• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
28 Ақпан, 2017

Былтыр елімізде экстремистік қылмыстар бойынша 143 адам жазаға тартылған

352 рет
көрсетілді

2016 жылы құқық қорғау және өзге де мемлекеттік органдардың экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы қызметі радикализм белгілерін болдырмауға бағытталды. Сонымен қатар, былтыр экстремистік және террористік қылмыстар бойынша 143 адам жазаға тартылды, деп хабарлады ҚР Бас прокуратурасының баспасөз қызметі. Бас прокуратура сайтында жарияланған мәліметтерге қарағанда, қазіргі таңда радикалды идеологиямен әуестенген тұлғаның типтік бейнесі жасалынған. «Бұл көбінесе өткен өмірі криминалды, тұрақты жұмысы және жоғары білімі жоқ жастар. Олардың діни сауаты төмен. Діни әдебиеттерді оқымаған және оқығысы да келмейді. Өздерінің дін, жақсылық және жамандық туралы көзқарастарын интернеттен алынған күмәнді материалдарға негіздейді. Терроризмді насихаттайтындарға ойланбастан сенеді. Күмәнді ақпарат арқылы радикализмге тартылудың бірінші сатысы басталады. Азғырып көндірушілер азаматтардың материалдық және әлеуметтік-тұрмыстық проблемаларын пайдалана отырып, оларға үстемдік жүргізеді. Осындай насихаттаушылардың ықпалына түскендер жаңа экстремистерді жасақтаудың қолайлы құралына айналады. Нәтижесінде олар экстремистік және террористік қылмыстарды жасау жолына көшеді», - делінген баспасөз баянында. Осы факторларды ескере отырып, былтыр Ақтөбе облысында тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық проблемаларын шешу жөніндегі жоба іске асырылған. Оған теолог, тәжірибелі имам, дәрігер, қаржыгер, психолог және жұмыспен қамту орталығының қызметкерлерін қоса алғанда 230 білікті маман тартылды. Экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың маңызды бөлігі  Интернетті пайдалана отырып қарсы насихат жүргізу. Жалпы, 2016 жылы Бас прокуратура Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне интернет-ресурстардың 33 материалына қол жетімділікті уақытша тоқтату бойынша шаралар қабылдау туралы 7 ұйғарым енгізді. Мазмұнында экстремизм мен терроризмді насихаттайтын 95 сілтеме оқшауланды.