• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2017

Нақты нәтижелер баяндалды

191 рет
көрсетілді

Сандарды сөйлетсек: Атырау облысында жалпы өңірлік өнім 1993 жылы 600 млн теңге болған еді. 2016 жылы бұл көрсеткіш 4 трлн 549 млрд теңгеге жетті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 4 трлн 433 млрд теңгеге дейін артты. Қазыналы аймақтың республикадағы үлесі 23,9 пайыз. Бұл – азаттықпен бірге арайланған Атыраудың зор табысы. Елбасы саясатын лайықты жүзеге асырып келе жатқан өңірдің өркенді өрісі. Халық алдында өткен жылы атқарылған жұмыстарды баяндап, болашақтағы мақсаттарды бағдарлаған облыс әкімі Нұрлан Ноғаев проблемаларды да жасырып қалмады. Ел болып шешуге, келешектің қамы үшін бүгін талмай талаптануға шақырды. Атыраудың басты байлығы қара алтын десек, өткен жылы 33,7 млн тонна мұнай, 15,8 млрд текше метр ілеспе газ өндірілген. Өңдеу өнеркәсібінде де өсім байқалады, оны аймақ басшысы химия, жеңіл өнер­кәсіп, машина жасау салаларының дамуы­мен байланыстырды. Мешін жылының ма­ңыз­ды жаңалығының бірі – «Қашаған» кен орнының іске қосылуы. Сондай-ақ, «Теңіз­шевройл» компаниясы жобаны ұлғай­ту жөнінде шешім қабылдады. Бұл өз ке­зе­гінде мұнай өндіру көлемінің өсуіне мүм­кіндік береді. Биыл 37 млн тонна мұ­най өндіру жоспарланып отыр», деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев. Елбасы осы жо­ба­н­ы іске асырған кезде қазақстандық қамту­­ды арттыруды тапсырған еді. Тауар­лар­­да, қыз­меттерде қазақстандық компани­я­лардың кең көлемде қатысуы қамтамасыз етіледі. 2016 жылы кәсіпкерлікті қолдау картасы аясында жалпы құны 2,8 млрд теңге болатын жеті жоба бастау алды. Жалпы, облыс бойынша 44 217 кәсіпкерлік субъектісі бар. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдар­ламасын жүзеге асыруға 2,5 млрд теңге бөлінді. Өткен жылы 266 жоба қолдау алды. Бұл бағыттағы жұмыстар 2015 жылмен салыстырғанда 67 пайызға артты. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Ұлттық қор есебінен екінші деңгейлі банктер арқылы 8,4 млрд теңгеге 53 жоба қар­жы­лан­дырылды. Мемлекет қамқорлығы әсір­есе ауыл кәсіпкерлері үшін үлкен жеңіл­дік болып отыр. Соңғы төрт жылда ауыл кәсіпкер­лерін шағын несиелеуге 807 млн теңге бөлі­ніп, нәтижесінде ауылдарда 202 бизнес-жоба жүзеге асырылды, 468 жаңа жұмыс орны ашылды, деп атап өтті аймақ басшысы. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 61,6 млрд теңге болды. Соңғы үш жылда 643 жаңа жұмыс орнының ашылуына мүмкіндік берген 17 жоба жүзеге асырылды. Бақтықожа Ізмұхамбетов облыс әкімі болған кезінде Атырау облысының ауыл шаруашылығы саласында Қазақстанда баламасы жоқ жарқын жобалар басталған еді. Сол жұмыстардың лайықты жалғасуын назарда ұстап келе жатқан Н.Ноғаев мұнайлы аймақтағы аталмыш саланың дамуы жа­йында баяндады. 12 түрлі өнім өндіретін «Первомайский», 15 түрлі өнім шығаратын «Сарайшық» бірлескен кәсіпорындарының еңбегі елге аян. Жылына 400 тонна шұбат, қымыз, айран шығаратын «Алға-1» шаруа қожалығы, 92 млн дана жұмыртқа өндіретін «Алмалы құс», «Атырау сауда» құс фабрикалары, 12,6 млн дана консервіленген ет өнімін дайындайтын «Карат», 370 тонна салат, 75 мың консервіленген өнім өндіретін «АтырауАгроФеликс» серіктестіктерінің де алар асулары мол. Егін шаруашылығының егіс көлемі өсіп келе жатқанынан хабардар еткен облыс әкімі ауылшаруашылық өнімдері­мен, көкөніс, бақша дақылдарымен, жұмырт­қа, ет-сүт өнімдерімен аймақ өзін-өзі толық қамтамасыз етіп отырғанын айтты. Статистикаға сүйенсек, 2016 жылы облысқа импортталған көкөніс 242 тонна болса, экспортталған өнім 3 224 тоннаны құраған, яғни мұнайлы өңір өзінен артылғанды басқа облыстарға, тіпті Ресей еліне шығарып келеді. Қазір облыстағы ауылдық елді мекендердің 79 пайызы газдандыру жүйесімен қамтылған. Бұл саладағы ірі жобалардың бірі – Құрманғазы ауданы Азғыр өңірінің елді мекендері үшін жоғары қысымды магистральды және кентаралық газ құбыры, Азғыр өңіріндегі 365 шақырым газ құбыры желісінің құрылысы бойынша құжаттар жасалды. Қызылқоға, Исатай аудандарындағы ауылдарға да газ барады, деді әкім. Бұл шын мәнінде шалғайдағы шаруалардың көптен күткен қуанышы. Соңғы бес жылда елді мекендердің ауыз сумен қамтылуы 52 пайыздан 77,4 пайызға ұлғайды. Биыл тоғыз нысанның құрылысы жүргізіледі. Сондай-ақ, ауылдарды орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Нұрлан Асқарұлы айтқан ақжолтай жаңалықтың бірі – «Атырау–Астрахань» тас жолының құрылысына қатысты. «Нұр­­лы жол» бағдарламасына енген жол құрылысы биыл басталады. Бұрын инерт­ті материалдар аз жеткізілгендік­тен, жол құрылысы баяулап қалған еді. Соның өзінде облыс бойынша 167,5 шақырым жол жөнделді. Енді «Қазақстан темір жолы» АҚ-пен келісімшарт жасалды. Аймақ басшысы биыл 302,5 шақы­рым автокөлік жо­лы­ның құрылысы жүргізілетінін мәлімдеді. Тағы бір дерек, негізгі капиталға са­лынған инвестиция көлемінің 2 036,9 млрд теңгеге жеткені. Құрылыс жұмыстарының да көлемі өсіп келеді. Өткен жылы 558,6 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. Халықты әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет, спорт, жастар саясаты, құқық қорғау, діни ахуал бойынша да жасалған жұмыстарды ортаға салған облыс әкімі қоршаған ортаны қорғауға байланысты мәселелерден де хабардар етті. Бұл жиынның бір ерекшелігі, қатаң хаттама негізінде емес, ашық микрофон жағдайында өтті. Жиналған халық мәсе­лелерін айтып, жауап алды. Белгілі жазу­шы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері Рахымжан Отарбаев об­лыс әкімінің мәдениет саласына деген жана­шырлығына алғысын айтып, «Атырау–Астрахань» тас жолын «Бөкей жолы» деп атау жөнінде ұсынысын ортаға салды. Сондай-ақ, Мемлекеттік сыйлықтың ие­гері, ақын Есенғали Раушанов пен Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері, қалам­гер-журналист Мереке Құлкенов лебіз білдірді. Облыс әкімінің жылдық есебін екі мыңнан астам қатысушылардан бөлек, жергілікті телеарна мен әлеуметтік желілер арқылы облыс тұрғындары тыңдады. Бақытгүл БАБАШ, «Егемен Қазақстан» Атырау облысы