Кеше Құрлықтық хоккей лигасының плей-офф кезеңінде Астананың «Барысы» өз айдынында Челябінің «Трактор» командасын қабылдап, 1:2 есебімен жеңіліп қалды.
Мұның алдында «Барыс» қарсыласын 3:1 есебімен ұтқан болатын. Ол ойындағы бірінші шайба алғашқы кезең аяқталар тұста соғылды. Айдын иелерінен бір ойыншы кемдігін тиімді пайдаланған Дмитрий Пестунов «Тракторды» алға шығарды. Үзілісте бапкер Эдуард Занковецтен жаңа нұсқаулар алған «Барыс» хоккейшілері бірден шабуылға көшіп, 24-минутта таразы басын теңестірді. Ойыншы басымдығы кезінде Найджел Доус мергендігімен танылды. Өз жанкүйерлерінің алдында өнер көрсеткен астаналықтар үшінші кезеңде қарсыластарын екі мәрте қапы қалдырды. Алдымен, Найджел Доус 41-минутта екінші шайбасын соқса, кездесудің аяқталуына санаулы минуттар қалғанда Кори Тривино бос қақпаны дәл көздеп, соңғы нүктені қойды.
Сонымен, екі команда арасындағы жалпы есеп 2:2 болды.
Плей-офф тәртібі бойынша төрт мәрте жеңіске жеткен ұжым келесі кезеңге жолдама алады.
Аян ӘБДУӘЛИ,
«Егемен Қазақстан»