Қазақстан Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясы, сондай-ақ, Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы елімізде отбасылық және гендерлік саясатты іске асыруда жаңа әдістерді қалыптастыру мәселесі бойынша халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өткізді.
Жиынды Ұлттық комиссия төрайымының орынбасары Елена Тарасенко ашып, мәселенің маңыздылығына баса назар аударды. «Өткен жылдың 6 желтоқсанында Мемлекет басшысының Жарлығымен елімізде 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы бекіді. Қазіргі таңда аталған Тұжырымдаманы жүзеге асыру үшін 2017-2019 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары бойынша ауқымды жұмыстар атқарылып келеді», – деді комиссия төрайымының орынбасары. Сондай-ақ, ол Тұжырымдамадағы мәселелер «Қазақстан-2050» Стратегиясында, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көзделген мақсат-міндеттермен қатар жүретінін айта келе, онда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының, БҰҰ Әйелдерге қатысты барлық кемсітушілікті жою комитетінің ұсынымдары ескерілгеніне тоқталды.
Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы Тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтангерел БҰҰ Даму бағдарламасы Астана экономикалық форумы аясында көп жылдан бері Қазақстан Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясымен әріптестік орнатып келетінін, оның ішінде мемлекеттік қызмет жүйесін халықаралық стандартқа сай ету мәселесіне мән берілетінін жеткізді. «Шын мәнінде де, бұл Тұжырымдаманың рөлі зор. Оның тәжірибе жүзінде іске асырылуы үшін жаңа инновациялық әдіс-тәсілдерді ойластырып, сол арқылы адам капиталының дамуына, мемлекет тұрақтылығын қамтамасыз етуге, отбасы құндылықтарының сақталуына және отбасының әлеуметтік жағынан қорғалуына айтарлықтай деңгейде әсер етуге болады. Егер гендерлік саясат дұрыс жүргізілмесе, онда мемлекеттің де алға қарай ілгерілей қоюы неғайбыл. Демек, нәзік жандылар қоғамдағы әрбір салаға белсене араласып, өз үлестерін қосуларына болады. БҰҰ Даму бағдарламасының осы мәселеге қатысты алға қойған міндеттерінің негізгі өзегі міне, осындай ой-тұжырымға саяды», – деді М.Алтангерел.
Қазақстан Республикасы жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының вице-ректоры Айгүл Көшербаева академияның ғалымдары 2013 жылдан бері гендерлік саясатты жүзеге асыру бойынша белсенді түрде жұмыс атқарып келе жатқанын тілге тиек етті. «Біз түрлі сипаттағы тренингтер мен семинарларды ұйымдастырып жүрміз, олардың дені гендерлік саясатты түсіну мәдениетін арттыруға бағытталған. Ал бұл – өте маңызды мәселе», – деді А.Көшербаева.
Конференцияға қатысушылар, сондай-ақ, «Тұжырымдаманы жаңғырту және экономикалық өсудің жаңа моделін құру философиясы», «Адам әлеуетін дамытудағы отбасының рөлі», «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алудағы және онымен күресудегі инновациялық тәсіл: гендерлік өлшем», «Ұлттық отбасылық және гендерлік саясат – адам капиталын дамытудағы заманауи үрдіс» сынды тақырыптар бойынша сөз сөйледі.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»