• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Ақпан, 2017

«Аманат» сыйлығы – лайықтылар үшін

157 рет
көрсетілді

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Аманат» қоғамдық сыйлығын тағайындау жөніндегі қоғам өкілдері кеңесінің алғашқы отырысы өтті. Халықаралық «G-Global» хатшылығының қолдауымен, «Адамдардың елеулі жетіс­тіктері» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен қолға алынған «Аманат» сыйлығын тағайындау ісіне арналған жиынға мемлекет және қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері және жастар қатысты. Басқосуды ашқан Ха­лық­аралық «G-Global» хат­шылығының жетекшісі Серік Нөгербеков аталған сый­лықтың мән-маңызына тоқтала келіп, осы орайдағы жұмысты әрі қарай алып жүру үшін арнайы кеңес құрылғанын жеткізді. Сондай-ақ, ол осы кеңестің төрағасы етіп елімізге танымал тұлға Мырзатай Жолдасбековті ұсынды. Жи­ынға қатысушылар оның кандидатурасын бір­ауыздан қолдады. Өз кезегінде М.Жолдас­бековтің аталған бастаманың маңыздылығын, сыйлықтың «Аманат» деп аталуының өзінде үлкен мән-мағына бар екенін сөз етті. Бұған қоса, ол бұл басталған істі соңына дейін жеткізіп, оның ел алдында беделді сыйлық болуын қамтамасыз етудің қажеттілігін айтты. М.Жолдасбековтің айтуынша, бұл сыйлық бірінші кезекте Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа тапсырылуы керек. Өйткені, кешегі бабаларымыздың аманатын орындауда Елбасының еңбегі өлшеусіз. Қоғам қайраткері Жекен Қалиұлы аталған бастаманың қолға алынуы өте дұрыс еке­ніне, бұл сыйлық нағыз лайық­тыларға ғана берілуі тиістігіне назар аударды. Жиын барысында Мәжі­ліс депутаты Б.Смағұл, «Ал­тын сапа» сыйлығының иегері, этнодизайнер Ырза Тұр­сынзада, «Адамдардың елеулі жетістіктері» қоғамдық қорының президенті Зәуре Бейісова және тағы басқалар сөз сөйлеп, «Аманат» сыйлығы және оның аталымдарына қа­тысты өз ойларын ортаға салды. Қоғамдық кеңес өкілдерінің кездесуінде мәлім болғандай, 1 наурыздан бастап «Аманат» қоғамдық сыйлығына үміт­керлердің өтініштері қабыл­дана бастайды. Марапат 7 аталым бойынша табысталады. Әр өңірдегі қоғам өкілдері сыйлыққа лайықты азаматтарды ұсына алады. Ал үздіктерді мемлекет қайраткерлері, жазу­шылар, ақындар мен ғалым­дардан құралған қазылар алқа­сы таңдайды. Сыйлықты табыс­тау салтанаты тамыз айында өтеді деп күтілуде. Айта кетейік, таяуда ғана тағайындалған «Аманат» қоғамдық сыйлығы еліміздің әлеуметтік-экономикалық әрі қоғамдық өміріне елеулі үлес қосқан және қызметі жасампаз еңбекке, игілік пен ақыл-парасатқа негізделген адамдарды көтермелеуге арналған. Оған «Адамдардың елеулі жетістіктері» қо­ғамдық қоры бастамашы болып отыр. Жолдыбай БАЗАР, «Егемен Қазақстан»