• RUB:
    5.14
  • USD:
    480.11
  • EUR:
    532.25
Басты сайтқа өту
28 Ақпан, 2017

Бақыт Сұлтанов құрылыс саласының басты проблемаларын атады

201 рет
көрсетілді

Үкіметтің бүгінгі отырысында ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мемлекеттік сатып алулар аясындағы құрылыс келісімшарттарын қазынашылық бақылаудың жаңа үлгісін таныстырды. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев өз кезегінде мемлекет қаржысына салынатын нысандардың сапасын барынша көтеруді көздейтін осы бір тәжірибені кеңінен енгізуді тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Министр Сұлтановтың айтуынша, бүгінде мемлекеттік сатып алулар саласында бюджет ақшасын жымқыру фактілері аз емес. Соның салдарынан мемлекеттік тапсырыс бойынша салынатын құрылыс нысандарының сапасы сын көтермейді. Құрылыс компаниялары болса, жобаға сан алуан өзгерістерді енгізіп, нысанды пайдалануға беру мерзімін кейінге шегеріп жатады. Бұдан бөлек, құрылыс саласында жалған кәсіпорындар көп. Осылайша, сапа да орындалмайды, салық та төленбейді. "Қазіргі меxанизмге сәйкес, бюджет қаражаты мердігерлердің банктердегі есеп-шоттарына аударылғанда тексеріледі. Одан кейін қаражаттың жұмсалуы бақыланбайды. Сол себепті оны қолма-қол ақшаға айналдыру жағдайлары болып жатады. Осыған байланысты мемлекеттік сатып алулар саласындағы құрылыс келісімшарттарына қазынашылық бақылау жүйесін енгізу ұсынылады. Аталған жүйе төлемдердің ашықтығын, салықтардың толыққанды төленуін, құрылыс сапасының бақылануын, бюджет қаражатының мақсатқа сай пайдалануын және сатып алуларда отандық өнімнің артуын қамтасыз етеді. Сөз жоқ, бұл жаңалық құрылыс саласына ауыр тиеді. Дегенмен, оның арқасында құрылыс нысандарының сапасын көтеріп, бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз етуге мүмкіндік бар", - дейді Сұлтанов. Оның айтуынша, жаңа жүйе аясында барлық мердігерлер мен субмердігерлердің есеп-шоттары қазынашылық органдарда ашылады. Ал арнайы супервайзерлер мен инжинирингтік компаниялар құрылыс сапасын бақылайды. Бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын Мемлекеттік кірістер комитеті де қадағалап отырады. Әзірше, аталған жүйе негізінде пилоттық жобамен Астана, Ақмола мен Қарағанды облыстарында төрт құрылыс нысанын салу жоспарланған. Осыдан кейін отандық заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, ол тәжірибені республика бойынша тарату жоспары бар. Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев аталған жоспарды міндетті түрде іске асырып, келесі жылдан бастап барлық аймақтарда енгізуді тапсырды. "Мен білемін, қазіргі пилоттық жобаны іске асыруға кедергі жасайтындар да болады, қарсылық білдіретіндер де шығады. Оған қарамай, осы жүйені ойдағыдай жүзеге асыруды тапсырамын. Бәлкім, келесі жылдан бастап барлығы соған көшетін болады", - деп атап көрсетті Премьер-министр.