• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
28 Ақпан, 2017

Сириядағы гуманитарлық ахуал талқыланды

130 рет
көрсетілді

Қазақстан делегациясы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің Сириядағы гуманитарлық ахуалға арналған кезекті отырысына қатысты. Онда БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Стивен О’Брайеннің гуманитарлық мәселеге байланысты хабарламасы тыңдалды. Стивен О’Брайен өз сөзінде сирия­лықтардың көпшілігінің, әсіресе, әйелдер, балалар мен басқа да осал топтардың мүшкіл халі, сондай-ақ елдегі дәрі-дәрмек тапшылығы туралы Қауіпсіздік Кеңесін хабардар етті. Мәжіліске қатысушылар Сирия дағдарысын бейбіт жолмен шешуден өзге амал жоқ екенін жеткіз­ді. Сондай-ақ, жиында Қауіпсіздік Кеңесі­нің мүшелері Сириядағы соғыс қимыл­дарын тоқтату ісін ілгерілетуде белсенді рөл атқарған Қазақстанның күш-жігерін атап көрсетті. Қазақстан делегациясы БҰҰ-ның Сириядағы гуманитарлық мәселелерді үйлестіру жөніндегі басқармасына қарасты гуманитарлық және медицина қызметкерлерінің қауіп-қатер­ге толы жағдайлардағы жұмысын жо­ғары бағалады. Бұған қоса, Қазақ­стан өкілдері Сирия мәселесін шешу­дің жалғыз тәсілі ретінде келіссөз­дер жал­ғастырылу қажет екенін сөз етті. Сонымен қатар, отырыста Сириядағы жанжалды бейбіт реттеу жолдарын іздестіру бойынша Астана процесі БҰҰ қамқорлығындағы Женева платформасын сапалы түрде толықтыратындығы айтылды. Қазақстан жағы жанжалдасушы тараптарды қарапайым халықты адам төзгісіз азаптаудан, қалаларды қор­шауға алу тактикасын пайдалану­дан то­лы­ғымен әрі тез бас тартуға шақыр­­ды. Сондай-ақ, қазақстандық делега­ция әлемдік қоғамдастыққа гуманит­ар­лық көмекпен аз қамтылған Сирия қа­ла­ларына қажетті жәрдемді қауіпсіз және кедергісіз жеткізу үшін БҰҰ гумани­тарлық агенттіктерімен ықпалдасу қажеттігін ескертті. Қазақстандық дипломаттар ИЛИМ (Қазақстанда тыйым салынған) тобы­ның Әл-Ракка мен Эл-Баб қала­ларын­дағы су көздері, әлеуметтік инфр­а­құ­ры­лым, көпірлер, жолдар мен ауруханаларды жоюын айыптады. Осы ретте, адам­дардың азапталуына байланысты лаң­кес­тік топтарға қарсы қатаң шаралар қа­был­­дау қажеттігіне назар аударылды. Дайындаған Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»