Көктемгі су тасқыны облыс әкімі Ерік Сұлтановтың тікелей бақылауында тұр. Тасқынға тосқын қоюдың әзірлік шараларына байланысты өңірде құрамында 2700-ден астам құтқарушы және 867 техника бар жедел топ жасақталған. 41,1 мың тонна инертті материалдар, 139 мың литр жанар-жағармай қоры құрылған. Облыс орталығындағы Былғары зауыты, Заречный, Жұмысшы кенті, Береке, Ойқала шағын аудандарында су басу ықтималдығы жоғары болғандықтан, су ағатын құбырларды тазалау ерекше қарқын алған. Жарты миллион текше метр қар сыртқа шығарылды.
Десек те, табиғаттың мың құбылған тосын мінезіне қарсы алдын алу жұмыстары тиянақты атқарылып жатқанына қарамастан, арқаны кеңге салуға әлі ерте. Көктемнің қалай болары белгісіз. Күн күрт жылынып, сай-саланы сарқырай аққан қарғын су кемерінен асып кетсе, қайтіп жан сақтаймыз деген сауал Уәлиханов ауданының тұрғындарын да қатты мазалап отырған жайы бар. Өйткені, бұл аймақтағы Сілеті су қоймасы қауіпті учаскелердің бірі саналады. «Кісідегінің кілті аспанда» демекші, ауданның тағдыры Ақмола облысында орналасқан су қоймасына тікелей тәуелді. Ол жақтан асау аттай арындай келетін мол су Сілеті өзеніне қосылғаннан кейін оның жағасын мекендеген ауылдарды үлкен әбігерге салып жатады. Осы себепті әкімдіктің кезекті отырысында Уәлиханов ауданындағы Сілеті, Ғ.Мүсірепов атындағы аудандағы – Шарық, Тайсары, Петропавл, Сергеевка су қоймаларына қатысты арнайы мәселе қозғалып, дайындық шараларын күшейтуге басты назар аударылды.
Уәлиханов аудандық төтенше жағдайлар жөніндегі бөлімнің жетекшісі Бауыржан Рахымжановтың айтуынша, қар нормадағыдан көп түскендіктен, қарғын су төндіретін қауіп-қатерден арылудың жолдары күні бұрын ойластырылған. Ол үшін су жырып кетеді-ау деген жерлер есепке алынып, арнайы адам және техника күштері бекітілген. Төтенше жағдай орын алса, бір мыңнан астам адам қауіпсіз орындарға көшіріл-
мек. Орналастыру, тамақтандыру мәселелері шешілген.
«Қамданған қапы қалмайды». Жауапты адамдардың мәлімдеуінше негізгі күш-жігер Сілеті су қоймасынан төнетін қатерге қарсы жұмылдырылған. Сілеті су қоймасының басшысы Евгений Сысолятин ерте су босату тәжірибесі алғаш рет қолданып отырғанын, қазір су мөлшері 60 пайызды құрап, ағыс жылдамдығы секундына 20 метр болса, өзеннен жіберілетін су мөлшері артқан кезде екі есеге дейін молаятынын жеткізді. Осыған байланысты жергілікті билік органдарымен бірлесе отырып қорғаныс беріктігіне ерекше мән беріліп, жолдардағы су өтетін құбырларды тазалаудың күшейтілгені байқалады.
Тосын апаттың зардаптарын болдырмау шаралары кешенді жүргізілсе, малға да, жанға да еш залалы тимесі анық.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы