Өткен жылдан бастап Ішкі істер министрлігінің ұйытқы болуымен mvd.gov.kz арнайы веб-порталы іске қосылғаны белгілі. Саяси репрессия құрбандары туралы ақпаратты анағұрлым қолжетімді ету мен оларды есте сақтауда маңызы зор «Мемориал» сервисінің қазіргі қызметі көптің көңілінен шығуда.
Бүгінде «Мемориалға» зұлматты жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған 110 мыңға жуық жанға қатысты түрлі деректер енгізілген. Сондықтан да, мемлекеттік қызмет көрсету шеңберінде Қазақстанның ішкі істер органдарына алыс және жақын шет елдерден әлеуметтік-құқықтық сипаттағы санқилы хаттар мен репрессияға ұшыраған туыстарына қатысты мәлімет сұратқан сауалдар толассыз түсіп жатады.
Мәселен, күні бүгінге дейінгі уақытта қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың туыстарынан, ғалым-зерттеушілерден, қоғамдық ұйымдардан, мұрағаттар мен мемлекеттік органдардан 789 өтініш тіркелген. Бұл қолданыстағы заңнамаға сәйкес ақталған азаматтар, не болмаса олардың өкілдері қайтыс болған жағдайда олардың туыстары қылмыстық істердің процестік емес сипаттағы құжаттарымен танысуға, сондай-ақ, істе сақталған қолжазбаларын, фотосуреттерін және өзге де жеке құжаттарын немесе олардың көшірмелерін алуға құқығы болуымен тікелей байланысты.
Ізгі ниетпен құрылып, іске кіріскен «Мемориал» дерекқорынан қуғын-сүргінге ұшыраған Кеңжасар Кеңшуақовтың ұрпағы Еңлік Наурызбаева жуырда ғана өз атасының тағдыр-талайына қатысты тың мәліметке қол жеткізді. Ол сайтқа ресми сауал жолдау арқылы 1937 жылы саяси тұтқынға алынған К.Кеңшуақовтың істері Солтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер департаментінің мұрағатында сақтаулы тұрғанын білген. Биылғы жылдың 6 ақпанында ІІМ Арнайы мұрағатының қызметкерлері Е.Наурызбаеваны атасының ісімен таныстырып, оның ату жазасына кесілгені және мүлкінің тәркілеуге алынғаны туралы жазылған құжаттарды марқұмның немересінің қолына табыстады. Ал өз заманының қуғын-сүргініне ұшырап, жазықсыз атылған Кеңжасар Кеңшуақовтан қалған жалғыз тұяқ – қызы Әминаш апа қазір 92 жасқа қадам басыпты. Кейуана қазіргі таңда Астанада тұрады екен.
Қаперлеріңізге сала кетейік, 2014 жылы ішкі істер органдары ұлттық қауіпсіздік қызметінен сот органдары ақтаған репрессияға ұшыраған азаматтардың қылмыстық істеріне қатысты трофейлік материалдарды қабылдаған еді. Олардың құрамында Ұлы Отан соғысы кезінде тұтқынға түсіп, кейіннен Германиядан еліне оралған бұрынғы КСРО азаматтары туралы құжаттар да болды. Ерекше атап өтерлігі сол, Алматы қаласының ІІД мұрағатына қуғын-сүргінге ұшыраған қазақ интеллигенциясының қайраткерлері Ахмет Байтұрсынов, Ораз Жандосов, Ілияс Жансүгіров және Сәкен Сейфуллин сынды ұлт ардақтыларына қатысты бірқатар мұрағат құжаттары да қабылданған.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»