• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2017

Қазақ тілін қаншалықты білесіз?

570 рет
көрсетілді

Орал қаласында 330 адам «Қазтест» сынағынан өтті. Дәл осы күндері Батыс Қазақстан облысының Теректі, Бөрілі және Шыңғырлау аудандарында тағы 2000 адам мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау жүйесіне сай арнайы тест тапсырып жатыр. – 2020 жылы Қазақстан Республикасы азаматтарының 90%-ы «Қазтест» тапсырып, мемлекеттік тілді меңгергенін көрсетуі керек, – дейді Батыс Қазақстан облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Махамбет Ихсанғали. Бұл – мәжбүрлі шара емес, әзірге ерікті іс. Мемлекеттік тілді меңгеру дәрежесі 5 топқа бөлінген. Тестіні алғаш тапсырушы әуелі диагностикалық сынақтан өтіп, өзінің тіл меңгеру деңгейін анықтайды. Кейін тесті қайта тапсырып, өз деңгейіне сәйкес сертификат ала алады. Бола­шақта «Қазтест» сертификатынсыз қызметке алынбайтын лауа­зымдар тізімі Үкіметте әзірленіп жатыр екен. – Сынақты Қазақстан Республикасы Білім жә­не ғылым министрлігі Тестілеу орталығының мамандары алады. Біз ұйымдастыру мәселелері жағынан көмекшіміз. Жыл соңына дейін облыста 10 мың адам «Қазтест» сынағынан өтуі жос­пар­ланған, – дейді Махамбет Ихсан­ғали. – «Қазақстан-Орал» телеарнасының 70 қызметкері «Қазтест» сынағын тапсырдық. Сынақ нәтижесі 1 айдың ішінде дайын болады екен. Сұрақтар өзіме қиын болған жоқ. Аудиосауалдар да бар. Екі жарым сағат ішінде 150 сұрақтың дұрыс жауабын белгілеп шықтық, – дейді редактор Лұқпан Елеу. Тіл сынағын тапсырғандардың арасында Батыс Қазақстан облысы бойынша «Халыққа қызмет көрсету ор­та­лығы» департаментінің де 70 маманы бар. Орталықтың құжаттамалық және құқықтық қамтамасыз ету бөлі­мінің қызметкері Жансұлу Мұса­құлова өткен жылдың соңында 216 маман осындай тест тапсырғанын, алдағы маусым айында олар диагностикалық сынақта көрсеткен дең­гейін қайта қорғап, серти­фикат алатынын жет­кізді. Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан» ОРАЛ