• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
28 Ақпан, 2017

Түрме реформасындағы оң үдеріс

205 рет
көрсетілді

Орталық Азиядағы аймақтық «Renal Reform International» өкілдігі (Халықаралық түрме реформасы) Астанада журналистерге арналған баспасөз конференциясын өткізді. «Қазақстандағы түрме реформасы: үміт пен шындық» тақырыбында ұйымдастырылған шара аясында өткен жылғы түрме реформасының жаһандық үрдістері мен еліміздегі түзеу мекемелерінің ұстау жағдайлары, сотталғандардың діни радикалдану мәселелері мен оларды қоғамға қайта бейімдеуге қатысты түйіндердің жай-күйі тарқатылды. Аймақтық «Renal Reform International» директоры Азамат Шәмбілов жетекшілік еткен жиынға мемлекеттік мекемелердің, ҮЕҰ, халықаралық ұйымдар мен дипломатиялық миссиялардың өкілдері қатысып, ашық үнқатысу алаңында пікір алмасты. Алдымен сөз алған аймақтық «RRI» директоры А.Шәмбілов Қазақстанның түрме рейтингіне қатысты көрсеткіштері туралы бірқатар деректерді көлденең тартты. Оның айтуынша, соңғы жылдары еліміздің экономикалық бәсекеге қабілеттілігі мен ішкі саяси жағдайдың тұрақтылығы және азаматтық қоғамның белсенді дамуының нәтижесінде, бұл саладағы жасалып жатқан жұмыстар әлем елдері алдында өте жоғары бағаға ие болған көрінеді. «Бұл ретте алдымен мемлекеттің қылмыстық заң­намадағы гуманистік саясатты жүйелі жүр­гізуі мен осы бағыттағы бағдарламалық жос­пар­лардың сәтті орындалуын ерекше атап өткен жөн. Әсіресе, Қазақстанда азаматтарды құ­қықтық жауапкершілікке тарту немесе бас бос­тандығынан айыруда ізгілендірілген жаза түрі мен баламалы әдістердің кеңінен қолданылуы көптеген ел үшін үлгі аларлықтай деңгейге жетуі зор жетістік ретінде қабылдануда», – деді А.Шәмбілов. Сонымен қатар, жиын барысында 2015-2016 жылдардағы азаптаулар мен олар бойынша қозғалған істер санының статистикалық деректері, Қазақстандағы түрме статистикасы мен оның талдау материалдары инфографика ретінде ұсынылып, жұртшылық назарына «Бостандық жоқ мекендер» тақырыбында арнайы фотокөрме ұйымдастырылды. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»