Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты халыққа Жолдауы туралы ой-пікірлерін білу мақсатында Мәжілістегі
«Ақ жол» демократиялық партиясы фракциясының мүшесі, Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің хатшысы Меруерт ҚАЗБЕКОВАҒА жолыққан едік.
– Меруерт Айтқажықызы, сізге Жолдаудың қай бағыттары ерекше әсер етті?
– Бизнес-ортадан келгендіктен, маған, әрине, ондағы басымдықтар ерекше әсер етті. Соның ішінде экономиканы технологиялық жағынан жаңғырту басымдығы меніңше ең басты мәселе болып табылады. Цифрлы технологияны қолдану арқылы жаңа индустрия қалыптастыру да нағыз бүгінгі күннің талабына сай келетін міндет. Оны іске асыру мақсатымен Президент Үкіметке «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын әзірлеу жөнінде тапсырма берді. Меніңше, жаңа индустрияны қалыптастыру жолында оның маңызы өте зор болмақ. Президент оны «Экономиканы жаппай цифрлық жүйеге көшіру тұтас саланың жойылуына және мүлде жаңа саланың пайда болуына алып келеді», деп бағалады.
Әрине, «Цифрлы Қазақстанды» іске асыру жедел жүргізілмейді. Өйткені, ол үшін еліміздің барлық өңірі, ең алыс елді мекендердің өзі сапалы интернетпен қамтамасыз етілуі керек. Ал бізде бұл мәселе әлі толық шешілген жоқ. Жуырда болған жалпы отырыстардың бірінде Мәжіліс Төрағасы Нұрлан Нығматулин бұл мәселенің нақты қашан шешілетінін сұраған еді, осы іске жауапты Үкімет мүшелері күмілжіп қалды. Сондықтан, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын бүгінгі күні игеріп кетеміз деп айта алмас едім. Алдымен Үкімет осы мақсатты игере алатын мүмкіншіліктерді тудырып алуы керек деп ойлаймын.
– Жалпы, экономиканы жаңғыртуда дәстүрлі салаларды жетілдіру мәселесі де айтылды. Бұл бағытта қандай шаруалардың атқарылғаны дұрыс деп санайсыз?
– Әрине, біздің өзімізде қалыптасқан базалық салалардың дамуына айрықша қарқын беруіміз керек. Жалпы, экономиканың жаңғыруына оларды жетілдіре түспесек, қол жеткізе алмаймыз. Осыған орай Елбасы өзінің Жолдауында еңбек өнімділігін арттыруға айрықша тоқталды. Оған қол жеткізу үшін жаппай автоматтандыру мен осы заманғы технологияларды өндіріске енгізу қажет болатыны белгілі. Бұл мәселеге байланысты Президент Үкіметтің алдына, бизнес-қоғамдастықпен бірлесе отырып, 2025 жылға дейін өндірісті жаппай жаңа технологиялармен жарақтандыру бойынша кешенді шаралар әзірлеу міндетін қойды. Бұл – барлық негізгі өндіріс саласын технологиялық тұрғыдан қайта жарақтандыру деген сөз.
Жаңа технологияларды енгізумен қатар, индустрияландыру бағдарламасының шеңберінде жаңа жобаларға да ерекше көзқарас қалыптастыру қажет. Өйткені, жаңа көзқарас болмаса, жаңғырту бағдарламасының тиімді жүргізілуі қиын. Елбасының өзі осы істі қатты сынағанын бәріміз білеміз. Нұрсұлтан Әбішұлы кәсіпорындарға орасан зор қаржы құйылатынын, ал нәтижесінде оның өнімдері сұранысқа ие бола алмайтынын айтқан еді. Бұл – өте дұрыс айтылған сын, еліміздің Үкіметі жаңа жобаларға орасан зор қаржы құйғанда оның өнімінің кейін қаншалықты қажет болатынына, экономикалық жағынан қаншалықты тиімді болатынына зер салуы тиіс. Алдын ала мұқият зерттеп, саралап алу қажет. Моральдық тұрғыдан ескірген жабдықтарды сатып алуды тоқтату керек. Себебі, олардың өнімдері ертеңгі күні бәсекелестікке қабілетсіз болып шығады.
Мысалы, Қызылордадағы шыны зауытын алуға болады. Орасан зор қаржы құйылған осы зауыттың өнімдері бәсекелестікке әлден қабілетсіз екендігі байқалып отыр.
– Елбасының қазақстандық өнімдердің экспорттық әлеуетін арттыру мәселесі туралы айтқандарына қатысты не дер едіңіз?
– Иә, Президент экспортқа шығатын өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға айрықша назар аударды. Осы қатарда Үкіметке 2025 жылға дейін шикізаттық емес экспортты 2 есе арттыру туралы тапсырма берді. Бұл мәселені шешу үшін біздегі барлық өндірістік бағдарламаларды, құрал-саймандарды бір мақсатқа бағыттап және оны басқаруды бір ведомствоға шоғырландырып, елде «Экспорттық саясат жөніндегі кеңес» ұйымдастыруды тапсырды. Бұл кеңес құрылғаннан кейін біртекті экспорттық стратегия әзірлемек.
Осы Жолдаудан алған тағы бір оң әсерім, Елбасы бізге бұрыннан белгілі дүниелерді жаңа көргендей алақайламай, қарапайым тілмен айтқанда, «велосипедті қайта ойлап шығармай, барлық халықтарға қажетті тауарлар мен қызметтердің сұранысы арасынан өзіміз игере алатын дүниені қамтып, соны барынша жетілдіріп шығаруды тапсырды. Сондықтан, Үкіметтің шын мәніндегі серпінді жобаларды ғана қолдауын талап етті. Сөйтіп, Үкімет енді тек серпінді жобаларды, ертеңгі күні сапалы өнімдері сұранысқа ие болып, өтетін жобаларды ғана қолдауға міндетті болып отыр. Осы міндетті орындай отырып, еліміздің экономикасы халықаралық жүйенің қатарына енуі керек.
– Елбасы шағын және орта бизнесті дамыту туралы міндет жүктеді. Осы үдеден шыға аламыз ба?
– Шағын және орта кәсіпкерлікке жататын өндіріс орындары да халықаралық жүйеге қосылып, өзінің орнын табуы міндет. Соның ішінде бұл жүйеге енудің жолы, Елбасы атап көрсеткендей, халықаралық франчайзинг құралдарын пайдалану. Бұл әдісте алдыңғы қатарлы халықаралық компаниялар өздерінің технологияларын, өндіріс үдерістерін біздің кәсіпкерлерге әріптестік тәртібімен беріп, өнімдерін жаһандық жүйеге енгізеді. Мысал ретінде «Макдональд» және т.б. өнімдерді атауға болады. Халықаралық зерттеулерге қарағанда, стартаптардың («старт алғандар») 70 пайызы алғашқы жылы банкротқа ұшыраса, франчайзингпен жұмыс істейтіндердің тек 30 пайызы ғана банкрот болады екен. Бұл үшін мемлекеттен қомақты қаржы бөлініп, тек осындай жобалар ғана қолдау көруі керек. Қанша қымбатқа түссе де халықаралық жүйеге қосылу үшін осы амалға барған абзал. Ал шағын және орта бизнес мемлекеттің қолдауынсыз бұл істі өзі атқара алмайды. Елбасы 2050 жылға қарай ІЖӨ-дегі шағын және орта бизнестің үлесі кем дегенде 50 пайызға жетуі керек деген міндет қойды. Бұл – өте жауапты міндет. Қазір Үкімет осы міндет үдесінен шығу үшін бірнеше бағдарламаны жүзеге асыру үстінде.
Сонымен қатар, Жолдауда экономикадағы ұлттық мүддені қорғауға айрықша назар аударылды. Осыған қарап, мен бұл құжатты барынша қағидатты Жолдау деп санаймын. Жалпы, біз халықаралық ұйымдарға мүше болғанымызбен, өзіміздің ұлттық экономикалық мүдделерімізді ұмытпауымыз керек. Осы орайда шетелдік инвесторларға талғаммен қарау қажет. Егер бұрын біз кез келген инвесторға қуанатын болсақ, қазір олардың арасынан жаңа технология әкелетіндерін, адамдарымызды жаңа кәсіптерге үйрететіндерін және оларға жұмыс беретіндерін ғана таңдап енгізіп, соларға ғана қолдау көрсеткеніміз жөн.
Әрине, біз инвесторды елімізге енгізіп, біздің ресурстарымызды қолдану арқылы олардың табыс табуына мүмкіндік бергеннен кейін ұлттық мүддеміздің де ескерілуін талап етуіміз өте орынды. Қазір осыны естен мүлдем шығармайтын уақыт жетті.
– Шикізаттық емес секторда шет ел инвесторларының араласуымен қай саланы көтеруге назар аударылмақ?
– Ауыл шаруашылығының өңдеу саласына ерекше назар аударылатын болады. Бізді 1,4 млрд-тық Қытай мен 145 млн-дық Ресей сияқты екі алып рынок қоршап тұр. Ауыл шаруашылығы өнімдерін осы елдерге шығару үшін олардың сапасын еселеп арттырып, экономикалық тұрғыдан таза, бағасын бәсекелестікке қабілетті ете алуымыз керек. Сонда біздің тауарларымызға «жасыл шам» жанады. Ауыл шаруашылығында барлық күш-жігерімізді осы мақсатқа жұмсауымыз керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Жақсыбай САМРАТ,
«Егемен Қазақстан»