• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2017

Тыйым салу түз тағысының тағдырын шеше алмайды

833 рет
көрсетілді

Табиғатымыздағы басты бай­лықтардың бірі – жануарлар дүниесі. Осы жануарлар дүниесін сақтап қалудың бірден-бір жолы – аңшылық шаруашылықтарды көбейтіп, оларды білікті маман­дардың қолына беру. Қазіргі кезде Қазақстанда 700-ден астам аңшылық шаруашылық бар. Олар өз жұмыстарын атқарып жатыр. Аңшылық кәсіп елімізде көне заманнан белгілі және оның алатын орны ерекше. Мәсе­лен, ұлттық аңшылығымыз­д­ың ит жү­­гірту, құс салу және шиті мыл­­­тық­пен ірі аңдарды атып алу секіл­ді бірнеше түрі болған. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ел халқы­на арнаған «Қазақстанның Үшінші жаңғы­руы: жаhандық бәсекеге қабілеттілік» тақы­ры­бындағы Жолдауында, дамыған елдердің озық стандарттары мен тәжірибесін енгізу, елдің эко­номикалық өсімнің жаңа моделін құру міндеті қойылып отыр. Осы орайда, аң шаруашы­лы­ғын дамыту ел экономикасына үлкен үлес қосып аймақ тұр­ғын­дарын жұмыспен қамтамасыз етіп қоймай, аймақта туындайтын басқа да мәселелерді шешуде маңызды рөл атқаратынын атап өткім келеді. Мәселен, аңшылық туризмі бүгінгі таңда ең болашағы бар бизнес көзі болып табылады. Дамыған мемлекеттерде бұл мәселе баяғыда жолға қойылған. Күні ертең өткізгелі отырған ЭКСПО-2017 көрмесіне Астанаға 3 айдың ішінде 5 миллионның үстінде адам келеді деп күтіліп отыр. Бұл миллиондардың ішінде тек инвесторлар ғана емес, сонымен бірге туристер де, журналистер де, аңшылар да болады. Осы ЭКСПО-2017 көрмесінің еліміздің туризм саласын дамы­туға мол мүм­кіндіктер ашатынын барынша пайдалануымыз керек. Аңшылық туризм – елімізді бүкіл әлемге танытудың бірден-бір жолы. Осы орайда, жер көлемі ау­қымды және жануарлардың көптеген түрлері кездесетін Қа­зақстан үшін Еуропадағы кішкене ғана мемлекет Сербияның тәжі­рибесінен үлгі алуымызға болады. Сербтер өткен ғасырдың 80-жылдарының аяғында аңшы­лық туризмі туралы заң қабылдап, аңшылық шаруашылықтарына қолдау көрсету нәтижесінде, серб үкіметі бұл күндері осы саладан миллиондаған еуро табыс табуда. Ал енді осы елге көршілес Венгрияға жыл сайын басқа мемлекеттерден 25-30 мыңнан астам аңшы-туристер келіп, әрқайсысы 3000-5000 еуро көлемінде қаржы қалдырып кетеді. Есептеп көр­се­ңіз қыруар қаржы. Ал осы екі елдің көлемі біздің кейбір ірі облыстарымыздың да аумағына жетпейді. Бүгінгі күні біздің Үкімет тарапынан аңшылық шаруа­шы­лықтарға жеткілікті көңіл бө­лінуде деп айта алмаймыз. Ал егер осы мәселелерді шешуге тиіс­ті мемлекеттік құрылымдар қаты­сып, қажет болған жағдайда көмегін берсе, өз жеріміздің бай­лы­ғының қызығын халқымыз көрер еді. Еліміздегі аңшылық алқаптардың жалпы ауданы 228 млн гектарды құрайды, оның 120 млн гектары (53,0%) аңшылық шаруашылықтарына қарасты. Жалпы, болашақта аңшылық ел экономикасының тиімді бір саласы болуға тиіс. Ол жай ғана сауық-сайран, уақыт өткізу емес, қып-қызыл пайданың көзі. Тек соны дұрыс жолға қою керек. Ал бізде әзірге бәрі керісінше болып тұр. Бүгінгі күні аңдардың мемлекет меншігі екеніне қара­мастан, ауыл шаруашылығы мен аңшылық шаруашылығына мемлекет тарапынан көзқарас әртүрлі – айырмашылығы жер мен көктей. Ауыл шаруашылығын мемлекет жан-жақты қолдайды. Әртүрлі дотациялар, жеңілдіктер бар, ал олар зиян шеккен жағдайда түрлі көмек, өтемақы қарастырылған. Аңшылық шаруашылығында олардың бірі де жоқ. Керісінше, мемлекет шенеуніктерінің кей­бір әрекеттері аңшылық ша­руа­шылықтарының дамып, өркен­деуіне кедергілер келтіруде. Өт­кен жылғы желтоқсан айы­ның аяғында «Жануарлар дү­ниесі объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеу мен тыйым салуды енгізу, оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілеу туралы» Ауыл шаруа­шылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар күшіне енді. Осы бұйрық арқылы бұдан былай 16 ақпан мен 14 маусым аралығында аң аулауға тыйым салынды. Яғни, енді құстарды көктемгі аулау болмайды. Қазіргі кезде аталған бұйрық жұртты алаңдатып отыр. Тек еліміздегі аңшылар қоғамы емес, сонымен қатар, ондаған жылдар бойы байланыстары қалыптасқан Франция, Германия, Австрия, Швецария, Ресей, Марокко т.б. көптеген шетелдік аңшылар ұйымдары комитеттің бұйрығына наразылықтарын білдіруде. Алматы, Атырау, Шығыс Қазақ­стан т.б. облыстардың аңшылық шаруашылықтары 20 жылдан аса уақыт әлемнің көптеген елдерімен байланыс жасап, олардан келетін аңшылар үшін аңшылықты және алдын ала олар үшін құжат ресім­деуді ұйымдастыру бойынша жұмыс жасап келеді. Ал енді соның бәріне аяқастынан тыйым салудың дұрыс емес екендігін, бұл шешімнің туризмді дамыту туралы Үкімет қаулысына қайшы екенін айтады олар өздерінің жолдаған хаттарында. «Біз бұл шешімді аңшылық шаруашы­лықты жүргізуден бейхабар шенеуніктер шығар­ған бұйрық деп есептейміз. Олар тіпті, көктемгі аңшылық ке­зінде үйректер мен аталық үй­ректер арасында олардың көпті­гінен үйректерге ұя салуға мүмкіндік бермеуіне байланыс­ты қатынастарын реттеу жүр­гізілетіндігін білмейді. Ше­неу­ніктер осылайша бра­коньерлікті жоямыз десе, бұл дұрыс емес. Жыл сайын көк­темгі және күзгі маусым кезінде аңшылар­­дың өздері аң аулау ережесін бұза­тындармен күре­сіп келеді. Браконьерлермен күресу үшін облыстық орман және аңшылық шаруашылығы аумақтық инс­пекциясын штатпен және авто­көлікпен қамтуды күшейту керек. Біздің облысымызда бар-жоғы 3 инспектор, олардың өзі көліктің және жанармайдың тапшылығынан өздерінің тікелей міндеттерін атқара алмай отыр», дейді өзі­нің республика аңшылық қоғам­дарына жолдаған үндеуінде Атырау облыстық аңшылар және балық­шылар қоғамының төр­ағасы Ғайнет Қуанғали. Бір мысал келтіре кетейін. Үкі­меттің 2015 жылғы 25 шілде №969 қаулысымен, ғылыми мақ­­сатта пайдаланудан басқа, Қазақ­станның бүкіл аумағында киіктерді ату, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға 2020 жылға дейін тыйым салын­ған. Заңсыз киік аулағандар үшін өте ауыр қылмыстық жауап­кершілік қарастырылған. Алайда, қатаң тыйым салуға, жазаның қатаң­дығына қарамастан бра­коньер­лік әлі күнге дейін тиылмай отыр. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығына көңіл аударсақ, оның өн бойынан қарама-қайшылықты аңғаруға болады. Бүгінгі күні Аң аулау ере­же­лерін бекіту туралы Қазақ­стан Республикасы Ауыл шаруа­шы­­­лығы министрінің м.а. 2015 жы­лғы 27 ақпандағы №18-03/157 бұйрығы күшінде және қол­да­ныста. Осы қолданыстағы Аң аулау ережесіне сәйкес, көк­темгі мезгілде аталық үйректі, аталық балықты, жыл құсын, са­ңырау құрды және құрларды аулауға рұқсат берілген. Ал жоғарыдағы Орман ша­руа­­шылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығы қолданыстағы министрліктің бұй­рығына қайшы. Бұлай болуы мүмкін емес. «Құқықтық нор­малар» туралы Қазақстан Рес­пуб­ликасы Заңының 10-бабына сәйкес үкіметтік құры­лым­дар­дың төменгі жүйелерінің бұй­рықтары жоғары саты­ларының бұйрықтарына қарама-қайшы келмеуі тиіс. Яғни, коми­теттің бұй­рығы күші жойылмаған өзі­нен жоғары нормативтік акті­лерге қайшы болмауы керек. Сондықтан комитеттің бұйрығы заңсыз, қате және сауатсыз жазыл­ған құжат. Енді осы бұйрықтың туын­дауына қан­дай негіз болды, шы­нында да еліміз­дегі аң-құстардың тағдыры соншама қауіпті жағ­дайда ма деген сұраққа жауап іздейтін болсақ мынаны айтуға болады. Білім және ғылым ми­нистрлігіне қарасты Зоо­логия институтының директоры А.Мел­де­бековтің айтуынша, «Мұн­дай шешім қабылдау үшін осы жануар­лардың саны жайлы нақ­ты көп жылдық мәлі­мет­тер қажет». Институт директоры өзінің Сенат депутаттарына жол­даған хатында, олардың еліміздегі аңдардың түрлерін сақтауға алаңдаушылықтарын қолдайтынын айта келіп, еліміз­дің түрлі облыстарындағы түрлі жануарлардың таралу жағ­дайы әртүрлі болатынын ескере отырып, дегенмен аулауды шектейтін жануарлар түрін нақты анықтау керек екенін ескертеді. Ал қазіргі бекітілген ереже бойынша көк­темгі аң аулау науқанында ресми түрде үйрек атуға рұқсат етiл­ген лимиттер 5%-дан артық бөлiн­бейтінін ескерсек, барлығы 15-ақ күнге созылатын көктемгі құс ату мерзімінде құстардың жалпы санына төнетін соншалықты қатердің жоқ екенін аңғаруға болады. Ал осы тыйым салудың аң­шы­лық шаруашылығы субъек­­т­i­лерiне келтіретін зияны айтар­лықтай. Нағыз аңшының бүгінгі кез­дегі басты міндеті – туған жер­дің аң-құстарын сақтап қалу және көбейту. Сондықтан да аңшы жануарлардың кез келге­нін ата бермейді. Олар, аңшы­лық қоғам мүшелері аңшы­лық шаруа­­шылықтарда жабайы жануар­­ларға арналып азық дайындауға көмектеседі. Осы азық­­тар аңдарды қыстың қиын кез­дерінен аман алып қалады. Шөлді аймақтарда бөгеттер тұрғызып, су қоймаларын жасайды, ағзаларында минералды заттар жетіспеген кезде жануар­лар жалайтын тұздар қойы­лады. Жыл сайын аңшылық шаруа­­шылықтарында жануарлар­ды есепке алу жұмыстарын жүргізеді, санитарлық, ветери­нарлық шаралар жасалады. Ең бастысы, жануарларды қор­ғайды, заңсыз аң аулаушылармен күреседі. Өзім жетекшілік етіп отыр­ған қауымдас­тықтың басты мақ­саты аңшылыққа, жалпы, аң аулауға байланысты қалып­тасқан теріс көзқарастарды өз­гертуге бағытталған. Аңшы­лық шаруа­­шылығын тек есеп­сіз аң атып, ерігу орны деп түсі­ніп, өкі­­нішке қарай, онда­ғы қыз­мет­кер­лердің жан-жа­нуар­лар­ды қор­ғаумен бірге олар­дың төлін өсіру арқылы, өз тараптары­нан еліміздің байлығына үлкен үлес қосып жатқандары ескеріл­мейді. Осындай біржақты ұғым аң­шылық проблемаларына Үкі­мет­тің селқос қарауына әкеп соқ­тыруда, ал мұның салдары кейін өте ауыр болуы мүмкін. Оралбай ӘБДІКӘРІМОВ, «Қансонар» қауымдастығының басқарма төрағасы