• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
28 Ақпан, 2017

Келіссөздердің жаңа кезеңі

190 рет
көрсетілді

Женевадағы Сирия келіссөздері бір жылдық үзілістен кейін қайта жанданды. 23 ақпанда басталған шарада Сирияда жаңа үкімет құру, жаңа конституция жобаларын дайындау мен елде сайлау өткізу мәселесі қаралуда. 4 наурызға дейін жалғасады деп жоспарланған келіссөздер бұрын­ғы келіссөздерге қарағанда ауыр өтіп жатқанын айтады қатысушы­лар. Бұрынғы кездесуде өзара мәмі­леге келу мәселесі талқыланса, соң­ғы рет Астанада өткен қос кездесу­ден кейін жергілікті ресми билік пен оппозиция өкілдері татуласу­ға ниетті екенін аңғарта баста­ды. Жалғыз шарт – Астана процесінде қол жеткізілген келісімдердің бұзылмауы. Ресей Сирия пробле­масының біртіндеп шешіліп келе жатқанын көлденең тартады және жалпы осы бағыттағы жұмыстарға жоға­ры баға беріп отыр. Орталық Азия ел­деріне сапары аясында Алматыға кел­ген Ресей Федерациясының Прези­денті Владимир Путин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесуінде Астананың Сирия дағ­дарысын реттеуде айтарлықтай қызмет атқарғанын атап көрсетті. БҰҰ-ның Сирия жөніндегі арнайы елшісі Стаффан де Мис­тура да Женевадағы келіссөздердің ашылуы барысында Астана про­цесін және Сириядағы бітімді нығай­туға қолғабыс еткен Ресей, Иран, Қазақстан және Түркияның күш-жігерін жоғары бағалады. «Астана процесінің бастамашылары – Ресей, Түркия, Иран және Қазақстанға Сириядағы атысты тоқтатуға қосқан үлестері үшін алғыс айтуға рұқсат етіңіздер. Жағдайдың қазір күр­делі екеніне қарамастан, ілгерілеуші­лік бар», деді де Мистура. Оның айтуынша, бұл бастама саяси үде­рісті жылжыту үшін мүмкіндіктер «терезесін» ашты. «Біз бұл «терезені» пайда­лан­ғы­мыз келеді», деп атап өт­ті арнайы ел­ші. Ең басты­сы, Сирия мәселесін­де негізгі күш­тер – Ресей, Иран, Түр­кия елдерінің ортақ тіл табысуы мен Батыс­тың мәселеге түсіністікпен қарай бас­тауы аймақтағы саяси дағдарыстың дамыл­дауына мүм­кіндік бергенге ұқсай­ды. Ал оп­позициялық топтың келіс­ім­ге келу­ге деген ниеті мәселенің шешім табуы­на түрткі болуы тиіс. Сарап­шы­лар мұның себебін АҚШ-тың ай­мақтағы әскери ықпалын азайту бас­та­масынан іздейді. Президент ауыс­қаннан кейін Сириядағы Батыс ел­дері ықпалының бәсеңдеуі өңірдің өз бет­і­мен ортақ сөзге тоқтауына жол ашуда. Соңғы келіссөзге дейін атысты тоқтату үшін бір үстел басына жиналып келген өкілдердің қазіргі отырысы енді елдің біртұтастығын қамтамасыз етуге бағытталуда. Бұл да сирияаралық келіссөздердің жаңа деңгейге көтерілгенін білдіреді, дейді сарапшылар. Ал қазір өтіп жатқан келіссөздердің нақты нәтижелері туралы кейінірек белгілі болатыны түсінікті. Бауыржан МҰҚАНОВ, «Егемен Қазақстан»