-ашып Қостанайға келеді. [caption id="attachment_104347" align="aligncenter" width="560"] 3-сурет[/caption]София апайдың қолында қазір Уәли абыйынан қалған ескі альбомның бірнеше беттері сақталған. Сарғайған ескі суреттерден Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Смағұл Сәдуақасов, Сұлтанбек Қожанов, Мұхтар Әуезов көзімізге оттай басылды. Сыртына: «Жан досым Уәлиге», «Құрметті Уәлиге» деп жазып берген, өзіміз шырамыта алмаған бейтаныс адамдардың суреттері де бар. Олардың арасынан бір суретті Бейімбет Майлиннің жас кезі ме екен деген де ой келеді (2-сурет). Сыртына «1927 жылдың ақпан айында өткен педагогикалық білім берудің бүкілқазақстандық І кеңесіне қатысушы қазақ зиялылары» деп жазылған суретте қақ ортада Қазақ АССР Халық ағарту комиссары Смағұл Сәдуақасов отыр (3-сурет). Оның оң жағында Уәли Забиров, сол жағында Ахмет Байтұрсынов бар. Екінші қатарда сол жақтан екінші отырған Міржақып Дулатовты танимыз. Сурет Қызылордада түсірілген деп ойлаймыз. Осыған ұқсас бір топ адам бейнеленген суретте де (4-сурет) ортада Смағұл Сәдуақасов отыр (4-сурет). Оның оң жағынан тағы да маңдайы жарқыраған, ашаң жүзді Уәли Забировты көреміз. Ахмет Байтұрсынов Смағұлдың сол жағында екі адамнан кейін отыр. Оң жақ қабырғада «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген төте және орыс тілінде жазылған жазудың шеті көрінсе де, сол уақыттың лебін білдіретіндей. Смағұл өзінің суретінің сыртына төте жазумен «Уәлиге. Смағұл Сәдуақасов. 3/ІІІ, 1927 жыл, Қызылорда» деп жазып, өзінің қолын қойып беріпті (5-сурет). Сұлтанбек Қожанов суретінің сыртына «Уәлиге! Сұлтанбектен. 1925 жыл» (6-сурет) деген жазу қалдырған.
[caption id="attachment_104348" align="aligncenter" width="560"] 4-сурет[/caption] Ескі альбомда бір қырындау отырған, шашын тықырлап алдырған, көзқарасынан зиялылық есіп тұрған кісі суреттің сыртына «Дорогому товарищу Валию на добрую память (Сюрушнай) 2/ІІІ-22 г» деп, астына атын жазбай тек қол қояды. Төменірек біреу оны «Мұрзағалиев Хафи, быв пред.СНК КАЗ.АССР» деп жазып қойыпты (7-сурет). Альбомда 1935 жылы қыркүйек айында Ленинградта түскен зиялылықтың шуағы төгіліп тұрған Забировтер отбасының суреті де назарды ерекше аударады. Оның сыртында: «Анам – 59 жаста, Уәли – 36, Ғали – 34, Сәлім – 7 жаста» деген жазулар бар (8-сурет). [caption id="attachment_104349" align="aligncenter" width="560"] 5-сурет[/caption] Орал қаласында 1922 жылдың 11 маусымында түскен алты адамның суретінің сыртына орыс тілінде: «г.Уральск 11 июнь 1922г. Пребывание Нар.Ком. Юстиции К.С.С.Р т. Бекмухамедова. Сидят 1.Забиров, 2.Бекмухамедов, 3.Жулдубаев. стоят 1. Зубков, 2.Альжанов, 3.Джантлеуов» деп көрсеткен (9-сурет). Шафқат Бекмұхамбетов Қазақ атқару комитетінің шешімімен 1921 жылы қазанда Заң халық комиссары болып тағайындалады. Оның тұсында Заң халық комиссариаты қылмыспен күресудің тәсілдерін анықтайды, өлкелік халық соттарын, прокуратура мен адвокатураны құрады, сот реформасын жүргізеді, алғашқы заңдарды қабылдайды. Бекмұхамбетов кейінірек прокуратураны да басқарады. Ол РСФСР Қылмыстық кодексіне барымташыларды жазалау, қалыңдық ұрлау, өлтірген адамға құн сұрау туралы баптар енгізуге мұрындық болды. Оның Заң комиссары болып тұрған 1921-1922 жылдары адам жеуге тыйым салу туралы құқықтық өкім де қабылданды. Ш.Бекмұхамбетов 1958 жылы Алматыда қайтыс болды. Альбомдағы суреттер негізінен Қызылорда мен Орынборда түсірілген деп білеміз. [caption id="attachment_104350" align="aligncenter" width="560"] 6-сурет[/caption] 1935 жылы өзі ұсталып кеткенше қазақ зиялыларымен жақсы қарым-қатынаста болған Уәли Забиров кім болып еді? Бұл жөнінде 90-шы жылдары белгілі қаламгер Сапабек Әсіпов те «Егеменнің» оқырмандарына қысқаша баяндап берген болатын. Өкінішке қарай, осы күнге дейін Уәли Забировтің өмірі де, еңбегі де жете зерттелмеген. «Уәли Абдрахманұлы Забировтің өмір жолы қазақ мемлекеттілігін жаңа, кеңестік негізде аяғынан қаз тұрғызуға үлес қосқан қайраткерлердің бірі болғанын дәлелдейтін біз баяндағаннан басқа құжаттар қолымызға түспегенімен, кейін табылары анық», деп жазады Сапабек ағамыз. [caption id="attachment_104351" align="aligncenter" width="560"] 7-сурет[/caption] София апай айтқандай, Қазандағы Ғабдолла Тоқайды зерттеушілер де Уәли туралы оның туыстары айтқан ақпараттармен шектелгенге ұқсайды. Дәл қазір Қазан зерттеушілерінің қолында не бар екені бізге де беймәлім. Уәли 1898 жылы Орал қаласында дүниеге келеді. Кішкентайынан еті тірі, оқуға құштар болады, ерте есейеді. Тіпті 16 жасында «ғашық болдым» деп, әкесінен рұқсат сұрап, үйленіп алады. Жасын қостырып жазып, партия жұмысына ерте араласады. [caption id="attachment_104352" align="aligncenter" width="560"] 8-сурет[/caption] София апай Уәлиді Орал губерниялық партия комитеті 1920 жылы Ташкентке оқуға жібергенін айтады. Содан қайтып келген соң Орал қаласында партия қызметінде болады. Артынша Уәли Қостанайға келген сыңайлы. Тіпті Мұхаметжан Сералин редакторы, Бейімбет Майлин жауапты хатшысы болған «Ауыл» (қазіргі облыстық «Қостанай таңы» газеті) газетін шығаруға атсалысқан. Оған редакция қызметкерлерінің 1924 жылдың 28 наурызында кітапша сияқты етіп, суретімен қатырма қағазға жапсырып берген құттықтауы дәлел болады (10-сурет). Төте жазумен жазылған құттықтау өлеңді София апайдың жолдасы марқұм Жұмабек Аңсағанов ағай уақытында әдейі араб қаріпін үйреніп, кириллицаға түсірген екен. Құттықтау былай жазылған: «Еңбекшілдің алға салған ерісің, Қолтығынан дем беретін желісің. Адал еңбек бағаланып қызметің, Күннен-күнге кеңеюде өрісің. Сізбен бірге жұмыс етсек шаттанып, Ортамызда жүргеніңе мақтанып. Езілген ер жұмыскері атынан Тарту тартып, еңбегіңді мақталық. Жұмыскерлер дүниенің тірегі, Кімге керек? Жүрек сезіп біледі. Тарту тартып, жаңа орынмен құттықтап, Абыройыңды жолдастарың тіледі. Баспахана жұмыскерлері: Мұратов Ғ, Жәлел Ибраимов, С.Уәлиева. 28 март, 1924 жыл. Қостанай». Бірақ газетте нақты кім болып қызмет істегені әзірге бізге белгісіз. Құттықтауда өлеңдегі «Адал еңбек бағаланып қызметің», «Тарту тартып, жаңа орынмен құттықтап» деген жолдардан оның бұрынғы жұмысынан жоғары лауазымға өскенін байқауға болады. [caption id="attachment_104353" align="aligncenter" width="560"] 9-сурет[/caption] София апай Уәлидің екінші рет үйленгені туралы оның әйелі Сараның аузынан естігенін былай әңгімелейді. – Уәли абыйым Троицк қаласындағы Сара деген татар қызын ұнатып, сонымен сөз байласады. Сараның медициналық білімі бар, сауатты қыз болады. Әкесі «әйелі бар адамға барасың» деп қызына ризашылығын бермейді. Уәли Троицкіге барып, Сараны ат арбамен алып қашып, Таран ауданындағы Бейімбеттің үйіне апарып, некесін қидырып, кеш өткізеді. Сара апамның аузынан естіп едім осыны. «Сонау Троицкіден Таранға ат арбамен жеттік ғой. Бізді Бейімбет үйлендірді» деп отыратын. Бірақ Троицкіге Бейімбеттің барған-бармағанын, олардың қай жылы қосылғандарын ашып айта алмаймын, студент кезімде Ленинградқа жыл сайын барсам да, сонда тұрған Сара апамның әңгімесіне жастықпен мән бермегендіктен ғой, әңгіменің бүге-шігесі есімде қалмапты, – дейді София апай. [caption id="attachment_104354" align="aligncenter" width="560"] 10-сурет[/caption] Бейімбет демекші, ескі альбом жұрнағында шеті кесілген жас ер адамның суретін біз Бейімбет деп жобалағанымызды айттық. (2-сурет). Жанында біреу болған секілді, қырқып тастаған. Бейімбет деп таныған кісі тағы да топ боп түскен суретте шетте тұр (11-сурет). Сурет иесі оның сыртына төте жазумен «Сүйікті Уәли! Мына сүгірет біздің мәңгілік ескерткішіміз болсын. Мұстапаұлы. 3/ІІІ -25 ж.» деп жазып, қолын қойған. Бірақ Бейімбет ол кезде Қостанайда емес, Орынборда болды ғой. Бәлкім, сурет Қостанайда түсірілмеген де болар. Ал топтағы кісінің қайсысы Мұстапаұлы екенін де біз тани алмадық. Суреттер сыртындағы төте жазу кириллицаға дұрыс аударылмауы да әбден мүмкін. София апайдың қолында сақталған бір суреттің сыртына «Уральская парт. делегация.1923 г» деп жазылған (12-сурет). Осы суретте алдыңғы қатардағы екінші болып Уәли Забиров отыр. Арасына бір адам салып Мұхтар Әуезовті танимыз. Суреттің сыртында бұл адамдардың арасында Мырзағалиев, Паевский, Никитин деген кісілердің барлығы жазылған. КСРО Ғылым академиясының баспасынан 1934 жылы шыққан «Календарь справочник Академии наук СССР» деген үлкендігі шағын блокноттай ғана кітап та София апайдың үйіндегі қадірлі заттың бірі. Осы кітапша Уәли өмірі мен қызметінің маңызды кезеңінен дерек бергендей. Ғылым академиясы құрамында Қоғамдық ғылымдар бөлімінің мекемелер қауымдастығы болғанын байқаймыз. Кітаптың 28-бетінде «Ассоциация учреждении отделения общественных наук» деп жазылған. Оның басшылық құрамында Уәлидің барлығын дәлелдейтін «и.об.уч. секретаря Забиров Вали Абдрах. т. 2-22-07(сл)» деген сөздерді оқуға болады. Бұдан Уәлидің Қазақстан өлкелік партия ұйымының жолдамасымен Ленинградтағы аспирантураны бітіргеннен кейін, сонда ғылыми жұмысқа қалдырылғанын білуге болады. Уәли Забировтің бітіргені Ленинград университетінің аспирантурасы болуы мүмкін. София апайдың Уәлидің әйелі мен қарындасынан естіген ақпаратына қарағанда, ол Шығыс халықтарын зерттеген. Ленинградта оқып жүргенде техникумның жатақханасында Мұхтар Әуезовпен көрші тұрады. Екі отбасы жақсы араласады. Бұл кезде Уәлидің қолында анасы Ғазиза, әйелі Сара, балалары және қарындасы Фаиза болады. Уәлидің анасы Ғазиза Мұхтардың Ленинград университетінде оқығанын айтады екен. Ал Валентина Николаевнаның естелігінде олар Мұхтар Әуезовпен университетке қатар түскенмен, әр жылдары бітіреді, Мұхтар үзіліспен оқиды. Бұл 20-жылдардың екінші жартысы екені белгілі. Уәли де Ленинградқа сол кезде барса керек. [caption id="attachment_104355" align="aligncenter" width="560"] 11-сурет[/caption] – Ғазиза әжем кейін Мұхтардың атақты жазушы болған кезінде оның әйелі, өзі туралы баяғыдан білетіндерін айтып отыратын. Кейін Фаиза Эрмитажда антрополог болып істеген жылдары, бұл бәлкім 40-50-жылдары ма екен, қызмет бабымен Алматыда болғанда, Мұхтар Әуезовті үйіне іздеп барады. «Баяғы Ленинградта араласқанындай, Мұхтар ағаға еркелей кіремін ғой деп едім, мен ойлағандай кездесу болмады, сұлық қабылдады», деп риза болмай келіпті. Сонда анасы: «Ол қызметтегі адам ғой, көңіл хошы болмай отырған сәті болар, уақыт та өтіп кетті. «Өзі жоқтың – көзі жоқ» деген қызым, енді бармай-ақ қой», депті де қойыпты. Тырнақ астынан кір іздеген заман ғой, мүмкін Мұхтар содан сақтанған шығар. Ол кезде Фаиза қайдан түсінсін, – дейді естелік шерткен София апай. Белгілі ғалым Темірғали Нұртазин естелігінде Мұхтар Әуезовті 1932 жылы күзде Уәли Забировтің үйінде кездестіргенін айтады. «Күзде Мұхтар Омарханұлы мен Қаныш Имантайұлы Сәтпаевты Васильев-Островский жақтағы (Ленинград «Петроградская сторона», «Выборгская сторона» деген секілді бірнеше ауданға бөлінеді) бір үйде ұшыраттым. Ұмытпасам Уәли Забировтің үйі. Ол кісі татардың атақты классигі Ғабдолла Тоқайдың туған жиені еді. Мұхтар Омарханұлы Ленинградта оқу бітіріп, Ташкентте аспирантурада болғанда екі семья техникумның жатақ үйінде көрші тұрғаны бар», деп жазады Темірғали Нұртазин. – Уәли Орал қаласында жас кезінен патшаға қарсы шыққан ереуілдерге қатысқан, Кеңес өкіметіне құдайдай сенген. «Алдымызда тамаша заман болады, ешкім кедей болмайды», дейді екен. Қазір сол жылдардың тарихына құлақ салсаң, дәл ертеңі не боларын білген адам аз. Кеңес өкіметіне алаш арыстарының өзі де бір кезде сенді, бірақ өздері сол жүйенің құрбанына айналды. Уәли де солай болды, – дейді София апай. [caption id="attachment_104356" align="aligncenter" width="560"] 12-сурет[/caption] Уәли Забиров Ленинградта ұсталады, туыстары оған тағылған айыптың қандай екенін әлі күнге білмейді. Өйткені, сұрапыл жылдарды былай қоғанда, одан кейін де туыстарының бауырын іздеуге шамасы келмеген. Уәлиді ұстағанда Қырғызстанға жер аударылған отбасы 50-жылдары ол ақталғаннан кейін, Ленинградқа қайта алдырылып, оларға үш бөлмелі үй беріледі. Сара Забирова білімді дәрігер болады. Бірақ екі ұлы Сәлім мен Рүстемге зияны тиеді деген болар, Уәлиге тағылған жаланы да, жазаны да ары қарай қазбаламайды. 1958 жылы Уәлидің жүрген жері деп әрі қайын жұртын көру үшін Қостанайға қыдырып келіп кетеді. – 60-жылдары болуы керек, Троицк қаласынан бір татар кісі келді. Уәлидің туыстарын – бізді іздеп келіпті. «Уәли біздің Лениніміз еді» деген сөзі есімде қалыпты. Әй, жастық-ай, сол кісінің атын да жазып алмаппын. Тағы да сол жылдары менің інім Рәшит жұмысымен Семиозерге, қазіргі Әулиекөл ауданына барады. Сонда аудандық «Сельхозтехника» мекемесіне кіргенде ақ шашты, зиялы қазақ кісі отырады. Менің інім келген шаруасын айтқан соң, тізім толтыру үшін төлқұжатын береді. Ондағы Забиров деген фамилиясынан Уәлидің туысы екенін біліп, орнынан тұрып, құшақтап, заттарын түгел тауып, машинасына артып жібереді. Інімнің де жас кезі ғой, әлгі адамның аты-жөніне мән бермепті. Өйткені, ол кезде арыстарымыз ешкімге керек болмады, – дейді София апай өкініп. Енді Уәлидің інісі Ғали туралы бірер сөз. Ол лагерьден келген соң, Қостанай облысының Амангелді ауданында «Казсоюзпушинина» мекемесі аудандық бөлімшесінің дайындау пунктінің меңгерушісі болып істепті. Ол кісі еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейін 1992 жылы ақталады. – Әкемнің құжаттарын көргенімізде тұсы бос тұр, тағылған ешқандай айып жоқ, – дейді София апай. – Бізді, Забировтер әулетін кеңес дәуірі кезінде тұқыртып ұстады, ұлдарына қызмет те бермеді, – дейді тағы да әңгіме иесі. Ғалидың адамгершілігін айналасы айта алмай отырады екен. Ол Амангелді ауданында тұрғанда баласы жоқ, шалы қайтқан Асыл деген қарияны үйіне кіргізіп алады. Қашан өзі Амангелдіден жұмыс бабымен көшіп кеткенше, оны анасындай ұстапты. – Мен Асыл әжемнің қызы болып өстім, ол кісі келгенде мен 8-9 айлық екенмін. Анам жас, 24 жаста болыпты. Әжем барлық әйелдік, аналық махаббатын маған төгіпті. Біз Қостанайға кеткенсін, мен тұрмыс құрғаннан кейін Асыл әжем қайтты деген хабар келді. Ол кезде жол жоқ, су тасып жатқан сәуір айында бара алмадық, сосын әкем біржолата көктасын жасатып алып, жазда барып, басын қарайтып келдік. Мен әжемнің інілерімен әлі күнге дейін төркіндеп қатысамын. Әжемнің қайтқанына 40 жыл толғанда Амангелдіге жиналдық, мен зиратқа кірген бетте әжемнің бейітін бірден тауып алдым, қазір дұғама Ғазиза, Асыл әжелерімді бірдей қосып отырамын, – деп София апай көзін сүртті. Бір ғасырға жуық уақыттан жеткен ескі альбом шерткен сыр осындай. P.S. Халқымыздың өткен ғасырдың басындағы қазақ зиялыларының тарихы, алаш арыстарының тәуелсіздік жолындағы күресі әлі де зерттелу үстіңде. Біз мақалаға суреттердің бір парасын ғана пайдаландық. Ескі альбомдағы суреттер мұрағаттанушылар мен оқырмандарды қызықтырар деген ойдамыз. Ескі суреттегілердің кім екені анықталып жатса, бұл да қазақ руханиятына қосылған үлес болар еді. Нәзира Жәрімбетова, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ