• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
27 Ақпан, 2017

Оқушыға қандай телефон тиімді?

168 рет
көрсетілді

Қазір әлеуметтік желінің жас ұрпақ үшін әлегі аз болмай тұр. Жұртты дүрбелеңге салған, «атың өшкір» дейтін сұмдықтар алдан аз шығып жатқан жоқ. Сондықтан оның жолын кесу жұмыстары қолға алынуда. Жақында немерем оқи­тын мектепте ата-аналар жи­налысы­на қатысқаным бар. Онда ұр­пақ тағдырына қа­тысты әңгіме қоз­ғалды. Құқық қорғау саласының қыз­меткерлері кәмелетке жасы толмаған балалардың ара­сын­дағы қылмыс жайына талдау жасап, иесіз кеткен кейбір интер­неттердің «кеселін» теріп айтып, одан сақтану жолдарын ұсынды. Үлгі емес, үрей тудыратын оқиғаларды да тізбеледі. Әсіресе, баршылықты көр­сететін оқушы қолында жүрген қымбат телефондардың хикаялары да назардан тыс қалмады. Кей тұста оқу бәсекесі мен еңбек бәсекесінің орнын басып бара жатқан қымбат киім мен екінің бірі қол жеткізе қоймайтын ұялы телефонның жайы сөз болып, дәстүрлі оқушы қалыбын сақтауға ата-аналар бірауыздан келісті. Өйткені, ұлт ұрпағы бұзылса, ұлт келешегі күңгірт екенін тілге тиек етіп жатты. Иә, заман көшінен қал­мау керек. Бірақ бұл білім алу тәрбие жағынан болып жатса қолдау қажет. Ал көрсеқызарлыққа көміліп, көзге түскеннен көзақы аламыз десек, ұтыларымыз хақ десті жиналған көпшілік. Жақсы білімді, тәлімді тәр­биені оқушы қымбат телефон ұс­тамай-ақ ала алатынын бұл арада дәлелдеп жату артық деп білеміз. Мектеп емес, мем­лекеттік қызмет­керлердің өзі ондай телефондарын қызмет бөлмесіне апармайтынын дәйек­­теген азаматтардың сөзі сана­лыға сәуле түсірді. Сөз түйініне келгенде, ата-ана – оқушы – мұғалім бірлігін бекіту, оқушының мектепке келгенінен, кеткенінен, үйге жеткенінен, қайда жүргенінен хабардар ететін қарапайым телефон ұстаса жетіп жатыр деген байламға көпшілік қолдау көрсетті. Қажетті ақпаратты қарау үйде ата-аналардың көмегімен жүзеге асқаны жөн десті. Бұл бастаманы өзгелер де қолдар деген ниеттерін барлық ата-аналар талқысына ұсынды. Сүлеймен МӘМЕТ, «Егемен Қазақстан»