Елордада қалалық футбол федерациясының ұйымдастыруымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері арасындағы футбол біріншілігінің алғашқы маусымы аяқталды.
Жарысқа барлығы 11 команда қатысты. БАҚ лиганың алғашқы маусымында ешкімге есе жібермеген «Хабар» арнасының жігіттері 26 ұпай жинап, чемпион атанды. Ал соңғы турға дейін бұл атақтан үміткер болған «Қазақ радиосы» 23 ұпай еншілеп, екінші орынға ие болса, үздік үштікті 19 ұпаймен «Sportsffa.kz» командасы түйіндеді.
«Журналистер арасындағы біріншілік өз мәресіне жетті. Бұл жарыс алдағы уақытта да жалғасын табады. Келесі чемпионат осы жылдың мамыр айына жоспарланып отыр. Аздаған өзгерістердің болуы мүмкін», деді Астана қалалық футбол федерациясының бас менеджері Ғалымжан Кенжалинов.
БАҚ лиганың жабылу салтанатында ұйымдастырушылар үздіктерді марапаттады. Үш айға созылған біріншілікте 24 гол соққан «Sports 59» ұжымының шабуылшысы Сапарғали Қанат үздік сұрмерген атанып, «Алтын бутса» сыйлығын әрі «Үздік шабуылшы» номинациясын жеңіп алды. Сонымен қатар, «Үздік қақпашы» атағы «Хабар» командасының намысын қорғаған Айбек Қабылшаға берілсе, «Үздік қорғаушы» болып «Sportsffa.kz» ойыншысы Арай Ізбай танылды. Ал журналистер арасында ерекше ойынымен көзге түскен «Хабар» командасының капитаны Нұрсұлтан Құрман «Үздік ойыншы» атанды.
«Турнир көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Келесі маусым бұдан да қызықты әрі тартысты өтеді деп сенемін. Алдағы уақытта қазақ журналистикасына еңбегі сіңген тұлғалардың есіміне арналған жұлдыздар матчын өткізуді жоспарлап отырмыз», деді БАҚ лиганы ұйымдастырушылардың бірі Әзиз Жұмәділ.
Бұл жарыста бақ сынаған «Егемен Қазақстан» командасы алтыншы орынға тұрақтады.
БАҚ лиганың келер маусымында қатысушы командалардың да, алаңға шығатын ойыншылардың да саны артуы әбден мүмкін деді жарысты ұйымдастырушылар.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»