2011 жылғы 8 сәуір – менің өмірімдегі ең маңызды күндердің бірі. Жиырма жасымда тәуелсіз елімнің айбынын асырып, салтанатын тасытқан айтулы шараға қатысып, өз үлесімді қостым. Жаңадан сайланған Елбасы – Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты ұлықтау рәсімінде мен Ақорда есігі алдындағы біздің тілімізде «веер» аталатын құрамда тұрдым. Біз Ақорда баспалдақтарында тұрып, қас қақпай қызмет еттік, яғни Елбасы шыққан сәтте тұрған сымбатты сарбаздардың бірі менмін.
Бұл мен үшін үлкен мәртебе екенін сөзбен айтып жеткізу қиын. Осындай биік міндетті атқаруға мүмкіндік алуыма менің Республикалық ұлан секілді элиталық әскери құрылым қатарында мерзімдік әскери қызмет атқаруым себепші болды. Біздің жеке құрам ұлықтау салтанатына қысқа мерзім ішінде дайын болды. Барлығымыз бір кісідей жауаптылық, табандылық танытып, сағаттар бойы үздіксіз дайындалдық. Мен де, әскери борышымызды бірге атқарып жүрген жолдастарым да Елбасын ұлықтау салтанатына қатысып, жоғары сапалы саптық даярлық көрсетудің қаншалықты маңызды екенін түсіндік.
Атырау қаласында тұратын мен өткен жылдың көктемінде Отан алдындағы борышымды атқару үшін әскер қатарына шақырылдым. Бағыма қарай, Республикалық ұланға іріктеуден сүрінбей өтіп, Президентке тікелей бағынатын осынау құрылымға таңдалып алындым. Мұны өзіме жақсы тәрбие беріп, жауапты азамат етіп өсірген ата-анам Ілес Ержанов пен Ғалия Жұмағалиеваның еңбегі деп білемін.
Қазір мен Республикалық ұланның Астана қаласында орналасқан 0112 әскери бөлімінің рәсімдік батальоны ІІ құрмет қарауылы ротасындамын. Осы көктемде әскери қызмет мерзімі аяқталады. Бірақ Республикалық ұлан қатарында қызмет еткен уақытым, әсіресе, Елбасын ұлықтау салтанатына қатысқаным ешқашан әсері жоғалмайтын аяулы уақыт болды.
Азамат ЕРЖАНОВ, Республикалық ұланның 0112 әскери бөлімінің сарбазы.