• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 01 Наурыз, 2017

Ақша кімнің қолында болуы тиіс?

677 рет
көрсетілді

Бауыржан Момышұлы бір сөзінде «Біздің жерімізде еркек – діңгек, әйел – гүл. Діңгек – жапырақсыз, гүлсіз, қазақ­ша айтқанда, «қу бас» деген сөз. Әйел – құнарлы топырақ. Онда адам­зат дәні өсіп, жетіледі. Біз сол дәннің жемісіміз», депті. Осы сөздің мағынасына терең бойласақ, ер адамның биік белестерді бағындыруына әйел адамның қолдауы да септігін тигізгенін аңғарамыз. Бұл мә­селені енді отбасылық бюджетке қатысты қарастырып көрсек. 

Жалпы, әлемдік статистикадан ажырасу себеп­терінің қатарында қаржылық қиын­дықтардың бар екенін аңғаруға болады. Яғни, жас отау құрылған кезде-ақ от­басылық бюджет мәселесі туындайды.

Психологтар отбасылық бюджетті жүргізу ерлі-зайыптылардың екеуінің де міндеті деп есептейді. Мамандардың айтуынша, оны жүргізудің үш түрі бар:

Біріншіден, отбасының ортақ табысы ер адамның қолында. Бірақ, әйелі өзінің жеке қажеттіліктеріне де ақша сұ­рауға мәжбүр болады. Психологтар бұл жағдайда ер адамдардың көпшілігі үнемшіл келеді дейді.

Екінші түрі – қаржыға байланыс­ты барлық шешімді әйел қабылдайды. Бірақ қазақы болмысымызға салсақ, бұл ер адамның намысына тиетіні белгілі. Сонымен қатар, ғылымда әйел адам аяқ астынан сауда жасауға, ойланбай ше­шім қабылдауға бейім келетіні де анықталған.

Үшінші түрі – отбасылық. Жалпы, қазіргі отбасылардың көпшілігіне осы жақындау. Себебі, қазір көп отбасыларда ерлі-зайыптылардың екеуі де қара­жат табады. Бұл жағдайда ақшаны ақылдасып жұмсаудың тиімділігі байқалады.

Негізінен, отбасылық бюд­жетті жос­парлаудың үш түрлі ережесі бар. Біріншіден, ақшаны үнемдеуге емес, көбірек табыс табуға ұмтылу. Көп жағ­дайда адамдар керісінше жолды таңдайды. Екін­шіден, балаға кішкен­тайынан ақшаны орынды жұм­сауды үйрету. Үшіншіден, отбасылық кеңес. Яғни, барлық шығындар мен кіріс­терді есептеп, бір-бірімен ақылдасып отыру.

Жалпы, отбасын асырау, отбасылы бюджетті жүргізу ер адамның міндеті деген де пікір бар. Дегенмен, нә­зік жандылар мансапқа қанша ұмтылғанымен, табиғатынан әйел адам – үйдің ырысы. Отбасылық бюджетті жоспарлауда әр отба­сы­­ның өзіндік стилі мен тәсілдері болатыны анық. Бірақ отба­сылық қазынаның молаюына әйел­дің жігері де жеткілікті деуге толық негіз бар. Мы­салы, ғалымдар әйелінің күйеуіне көңілі толып, үнемі ерін ойлайтын болса, ол үйдің азаматы табысқа кенелетінін айтады. Ал керісінше, күйеуін кінәлап, оған ренжігенде әйел өзі қаламаса да ерінің жолын жабады екен.

«Ер адамның энергиясы отбасын қорғауға жауап берсе, әйел – гүлденудің, өркендеудің энер­гия­сы», дейді ғалымдар. Төле би «Әйелің жақсы болса, бірінші – иманың, екінші – жиғаның, үшінші – ырысыңның тұрағы» дегені осы болса керек.

Гүлнұр ҚУАНЫШБЕКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»