Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың өзі қазақ тілінің табиғатына сәйкеспейтін барлық өзге тілдердің сөздері дәл қазақтың айтуына сәйкес өзгертілуі керек деген қағидатқа сүйенгені мәлім. Ал біздің қазіргі терминологиялық қор рухани ұстаздың сол ойымен үндесе ме, жоқ әлде мүлде кереғар ма? Тіліміздің тұғырын биіктететін маңызды қадамдар мүлде жасалмай жатыр деп, әрине, ауызды құр шөппен сүрткен жарамас, алайда айқыш-ұйқыш атаулар мен аудармалардан бүгінде аяқ алып жүре алмай жатқанымыз алақандағыдай ақиқат-ау. Сондықтан, бұл жердегі әңгімеде сырттан келген сөздердің тікелей аудармалары туралы жалпылама сынап-мінемей, тек мәдениет пен өнер саласына ғана қатысты кейбір атауларды әлі күнге дейін әркімнің әртүрлі қолданып жүргендігі, яғни бір ізге түсіп үлгермегендігі жайында сөз етуді жөн көрдік. Кейбір авторлар орыстан, басқа да шет тілдерінен енген кірме сөздерді аудармай, сол күйінде айна-қатесіз жаза салу әдетіне әбден бой үйретіп алды. Баяғы сол «онда тұрған не бардың?», енжарлық пен жаны ауырмастың сиқы. Осы тұста тағы бір ғалымдардың, қаламгерлердің бірінен-бірі қалыспай жиі қолданатын, тіпті сәнге айналған мынадай әдеті емін-еркін етек жая бастады. Ол – танымал тұлғалардың қанатты сөздерін, қағидаларын, дәйексөздерді орыс тілінен аудармай сол қалпында бере салу, мысалға келтіру үлгісі. Құдай-ау, сонда қазақтың бәрі орыс тіліне өзіндей жетік деп ойлай ма бұл шіркіндер? Қазақша сайрап отырып, неге бұлай айни қалады? Қазақ тілі әлемдегі ең бай тіл саналады деп кеудемізді керіп мақтанғанымыз қайда қалады сонда? Ал солай екен, онда неге әлгі дәйексөздер қазақ тілінде алтын талшықтай иіріліп, жан баурап тұрмайды, неге қазақ тіліне аударылмайды? Мұндай өрескел жағдайлардың әсіресе, басылым беттерінде жиі кездесетіні өкінішті. Олай болса бірте-бірте Черчилльді, Конфуцийді, Гетені ағылшынша, қытайша, немісше аудармай беруге көшетін боламыз. Мысалы, Абайдың қанатты сөздерін дәйексөз ретінде өз тілдеріне аудармай қазақша беріп жатқан өзге халықты көрдіңіздер ме? Егер оларда да дәйексөз жайы солай қалыптасса, әлемдік үрдістің ешкімге жаттығы жоққа балап қоя салар едік-ау. Бірақ әттең, олай емес. Қазақша жазылған туындыны қазақтың өзінен басқа ешкім оқымайтынын ескерсек, бұл да тілдік қорымызды шұбарландырып, бұзуға жасалған әрекет демеске лажың жоқ. Екінші бір бөлісейін деген ойымыз, мәдениет пен өнер саласына қатысты атаулардың ала-құлалығы туралы. Өз сөздік қорымыздан дәл сондай атау табуға болатынына шүбә келтіріп, жаңа сөз жасауды артық іс деп есептейтінімізді мұндағы көптеген термин сөздерден аңғаруға болады. Қаншама рет мәселе етіп көтергенмен, термин сөздер аудармасы «баяғы жартас, сол жартас» күйінде жалғасуда. Кейде осынау маңызды іс кімге, қай ұйымға, қайсы мекемеге бекітілгенін білмей дал болатынымыз рас. «Сен салар да, мен салар, атқа жемді кім салар?» деп әркімге бір сеніп жүргенде төрімізді көптеген бейтаныс сөздер жайлап алды. Осы бағытпен алға баса берсек, түбіміз – тұңғиық. Мәселен, бірізділіктің жоқтығынан бір басылымда «репитиция» деп жазылса, екіншісінде мұны «дайындық» дейді. Сол сияқты тіпті кей жағдайда бір атауды екі түрлі жазғандарына қарамастан, одан нақты нәтиже шығаруға ұмтылыс байқалмайды. Сөзіміз босқа кетпес үшін, «әртіс», «артист» сөздерін алайық. «Қазақстанның халық әртісі», «КСРО-ның халық әртісі» деп мұны қазақы тілдік табиғатымызға сәйкес көптен бері қолданып жүрміз. Дұрыс-ақ. Ал бірақ онда «артисті» неге жайына қалдырмаймыз? Не әртіс, не артист. Екеуінің біреуін ғана таңдау керек емес пе? Әлбетте, әдебиет пен өнерде проза, комедия, драма, опера, сатира, поэзия, эпос, консерватория, либретто, дирижер тәрізді ежелден қазақы ұғыммен біте-қайнасып кеткен термин сөздерге қояр кінә да, тағар мін де жоқ. Бірақ, мұнан кейін де бөгде сөздер нөпірі қаптаған үстіне қаптауда ғой. Суфлер, грим, афиша, бенефис, саундтрек, триллер, трейлер, продюсер, кастинг, креатив, клип, маэстро ди капелла, архив, диапазон, интерпретация, инсценировка, экшн, анонс ... т.с.с. осылай жалғаса береді. Бұларды қалай қолдану керек? Бұл ретте өнер тілін қазақыландыру ісінің жүйелі түрде жүргізілмей, оларды төл тілімізде толыққанды сөйлете алмай отырғанымыз қынжылтпай қоймайды. Кез келген ел терминдерді өз мүддесі үшін аударады. Бірақ бұл істің кәсіби тұрғыдан қолға алынбай ырқына жіберілуі, жүйесіздік пен ретсіздіктің жайлауы, аудармадағы көптеген терминдердің терминология комиссиясы бекіткен қазақша баламалары бола тұра, кірме сөздердің үстемдік құруы тоқтамай тұр. Міне, ортаға салмақ ойымыз осы-тын.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»