Райымбек ауданындағы кереге таулы Кеген өңірінде алты ай қыс болады. Қазан, қараша айларында жауған қар ақпанның аяғына дейін мызғымай жатады. Құрғақ сары шұнақ аязда тау өзені қатпағанымен өзге сулар сан қатпарлы мұзға айналады. Айталық, кеңес заманында Шырғанақ деген ауылдың маңынан жуандығы баланың беліндей құбырмен жерасты суы шығарылып, алқаптар суарылатын. Уақыт өте келе сол құбыр қараусыз қалған-тын. Содан сақылдаған сары аяз жер бетіне шыққан суды қатпарлай қатырып жуандығына төрт-бес адамның құшағы жетпейтін, биіктігі 7, кей жылдары 10 метр болатын айсбергке айналдырады. Екі ауылдың арасындағы күрежолдың бойындағы мұзтау іспетті айсбергті алғаш көрген адам міндетті түрде бұрылып анықтай көріп, қолын тигізіп Кегеннің кереметіне тамсанатыны анық. Әйтеуір бір тартымдылығы бар.
Нұрбол ӘЛДІБАЕВ,
«Егемен Қазақстан»
Алматы облысы,
Райымбек ауданы