Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф кезеңінде Астананың «Барысы» Челябінің «Тракторын» қабылдап, 1:2 есебімен есе жіберді.
«Барыс Аренада» өткен кездесуде жанкүйерлер тартысты ойынның куәсі болды. Қос команда алма кезек шабуылдар ұйымдастырғанмен, алғашқы шайба тек екінші кезеңнің ортасына таман соғылды. 32-минутта Пол Щехураның нәтижелі соққысынан кейін «Трактор» алға шықты.
Қонақтар алғаш болып есеп ашса да, басымдықты арттыру үшін барын салды. Алайда, Эдуард Занковец шәкірттері 54-минутта әупірімдеп жүріп таразы басын теңестірді. Бұл тұста Найджел Доус мергендігімен танылды. Негізгі уақытта осы есеп тіркеліп, жеңімпаз команда овертайм арқылы анықталды. Өкінішке орай, жерлестеріміз бірінші болып жіберіп алды. 66-минутта Алексей Петров дәл соққы бағыттап, командасына жеңіс сыйлады.
Қос команданың арасындағы теке-тіресте жалпы есеп 2:2 болды. Ендігі матч 2 наурыз күні «Трактордың» айдынында өтеді.