Астанада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Парламенттің қос палатасының бірлескен отырысы өтіп жатыр.
Күн тәртібінде "Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Заң жобасы.
"Бүгін біз ел үшін тарихи мәселені шешу үшін жиналып отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, қаңтарда конституциялық реформа жасау туралы бастама көтердім. Бүгінде заң жобасы дайындалды. Заң жобасы бір ай бойы қоғамда талқыланды. Оған саяси партиялар, қоғамдық бірлестіктер, белсенділер мен азаматтық қоғам қатысты. Мәселеге қатысты 6 мыңдай ұсыныс түсті. Кей баптар азаматтардың ерекше назарына ілікті. Бірлесе атқарылған жұмыста кем-кетік болмауы тиіс", - деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы қоғамдық саяси ортада реформаға қатысты 2 мыңнан аса, ғылыми-шығармашылық ортада 50-ден аса республикалық деңгейдегі басқосу, өңірлерде 10 мыңға жуық шара өткізіліп, оған 2 миллионнан астам адам қатысқанын айтты.
«Он жыл бұрын Парламент өкілеттігін кеңейту үдерісі іске қосылған болатын. Осы орайда Парламент пен Үкіметке қажетті тетіктерді бөліп бердік. Осының алдындағы реформалар оңтайлы нәтижелерді берді, халық және әлемдік қоғамдастық тарапынан жақсы қабылданды. 25 жыл ішінде қол жеткізген нәтижелер туралы өткен жылы бұл мерейтойды атап өту кезінде кеңінен айтылған болатын»,-деді Елбасы.
Сонымен қатар Президент Үкіметтің дербестігі кеңейетінін, яғни Министрлер кабинетіне экономиканы тікелей басқару бойынша өкілеттік берілетінін, ел азаматтарының құқығын қорғауда Жоғарғы Соттың рөлі күшейетінін, сондай-ақ Конституциялық қадағалаудың жүйесі нығаятынын атап өтті.