• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2017

Болашақпен жалғайтын көпір

95 рет
көрсетілді

Мемлекет басшысы Қа­зақстан халқына Жолдауы арқылы енді елі­міздің Үшінші жаңғыруы басталғанын әлем жұртшылығына жария етті. Бұл жаңғыру «Қазақстан-2050» Стратегиясының мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Елбасымыз осыған байланысты бес негізгі басымдықты атады. «Олар экономиканың әлемдік өсімінің орта деңгейден жоғары қарқынын қамтамасыз етуге және 30 озық елдің қатарына қарай тұрақты түрде ілгерілеуге лайықталған», деді Президент. Жолдаумен мұқият танысып шыққан адам Үшінші жаңғырудың Қазақстан халқы мен ел экономикасының дамуына ерекше серпін беретінін бірден байқайды. Мысалы, тұрақты экономикалық даму ішкі жалпы өнімнің өсуін қамтамасыз етеді. Өз кезегінде ол елімізді әлемдегі дамыған мемлекеттер тобына қосылуын жақындата түседі. Сөйтіп, экономикалық өсімнің жаңа моделін енгізу арқылы еңбек өнімділігі 2020 жылға қарай 1,3 есеге артады. Елбасымыз жаңа еуразиялық логис­ти­калық инфрақұрылымды дамыту маңызды басымдықтардың бірі екеніне де тоқталды. Әлемдік сауда орталықтары бойынша бірыңғай логистикалық желілер құру Қазақстан аумағы арқылы жүк тасымалын еселеп арттырады. Жа­қын жылдары оның жалпы көлемі кем деген­де 20 миллион тоннаға жетпек. Дамыған мемлекеттерде шағын және орта кәсіпкерлік ел экономикасының тірегі саналады. Болашақта біздің елі­мізде де шағын және орта бизнестің өркендейтініне сеніміміз мол. Мемлекет басшысы осы мәселеге байланысты: «Біздің стратегиялық мақсаттарымыздың бірі – елдің ішкі жалпы өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 2050 жылға қарай кем дегенде 50 па­йыз болуын қамтамасыз ету», деді. Президентіміз шағын және орта бизнесті дамытуға бастапқы кезден-ақ ерекше назар аударып келеді. Енді, міне, бұл мәселе алдыңғы кезекте қолға алынатын істердің біріне айналатын болады. Соның нақты дәлелі ретінде бұдан былай Қазақстан азаматтары бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін несие алуларына мүмкіндік жасалып отырғандығын атар едік. Мұны барша қазақстандық, оның ішінде шағын бизнеспен айналысқысы келетіндер өздеріне көрсетілген шынайы қолдау деп қабылдағаны анық. Жолдауда төртінші басымдық ретін­де адами капитал сапасын жақсарту мәселесі аталған. Ең алдымен, білім беру жүйесінің атқаратын рөлі өзгеруі тиіс. Өйткені, бүгінде алдымызға білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру міндеті қойылып отыр. Алдағы уақытта оқыту бағдарламалары оқушылардың өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға қарай бағытталмақ. Рас, ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия және жаңа экономика тілі. Бұдан біздер де шет қала алмаймыз. Оның үстіне, бүгінде ақпараттардың 90 пайызы ағылшын тілінде жарияланады екен. Жалпы, Үшінші жаңғыруды елі­міз­ді қазіргіден де биік белестерді ба­ғындыруға бастайтын жол деп қабыл­даға­нымыз жөн. Ал оған жету, оны б­ағын­дыру барлығымыздан жұдырықтай жұ­мылып еңбек етуді қажет етеді. Кәрібай ҚОЖАҒҰЛ, Ұйғыр аудандық мәслихатының депутаты Алматы облысы