• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
01 Наурыз, 2017

Жолақы төлеудің тиімді үлгісі елордада да жүзеге аса бастады

530 рет
көрсетілді

Елбасы биылғы Жолдауында Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасын әзірлеуді тапсырған болатын. IT саласын дамыту ЭКСПО көрмесі қарсаңында тұрған Астана қаласы үшін де өте маңызды. Әлемдегі дамыған ел­дердің озық технологиясын пайдаланудың бір көрі­нісі – былтырдан бері елор­­дамыздағы қоғамдық көлік­терге енгізіліп жатқан элек­­тронды төлем жүйесі. Астана қаласында қоғамдық көлікте электронды жолақы төлеу жүйесі 2016 жылдың мамыр айынан бастап кезең-кезеңі­мен енгізілуде. Бұл жүйе – AstraPlat, ал көлік карта­сы Astra Card деп аталады. Жоба­­ны жасау­­шылардың айтуын­ша, жүйенің негізгі мақсаты – елордадағы жолаушы­лар тасымалын бұрынғыдан да жайлырақ ету, қалталар мен әмияндарда ақша, тиындарды ұстап жүру қажеттілігінен арылту, қоғамдық көлік қыз­мет­керлерінің табысты жасы­рып қалуының алдын алу және тағы басқа да мәселелер. «Астана қаласында AstraPlat бірыңғай элек­тронды төлем жүйесінің негізінде автобусқа кірген кезде арнайы картаңызды валидаторға сәл ғана тигіз­сеңіз болғаны. Егер жасыл түс жанса, жолақысы алын­ғанын, сәйкесінше, жол жүруге рұқсат берілгенін біл­діреді. Жолаушыларға ескер­те кететін тағы бір жайт, картаңызды валида­тор­ға тигізгеннен бастап, бір сағаттың ішінде келесі автобусқа тегін мінуіңізге мүмкіндік қарастырылған», дейді «Астана LRT» ЖШС төлем жүйелер орталығы­ның жетекшісі Сергей Попов. Сонымен қатар, ол шы­­ғындарды, сатылған кар­­талардың есебін және құрылғыларда туындайтын ақауларды орталықтан бақылап отыратындарын тілге тиек етті. «Екі немесе одан да көп жолаушылар үшін бір AstraPlat карталарымен төлем жасауға рұқсат етілмейді. Тіркелген жеңілдіктері бар және мектепке арналған көлік карточкаларын өзге адамға беруге тыйым салынады. Көліктік карталарды үшінші тарап қолында пайдалану барысында ұсталған жағ­дайда көліктік бақылау қыз­метінің агенттері алып қою­ға құқылы. Өз атындағы көлік­тік картаны тек иесі ғана пайдалана алады. Жолау­шы басқа азаматқа тиесілі жеңіл­дігі бар көлік картасын билет­сіз қолданса, әкімші­лік жауап­қа тартылып, жол­ақысын төлеуден жалтарған болып саналмақ», дейді ол. Бұл ретте зейнеткер­лер, мем­­лекеттік, әлеуметтік көмек берілетін адамдар, асы­рау­­­шы­сынан айырылған тұлға­­лар, көп балалы аналар, көп балалы отбасылар, мүге­дек­тер, 18 жасқа дейінгі мүге­дек бала­лар, Ұлы Отан соғы­сы­ның ардагерлері ар­найы жеңіл­діктерге ие еке­нін де айта кетсек дейміз. Одан бө­лек, 7 жасқа дейінгі бала­­ларға да тегін. Ал 7-15 жас аралы­ғын­дағы балалар төлема­қы­ның 50 пайызын ғана төлейді. Енді картаны қайдан аламыз, қаншаға толтырамыз деген сұраққа көшсек. Тарифтік жоспар бойынша, 10 рет жол жүруге арналған төлем ересектерге 900 теңге, оқушыларға 400 теңгені құрайды. Және 11-ші мәрте тегін қатынау мүмкіндігі ұсынылады. Ал, 20 рет жол жүруге арналған төлем ересектерге 1800 теңгені, балаларға 800 теңгені құрайды, оған қоса 2 рет тегін жүруге жеңілдік аласыз. 30 рет жол жүруді қаласаңыз 2700 теңге төлейсіз, оқушылар 1200 теңге төлейді, сонымен қатар, 3 рет тегін жүре алады. Ал 40 рет жол жүруге арналған төлем құны ересектерге – 3600, балаларға 1600 теңге, 4 рет тегін жүресіз, сол сияқты 50 рет жол жүруге арналған төлем үлкендерге – 4500, балаларға 2000 теңге және қосымша 5 рет тегін жүру жеңілдігі қарастырылған. Айта кететін тағы бір жайт, көлік карталарының кепілдік мерзімі – 2 жыл, қызмет ету мерзімі 5 жылдан кем емес. Жол жүру үшін көліктік картаға жүктелген тарифтік жоспарлар жарамдылығы кемінде 3 ай. Қаражат құйып отыратын көліктік карта құны – 400 тг. Мектеп оқушылары мен жеңілдіктер қарастырылған тұлғаларға қайтарымсыз қолдануға арналған карталар таратылады. Карта зақымданған немесе жоғалған жағдайда арнайы кассаларға барып, 400 теңге төлеп, картаңызды жаңарта аласыз. Жол жүру картасындағы баланс қанша қолданғаныңызға байланысты шегеріліп отырады. Астра PLAT жобасының өте маңызды бөлігі көліктік карталарды сату мен толықтыру желісін ыңғайлы ету. Астанада ірі сауда орталықтарында 30 арнайы машина RTVM құрылған, супермаркеттер мен қаланың негізгі нүктелерінде орналасқан. Көлік карталарын Card сату нүктелерін және толықтыру туралы толық ақпаратты Астана LRT-нің ресми веб-сайтынан табуға болады немесе Astra Bus бағдарламасын жүктеп алу қажет. Жүйені әзірлеу және жобалау шаралары кезінде осындай жол жүру төлемінің электронды жүйесі енгізілген Ресей, Белоруссия, Италия, Франция, Германия, Ұлыбритания, Израиль, Корея, АҚШ сияқты елдердің тәжірибесі пайдаланылған. Мысалы, Хельсинкиде электронды жол жүру құжаты ретінде 2006 жылдан бастап смарт-карталар қолданылады. Ал, Лондондағы жол жүру құжаты байланыссыз смарт-карта негізінде дайындалған. Оны қолдану арқылы төлем жасау түріне қарай автобусқа кірерде немесе автобус салонында іске асырылады. Автобус жүргізушісіне қолма қол ақша беру арқылы да төлем жасауға болады. Метроға арналған жол жүру билеті автобустарда да жарамды болып табылады. Сондай-ақ, Чикагодағы жол жүрудің бірыңғай төлем жүйесі метро және қалалық автобустардағы жол жүруді қамтиды. Электронды жол жүру құжатымен қатар, қолма-қол ақша төлеу мүмкіндігі де бар. Ал, Сеулде қоғамдық көлік реформасы бойынша жоба «T-money» карталарының арқасында жүзеге асып келеді. Кез келген қоғамдық көлік түрлерінде жол жүру ақысын төлеуге арналған жинақтаушы жеңілдік жүйесі қолданылады. Жолаушылар маршрутта бір рет қана жол жүру ақысын төлей отырып, әртүрлі қоғамдық көліктеріне ауысып міне алады. Бүгінгі таңда Астанада 35 автобус тәжірибелі түрде заманауи технологиямен жабдықталған. Электронды карталарды сатып алу және балансты толықтыру үшін кезең-кезеңмен 10 кеңсе ашылмақ, 30 автомат орнатылып, 25 сату пункті іске қосылады. Болашақта аталған желі кеңейтіліп, оны төлем терминалдары жүйесімен және интернет-банкинг порталдарымен интеграциялау көзделген. Аталған жүйені халықтың қаншалықты пайдаланып жүргенін білу үшін №10 автобустың кондукторы Сандуғаш Жолдасованы әңгімеге тарттық. «Бұл әлем елдерінің бірқатарында қолданылып келе жатқан жүйе болғандықтан біздің елімізге де енгені дұрыс деп есептеймін. Алғашқыда автобусқа кірген адамдардың арасынан тек зейнеткерлерден байқағанмын, қазіргі уақытта картаны пайдаланушы адамдардың саны артып келе жатқаны аңғарылады. Бастапқыда олар бір айға сатып алынған жол жүру билеті сияқты көрсетіп, валидаторға тигізбейтін. Ал қазір көбісі үйреніп қалды», дейді ол. Бұдан елдің барлығы жаппай картаны пайдаланып жүр деп айту артық болар. Жол ақысын әлі де ақшамен төлеп жүргендер жетерлік. Жүйенің жүйелі жұмыс жасауы үшін ел ішінде ақпарат, насихат қызметін қыздыра түсу қажет сияқты. Ал картаны алып, пайдаланып үлгергендер оның тиімді тұстары көп екенін алға тартады. «Меніңше жаңа жүйені қолдану арқылы адамдар қалтада артық тиын, артық жүк көтеріп жүруден арылады. Кейде бір жерге жету үшін екі автобусқа мініп, оған қосымша ақша төлеуге тура келеді. Ал бұл картаны пайдаланып, 60 минуттың ішінде келесі автобусқа отырсаңыз тегін жүре аласыз. Бұл дегеніңіз, қалтаңызға жеңілдік, қаржыңызға үлкен үнем емес пе?» дейді қала тұрғыны Вера Каншина. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан»