• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2017

Үлкен арманға жетелейтін кішкентай үміт

380 рет
көрсетілді

Сахнаға күлімдеп шыққан үш жасар Валерий тақпағының екі-үш жолын айтқан соң күрт тоқтады да, «Менің жазылып кеткім келеді!» деп кішкентай саусақтарының ұшымен көзін сүртіп, жылап жіберді. Бүлдіршін осы сөздері арқылы бүкіл әлемнен көмек сұрап, мұңын шағып тұрғандай еді. Бұл жан тебірентерлік көріністен көзіне жас алмаған адам болмаған шығар залда, сірә... Халықаралық ракпен ауыратын балалардың ата-аналары конфедерациясының (ICCCPO) бастамасымен жыл сайын ақпан айының ортасында әлемнің 40-тан астам елінде Халықаралық ракпен ауыратын балалар күні аталып өтеді. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының балалар бөлімі мен психологиялық-әлеуметтік көмек бөлімі қатерлі ісік дертіне шалдығып, ем алып жатқан балалардың көңілін көтеру мақсатында «Менің қолымнан ұсташы!» атты арнайы іс-шара өткізді. «Ауыр науқасқа шалдыққан бала мен оның отбасы өз қайғы­ларымен бетпе-бет қалмауы тиіс. Біз – дәрігерлер, психологтар, әлеуметтік қызметкерлер, мұғалімдер ауруханадағы әрбір баланың, олардың ата-анасы мен туыстарының қолдау мен қамқорлықты сезіне алуы үшін қолымыздан келгенді аянып қалмауға тиіспіз. Оларға жан жылуымызбен, махаббатымызбен сүйеу болып, баланың дерттен айығып кетуіне, өмір сүруге деген талпынысын арттыруға ұмтылудамыз», деді жиында сөз алған психологиялық-әлеу­меттік көмек бөлімінің же­тек­ш­і­сі Ильмира Хусаинова. Статистикаға сүйенсек, еліміз бойынша әр түрлі ісік ауруларына шалдығып, есепке тіркелген 14 жасқа дейінгі балалар саны 2015 жылы 1631 болса, 2016 жылы 1591 болған. Олардың ішінде 427 баланың диагнозы алғаш рет 2015 жылы анықталса, 346 баланың ракпен ауыратыны өткен жылы белгілі болыпты. Дәрігерлердің айтуынша, балалар арасында, әсіресе, қан түзу мүшелері рагы алдыңғы орынға шығып отыр. 2016 жылы 143 бала (2015 ж. – 1631) осы дертке шалдықса, 70 балаға (2015 ж. – 77) ми ісігі диагнозы қойылған. Сонымен қатар, өткен жылы 28 ба­ла бүйрек рагына (2015 ж. – 23), 18 бала (2015 ж. – 24) дә­некер және жұмсақ тіндер рагына, 14 бала (2015 ж. – 18) сүйек және буын шеміршегі рагына шалдыққан. Ал 14 жасқа дейінгі балалар арасында қатерлі ісік салдарынан 2015 жылы 135 бала, 2016 жылы 148 бала көз жұмған. Дегенмен, аты жаман ауру­ме­н кү­рестегі дәрігер­лердің ерен еңбегі мен ата-аналарының қажырлы қайратының арқа­сында дертінен айығып, құлан-таза сауығып кеткен балалар да баршылық. 12 жасар Миша Нижниковтің әжесінің айтуынша, немересі мектепке барар шағында рак ауруына шалдығыпты. «Мұрны жиі қанай берген соң гайморит шығар деп дәрігерге апарғанбыз. Сөйтсек, мұрын қуысы рагы екен... Қаншама ауыр операциялар мен хи­миялық ем-домнан өттік. Бә­рінің артта қалғанына шүкір. Баламның күліп, аман-есен жүргенінен артық бақыт жоқ. Оны емдеген дәрігерлерге мың алғысымды білдіремін», – деген Лариса Михайловна тиісті әрі қажетті, ең бастысы, уақ­тылы ем-дом алудың арқасында қауіп­ті дерттен айығудың мүм­кін екен­дігін айтады. Халықаралық ракпен ауы­ра­­ты­н балалар күніне орай ұй­ым­­дастырылған арнайы ша­ра­­да танымал әншілер ғана емес, науқас балалардың өздері де өнерлерін ортаға салып, ән айтып, би билеп, тақпақ айт­ты. Әншілік дарынымен ай­рық­ша көзге түскен Сламбек Қабратұлы, Аружан Тоқан, Альбина Жүнісқалиева сияқты талантты балалар жиналған қауымның ыстық ықыласына бөленді. Мерекелік шара барысында «Үміт ету! Сену! Өмір сүру!» атты фотокөрме, сондай-ақ, балалардың қолөнер туындылары көрмесі өтті. Шараны ұйымдастырушылар тарапынан балаларға түрлі сыйлықтар табыс етілді. Мира БАЙБЕК, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ