Ордабасы ауданындағы «Тоқсансай» орта мектебінің директоры Үсен Алтыбаев бос уақытында ескі тиындарды жинау ісімен айналысатынын естіп, арнайы іздеп бардық.
– Мен тарих пәнінің мұғалімімін. Туып-өскен өлкенің тарихын зерттеу, ескі жәдігерлер жинақтау жұмысын еңбекке араласқан алғашқы күндерден -ақ бастағанмын, – дейді Үсекең ағынан жарылып.
Өзі білім алған «Тоқсансай» орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастап, бүгінде аталмыш білім ордасына он екі жылдан бері басшылық жасап келе жатқан Үсекең жинақтаған ескі тиындар біршама екен. Арнайы жасалған екі альбомға рет-ретімен орналастырылған олардың арасында ХVІІ-ХVІІІ ғасырдағы қытай тиындары, 1859 және 1870 жылдарғы Ресей патшалығы тиындары, ежелгі Сайрам, Шаш қалаларынан табылған күміс ақшалар, Октябрь төңкерісінен кейінгі және әр жылдардағы Кеңес өкіметі кезіндегі тиындар еріксіз қызығушылығыңызды тудырады.
– Мектебімізде өлкетану музейін ашуды қолға алып жатырмыз. Жаугершілік заманда ата-бабаларымыз қолданған найза, садақ ұштары, ежелгі ыдыс-аяқтар, т.б. заттар жинақталып қалды. Тиындарды да қоямыз. Бүгінге дейін біраз ежелгі тиындарды көрші ауылдағы өлкетану музейіне қойдық, – дейді Үсен Алтыбаев.
Біз Үсен Алтыбаев мырзаның осынау тәлімді істеріне тәнті болып кайттық.
Асқар ОМАРХАНОВ,
журналист
Оңтүстік Қазақстан облысы,
Ордабасы ауданы