• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
28 Ақпан, 2017

Олимпиада комитетін мерейтойымен құттықтады

198 рет
көрсетілді

Биыл Қазақстан Ұлттық Олимпиада комитетінің құрыл­ғанына ширек ғасыр толып отыр. Аталған ұйым 1992 жылы ірге көтеріп, сол жылы Қазақстан Халықаралық Олим­пиада комитетіне мүше болып қабылданды. Ал 1994 жылы Лилле­хамерде (Норвегия) өткен қысқы Олимпиадаға Қазақстан тұңғыш рет тәуелсіз мемлекет ретінде қатысқан болатын. Таяуда ХХ ғасырдың ең жүйрік қазағы, қыс­қа қа­шық­тыққа жүгі­руден КСРО-ның бірне­ше дүркін чемпионы жә­не рекордшысы, Еуро­па чем­пио­натының жүл­дегері болған Әмин Тұя­қов Қазақстан Ұлт­тық Олим­пиада комитетін 25 жыл­­дық мерейтойымен құт­тықтады. Сексеннің сеңгіріне шыққан ардагер спортшы Қазақстан құрама командасының Рио-2016 Олим­пиада­сын­­дағы же­тістігін Ұлт­тық Олим­пиада ко­ми­теті жүр­гізген ауқым­ды жұмыс­­тардың нәтиже­сі­мен тығыз бай­ланыс­тырады. «Тимур Құлыбаевтың Ұлт­тық Олимпиада ко­митетін басқарып отыр­ғанына аз ғана мер­зім болғанымен, ол спорт саласымен бір­та­лай уа­қыттан бері біте қай­насып келеді. Тәжі­рибесі мол. Бұған дейін Қазақстан Респуб­ли­касының Бокс федерациясын бас­қа­рып тұр­ған кезінде ел боксшылары Азия ойындарында жоғары нәтиже көр­сетті. Былғары қол­ғап шеберлерінің Ал­­матыдағы әлем чемпионатын жоғары дең­гейде өткізді. Рио Олим­пиа­дасында спорт­шы­ларға қол­дау көрсетіп, жа­­рыстың басы-қасында жүрді», дейді әйгілі атлет. Әмин Тұяқов спортты дамыту ісінде Ұлттық Олимпиада комитеті рөлі­нің зор екенін айтады. Сол себепті де, ол ұй­ымға жаңадан келген жас маман­дардың ел спор­тының дамуы­на сүбелі үлес қосатынына сенімді. «Рио-де-Жанейро Олим­­пиа­дасында жеңіп ал­ған 17 медаль – тарихи жеңіс. Енді ал­дағы Олимпия ойындарында медаль санын арттыру, алтын жүлдені көбірек алу үшін жан-жақты жұмыстар жүргізіледі деп сенемін. Ол үшін спорт­шыларды қолдауды бұрынғыдан да арттыра түсу керек. Ұлттық Олим­пиада комитетінің жұмысы жеңіл емес. Сондықтан, бұл жаңа коман­даның алдында үл­кен ас­қаралы міндеттер мен биік асулар тұр», дейді ол. Сонымен қатар ардагер спортшы Қазақстанда жеңіл ат­летика спортын дамытуға байланысты өзі­нің ой-пікірімен де бөлісті. «Ұлттық Олимпиада ко­митеті жүлдесі көп жеңіл атле­тика спор­тын елімізде дамыта түссе деймін. Ольга Ры­пакова сияқ­ты әр жарыс­тан медаль алып келетін үш-төрт жеңіл атлетіміз бол­са, Олим­пиададағы жүл­­деле­ріміз­дің са­ны арта тү­сер еді. Қазір Қа­зақстанда тек Өске­менде ғана жабық манеж бар. Шым­кентте және Ал­матыда ғана стан­дартқа сай келе­тін ста­дион бар. Сондықтан басқа аймақтарда да жеңіл атлетика зал­дары мен манеждер саны көбейсе деймін», деп ой түйін­деді Ә.Тұяқов. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»