«Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы соңғы он жылдан бері ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыны оқу және насихаттау ісімен танылып жүр. Яғни, қоғамның отандық әдебиетке, оның ішінде классикаға, қазіргі әдебиет пен поэзияға деген қызығушылығын жоғарылата түсуге дәнекер болуда. Кешегі аптада Ұлттық академиялық кітапханада өткен «Бір ел – бір кітап» акциясында зиялы қауым өкілдері «Жыл кітабы-2017» таңдауы бойынша ұсыныстарды талқыға салды. Жиын барысында «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі биыл ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармаларын оқуды ұсынды.
– Биыл Алаш үкіметінің құрылғанына 100 жыл толып отыр, – дейді бұл жөнінде Дархан Қыдырәлі. – Осынау атаулы жыл ішінде жастарымыз тәлімін, тағылымын танып білсе деген ниетпен С.Торайғыровтың шығармаларын оқуды ұсынар едім. Арқалы ақынның рухты жырлары жастарды отаншылдыққа тәрбиелеп, тағылымды ғұмыры көпке өнеге болатыны анық. Сұлтанмахмұттың «Алаш туы астында, Күн сөнгенше сөнбейміз» деген философиясы бүгінде Елбасымыз айтып жүрген «Мәңгілік Ел» идеясымен үндесіп жатыр. Сондықтан ақынның шығармаларын жастарымызға үлгі ретінде көрсетуімізге болады.
Қазақстан Жазушылар одағы Астана қалалық филиалының төрағасы, ақын Несіпбек Айтұлы «С.Торайғыров әлеуметтік жырларымен танылған Абайдан кейінгі ақындардың бірі деуге әбден болады. Ұлт үшін күрескен осынау жалынды ақынның шығармаларын оқуға кеңес беремін», деп бұл ұсынысқа қолдау білдірді.
Шынында «Қараңғы қазақ көгіне, Өрмелеп шығып күн болам!» деп жырлаған рухты ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровты білмейтін қазақ кемде-кем. Отты жырларымен қазақ поэзиясының көгіне өрмелеп шыққан арқалы ақынның шығармалары қанша заман өтсе де өз маңызын жойған жоқ. Содан болар осы жиынның модераторы, ҚР ҰҒА академигі, профессор Ғарифолла Есім және қаламгерлер Тұрсын Жұртбай, Мырзагелді Кемел, Ұлттық академиялық кітапханасының басшысы Үмітхан Мұңалбаева және комиссияның басқа да мүшелері бұл ұсынысты қызу қолдап, ұлт үшін күрескен жалынды ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармаларын оқу туралы ой-пікірлерін ортаға салды.
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
АСТАНА