• RUB:
    5.18
  • USD:
    481.19
  • EUR:
    538.45
Басты сайтқа өту
03 Наурыз, 2017

ОҚО-да 5 жылда 47 мың отбасы баспанамен қамтылады

133 рет
көрсетілді

Биылдан бастап Оңтүстік Қазақстанда құрылыс көлемінің өсімі 10 пайыздан  асып,  2021 жылға дейін  жылына 1 миллион шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға беріліп отырады. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар орталығында өткен баспасөз мәслихатында  облыс әкімінің бірінші орынбасары Дархан Сатыбалды мәлім етті, деп хабарлады ОҚО әкімдігінің баспасөз қызметі. Мемлекеттік  «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының өңірдегі іске асырылу барысын баяндаған  Дархан Амангелдіұлы  негізгі бес бағытқа тоқталды. «Тұрғын үй құрылысының даму жоспарына сәйкес, өңірімізде  5 жылда барлық қаржыландыру көздері арқылы жалпы 47 619 отбасыны баспанамен қамтамасыз ететін боламыз»,  - деді Дархан Амангелдіұлы. Бірінші бағыт - ипотекалық несие берудің қолжетімділігін арттыру. Мұнда халық тарапынан сұранысты ынталандыру мақсатында, екінші деңгейдегі банктердің ипотекалық несие беру көлемін арттыру үшін, жыл сайын республика бойынша 10 млрд. теңге субсидия беріледі. Яғни, қазіргі таңда банктер арқылы берілетін ипотекалық несие көлемі жылдық 17 пайызды құраса, бағдарлама шеңберінде  оның 7 пайызы  субсидия бөлу арқылы жабылатын болады. Ал, түпкілікті қарыз алышуға 10 пайызбен, тұрғын үйді сатып алуға несие 15 жылға дейін берілмек.  Несие көлемі - 15 млн. теңге. Негізгі талаптың бірі - қарыз алушының шотында сатып алынатын тұрғын үйдің 30 пайыз мөлшерінде қаражаты жиналуы тиіс. Бағдарлама шегіндегі ипотекалық несие алу, тұрғындарға ай сайынғы төлемін 30 пайызға төмендетілмек.  Бұл шара өз тарапынан, ипотекалық несиені қолжетімді етіп, тұрғындардың баспана алуына үлкен мүмкіндіктер туғызбақ. «Бағдарламаның келесі бағыты - жеке құрылыс салушыларды ынталандыру. Жеке құрылыс салушыларды ынталандыру мақсатында екінші деңгейдегі банктерге  несие беру көлемдерін кеңейту арқылы құрылыс компанияларын қаржы ресурстарымен қамтамасыз ету көзделіп отыр. Бұл мақсатқа жыл сайын республикалық бюджеттен 11 млрд.теңге субсидия бөлінбек. Субсидия 3 жылға беріліп,  тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына дайын тұрғын үйдің кемінде 50 пайызы  ұсынылатын болады. Бұл өз кезегінде  157 млрд.теңгені субсидиялауға мүмкіндік беріп, 600 мың. Шаршы метр тұрғын үй  салуға себеп болмақ» , - деді облыс әкімінің бірінші орынбасары. Үшінші бағыт-тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі арқылы кредиттік баспана  салу.  Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары, оның ішінде жергілікті атқарушы органда есепте тұрған кезектегі адамдар үшін қолжетімді тұрғын үй көлемін арттыру үшін кредиттік баспана салу жалғасатын болады. Мұнда несиелік үй құрылысы 2 бағыт арқылы іске асырылмақ.  Біріншіден, мерзімділігі 2 жылға дейін бөлінген қаражатты құрылыстың жаңа жобаларына қайта жұмсау арқылы ЖАО-ның облигациялар шығаруы жолымен жүзеге асады.  2017-2021 жылдар аралығында республика бойынша «Бәйтерек» ҰБХ АҚ-ның облигациялары арқылы 805,7 млрд.теңге бөлу жоспарланып отыр.   Несиелік тұрғын үйдің құны 1 шаршы метрі –140 мың теңгеге дейін болмақ.  Осылайша облыс бойынша 2017-2021 жылдар аралығында шамамен 78,2 млрд.теңгеге несиелік үйлер салынып, 558,6 мың шаршы метрді құрайтын 7146 пәтер пайдалануға беру жоспарланып отыр. Екіншіден, банктерге шартты салымдар салу арқылы жүзеге асады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі екінші деңгейлі банктерге төменгі пайызбен қаржы беріп, ол қаржы тұрғын үй салатын компанияларға 7 пайызбен  ұсынылмақ. Бұл шара тұрғын үй салу көлемін едуір арттырады деп күтілуде. Төртінші бағыт - халықтың әлеуметтік әлсіз топтары үшін жалға берілетін  тұрғын үй құрылысы. 2017-2021 жылдар аралығында өңіріміздегі республикалық бюджеттен арендалық тұрғын үйлер құрылысына 159,6 млрд. теңге қарастырылған. Бүгінгі күнге облыста тұрғын үй кезегіне 43 мыңнан астам адам тіркелген. Бұл республика бойынша 3-ші көрсеткіш. Аталған жылдар аралығында 427,9 мың шаршы метр арендалық тұрғын үй 6816 пәтер құрылысын жүргізу жоспарлануда. Бағдарламадағы бесінші бағыты - жеке тұрғын үй құрылысын дамыту. Бұл бағыттың шеңберінде көптеген озық әлемдік  қалалардың үлгісінде бірыңғай сәулеттік стильде жеке тұрғын үйлер салуға басымдық беріледі. Сондай-ақ 2018 жылы облыста 2 пилоттық жобаны жүзеге асыру көзделуде. Оның біріншісі, Шымкент қаласының «Бозарық» мөлтек ауданында іске асады.   «Бозарық» тұрғын үй кешені инвестициялық жобасы бойынша 74 га  жер теліміне 293 жеке тұрғын үй салу көзделуде. Ал екіншісі, Шымкент қаласының «Таскен» тұрғын алабында жүзеге асады.  Жоспар  бойынша жалпы ауданы 180 га жерге 1050 жеке тұрғын үй бой көтереді.