Шағын футбол шеберлері арасында өткен Еременко кубогы сынында Алматының «Қайраты» өзінің тарихында үшінші рет чемпион атанды. Новосібірдің «Сибиряк» командасымен өткен финалдық кездесуде біздің футболшылар 4:3 есебімен жеңіске жетті.
Ойын барысында есепті алматылықтар ашты. Команданы Дуглас алға шығарған болатын. Арада бір минут өткенде осы шабуылшы өзінің мергендігін дәлелдеп, тағы бір гол соқты.
Қарсыластар да қарап тұрмады. Кездесудің 19-минутында Жоан гол соғып, есеп айырмашылығын қысқартты. Ал ойынның 27-минутында Сими Сайотти алты метрлік айып добын дәл орындап, есепті теңестірді.
Бұдан кейін күш алған ресейлік команда тағы бір гол соғып, алға шықты. Голды 39-минутта Максим Волынюк соққан болатын.
Дегенмен, «Қайрат» есін тез жиды. Матчтың 43-минутында Диваней таразы басын теңестірді. Ал жерлестерімізді жеңіске жеткізген гол Михаил Паршиннің еншісіне бұйырды.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»