Қойшының жалақысы қанша?
Ауылдағы ағайынмен хабарлассақ, «қой бағатын адам тапшы» дейді. Табылған күннің өзінде атына мініп, айранын ұрттап, алдындағы бес-алты үйдің малын ауылдың сыртын бір-екі айналдырып келгені үшін кісінің құнын сұрайды. Қазіргі қойшының бір күндік табысы – 3 мың теңге. Айлығы – мұғалімдікінен жоғары. Жалақысы құрысын, жалындырғаны өтіп кетпей ме? Ақы иесі ол қойшығы қой бағудың экзотикасын тегін сыйлап, таза ауада демалып қайтқаны үшін ақша төлеп жүргенін білмейді емес, біледі. Сосын кейін, қойы құрысын дейтін шығар. Расымен де, сиырды ауылдан бір-екі қыр асырып тастап, кешке айдап әкелесің. Ал, қойдың соңында жүрмесең, қораңа келуі екіталай. Екіншіден, қазір қойдың етін өткізу қиын шаруа. Қаланың қазағы мәтелдің мәйегін түсінетіндей «қойдың еті қорғасын» деп, асқазанда ұзақ қорытылатынынан қашатын көрінеді. Қой шаруашылығын бұлай қожыратпай, ауылдағы азаматтар «Алтын асық» қой шаруашылығын несиелеу бағдарламасымен жұмыс істесе болар еді. Мәселен, былтыр Қарағанды облысы бойынша мемлекет тарапынан «казАгро» институты арқылы 7 196 бас қой алуға несие берілген. Биыл 2000 басқа қаражат қарастырылып отыр. Бұл бағдаларма арқылы кез келген адамның төмендетілген пайызбен несие алып, қойын өргізіп, итін үргізіп отыруына болады. Сонымен бірге, қойды үйде сойып, пышақпен іремей, мал соятын арнайы пукттерде жайғаса, терісін жоғары бағаға өткізуге болады емес пе?Арқаның қойына арабтардың аңсары қалай ауды?
Қарағанды облысында 3 мың бастан астам қой арнайы рейспен Біріккен Араб Әмірліктеріне жол тартты. Алыс шет елге асыл тұқымды «Еділбай» қойын үш ұшаққа тиеп жөнелткен өзіміздің жаңаарқалық Жамбыл Жүндібаев есімді кәсіпкер азамат. «Етті, сарыарқалық қылшық жүнді ақ түсті» қойларын «Myco Trading FZE» ірі ет өндіру және ауылшаруашылық өнімі үшін сұраныс талабына сай жөнелткен. Шетелдіктер біздің қойлардың еті мен сүтіне экологиялық таза өнім ретінде сұраныс түсірген. Әлекеңнің жоғарыдағы қазақ қойына осыдан бір ғасыр бұрын берген бағасына сонда көзіміз жетті. Содан «Жеңіс» асыл тұқымды мал шаруашылығы зауыты» ЖШС директоры Жамбыл Жүндібаев мырзаға хабарластық. Шаруашылық иесінің айтуына қарағанда, келісімшарт бойынша, біз оларға тірі қойларды жібереміз, ал олар өз технологиялары бойынша сояды екен. Олар біздің қойды экологиялық таза өнім ретінде бағалайды. Шама келгенше «Еділбай» тұқымының ақ қойын экспорттаған жөн. Шетелдіктер меринос, қаракөл емес, қазақтың құйрықты, қылшық жүнді, етті, сүтті қойына қызығушылық танытуда. Ақ қой неғұрлым радиация өткізбейді және аталмыш шаруашылықтың қойы далада еркін жайылған, ешбір екпе, қоспасыз семіреді. Бүгінгі таңда біз айтып отырған «Жеңіс» шаруа қожалығы Иордания, Катар, БАӘ сынды бес бірдей мемлекетпен келісімшартқа отырып жатқан көрінеді. Сәйкесінше, мұншалықты үлкен жоба бір адамның, я болмаса бір шаруашылықтың қолынан келмейді. Мәселен, былтыр экспортталған үш мың қойдың мың шақтысы Нұра ауданындағы Қанат Отарбаев басқаратын «Отқанжар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінікі екен. Бұл шаруашылықтардың биылғы жоспары бойынша, Жаңаарқа, Нұра аудандарына қарайтын жеке-жеке шаруашылықтарды кооперативке біріктіріп, 40 мың қойды шет елге экспорттамақ. Осы ретте, сыртқа шығарылатын өнімді бір орталықтан қадағалайтын зертхана керектігін айтады. Бұл мәселе Үкімет тарапынан қолдау таппаған жағдайда, жекелеген ірілі-ұсақты шаруашылықтар не ауру, не сапасы төмен өнім экспорттап «бір құмалақ бір қарын майды шірітуі» мүмкін. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жасалған Бес институттық реформаны жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында экспорт тауарларын арттырып, әлемдік нарыққа шығару Қазақстанның алдында тұрған өзекті тапсырмалардың бірі. Бұл тапсырманы Қарағанды қарқынды орындап келе жатқан сыңайлы.Кәуапты жегендер сауапты білмей ме?
Жалпы, қой бағу қазақтың ата кәсібі деп күнде айтып жатырмыз. Десек те, сол шаруашылықтың соңы қалай болар екен дейміз. Басында да айттық, бәрін ысырып қойғанда, «қойшы», «шопан», «сақман» деген сөзді ескі әдебиеттерден ғана еститін болдық. Ықылым заманнан бері қазақпен қатар жасасып келе жатқан ата кәсібімізді ауылмен қоса ұмытып кету қаупіміз бар. Қой шаруашылығымен қоса қазақтың тілі мен ділі, иммунитеті қоса өліп қалмаса игі. Бұрын «Мал өсірсең қой өсір, өнімі оның көл-көсір» деуші едік. Қазір шығыны шаш-етектен дейтін болыпты. «Қорада тұрған бір қой бір аттың шөбін жеп қояды екен», «жүнін далаға лақтырамыз, терісін ит жұлмалайды», «қойшының бір кезегі – үш мың теңге» дегендерді естіп, қой өз құнын өзі ақтамайды екен деп қаласыз. Әлихан Бөкейханның 1904 жылы жарық көрген «Дала өлкесіндегі қой шаруашылығы» деген монографиясын оқыған адам қыста қолға қараған бір қой, атап айтқанда, Қарқаралы уезінің Кент болысындағы бір саулық – 7 фунт (2,8 келі) шөп жейтінін біледі. Жүз жыл бұрынғы қой бүгінде аттың жеген шөбін жейтіндей айдаһар бола қойған жоқ шығар. Жас кәсіпкерлердің жалындаған жігерін осындай дәлелсіз әңгімелер басып тастамасына кім кепіл? Мәселе, өсіріп отырған тұқымды асылдандырып, етін экспорттап, сүтін емдік шараға қолдануды білмейміз. Рас, Арқа төсінің қысы қатты, қары қалың, селеуі – найза. Шаруалардан сұрағанымызда, қылшық жүнді, суыққа төзімді, терісі қалың қой болмаса биязы жүнді қойды қыста аяз сорып, жазда селеу буып тастайды. Уақытында қырқып, көк дәрісін құйып, креолиніне тоғытып, қадағалап, құрттап отырса, «жатып қалған бір тоқты, жайылып» мың қой болмай ма? Қой жарықтықтың Құранда айтылған қасиетін бұл жерде жазбай-ақ қойдық. Сауабын емес – кәуабын ғана білетін ұрпақпыз-ау... Қойдың жүні қор болған заман. Оны іс қылатын бірлі-жарым адам болмаса, жүннен байпақ тоқып, сырмақ сыратын әжелеріміз бен аналарымыз қалмапты. Оның үстіне, заман талабына сай жүн өңдейтін фабрикалар жоқ. Тоқсаныншы жылдарға дейін Қарағанды маңындағы Сұрыптау кентінен пима басатын фабрика жұмыс істеп тұрды деп естиміз. Бұл жайлы Ақтоғай өңірінің тумасы, қарағандылық зейнеткер, қолөнер шебері Қамаш Төлеубаева анамызбен сұхбаттас болғанда егжей-тегжейлі білдік. Ол кісінің айтуынша, ісмер әйелдер қазір жоққа тән. Оған Үкімет те көңіл бөліп отырған жоқ. Әйтпесе, жүнді табыс көзі қылуға әбден болады. Мысалы, Қамаш анамыз 2013 жылы Қазақстанның атынан Непалда өткен «Шебер-2013» атты халықаралық байқауына қатысыпты. Көрмеге апарған бұйымы – сырмақ. Оны дайындауға өңделген таза жүнді Жамбыл облысындағы жүн өңдеу фабрикасынан алған. Сондай фабрикаларды Қарағандыда салатын мүмкіндік туса, Қамаш Төлеубаева бастаған облыс орталығындағы «Шебер» қолөнер ұйымындағы қаншама өнерлі жандар қой жүнінен түрлі-түрлі үй-жайға қажетті жабдықтардан бастап, киім-кешек, төсеніш-жамылғының бәрін дайындауға бейіл. Сондай-ақ, Қамаш апа ЭКСПО көрмесіне бірнеше бұйым дайындап жатыр. Шет елдің қымбат, синтетикалық киімінен гөрі, табиғи, экологиялық таза, жеңіл әрі жылы қой жүнінен тоқылған киім неғұрлым тиімді әрі арзан емес пе? «Қазақстанда жасалған» деп биязы қой жүнінен тоқылған биялайдан бастап, бас киімге дейін сатсаңыз, мемлекет қолдап-ақ отыр. Кінә, өзімізде-ау...Түйін
Қойдың әр мүшесі – бұйым. Тобығын тығып, асығын атып ойнай беріңіз. Кәрі жілігін – біз, ортан жілігін – шүмек қылуға болады. Сондай-ақ, бір деректерде қазақтың көрші елмен арасында туған жер дауында қойдың құмалағы – таласып отырған жердің қазақтыкі екеніне дәлел болып, құйқалы қыраттың кімге тиесілі екені айқындалған. Ендеше, өмір бойы қой бағып келе жатқан қазақтың атының тұяғы ғана емес, қойының құмалағы шашылған жердің бәрі қазақтыкі болуы керек... Мирас АСАН, «Егемен Қазақстан» Қарағанды облысы