Халық ел президенттігінен үміткерлер арасынан Нұрсұлтан Назарбаевты таңдап алатынына бәріміз бір кісідей сенген едік. Бұл тарапта иненің жасуындай күмән-күдігіміз болмағандығына ар-ожданымыз куә. Барлық ой-ниетіміз, пейіліміз Мемлекет басшысының мерейінің артуына ауды да тұрды. «Ұйғыр авази» газетінің бетінде күн сайын халықтың осынау ықыласы айнадағыдай жарқырап көрінді десек, қате айтпаспыз. Сайлау күнгі құбыланама халық көкірегіндегі қасиетті таңдауды қателестірмеді. Үмітіміз алдамады, жиырма жыл бойы жүріп келе жатқан темірқазық нысанамыздан адастырмады. Солай болды да. Бұл – халықтық таңдау, халық ешқашан да қателеспейді, оған ешқандай да күмән жоқ дейтініміз де сондықтан ғой.
Еліміздегі ілгерілеу мен саяси тұрақтылықтың, демократиялық дамудың жарқын үлгісін көрсеткен тәуелсіз Қазақстан халықаралық игі істердің бастамашысы болып келе жатқаны да белгілі. Мұның өзі еліміздегі бірлік пен ынтымақтың, достық пен татулықтың арқасы екендігі айдан анық. Біздің осындай бірегей бірлігіміздің, дәйекті тұрақтылығымыздың негізгі дем берушісі Нұрсұлтан Әбішұлы екенін біз, қазақстандық ұйғырлар, өте жақсы білеміз. Соның айқын айғағындай, 3 сәуір күні өткен президенттік сайлауда Қазақстандағы ұйғыр диаспорасы 100 пайыз Нұрсұлтан Назарбаевты қолдап дауыс берді деп нық сеніммен айта аламын. Өйткені, халқымыздың қалтқысыз сеніміне ие болған Елбасының жеңісі бірлігіміз бен өзара түсіністігіміздің жемісі екендігін бәріміз күнбе-күн сезінудеміз. Жаңағы сөзімізге дәлел қажет болса, Қазақстан ұйғырларының басым көпшілігі Алматы облысының Ұйғыр, Панфилов, Еңбекшіқазақ, Талғар аудандарында және Алматы қаласында тұрады. Егер Алматы облысында сайлаушылардың 96,9 пайызы, Алматы қаласында 68,5 пайызы сайлауға қатысқанын ескерсек, олардың арасында ұйғырлар аз пайызды құраса да, 100 пайыз дауыстарын Елбасына бергеніне күмәнім жоқ. Бұл ұйғырлар жиынтық тұратын елді мекендердегі жігітбастарының мәліметтері (жігітбасы — ұйғырларға тән жергілікті өзін-өзі басқару институты сияқты ұлттық дәстүр). Осы мәліметтерге қарап отырып өзімнің туған халқымның кемел Көшбасшы, әлемдік деңгейдегі асқақ саясаткер, өз Елбасымызға тағы да дауыс беріп, риясыз сенгендігіне елжірей қуандым.
Иә, халықтың тілегі қабыл болды. Туысқан да қандас қазақ халқының ғасырлар бойы армандаған тәуелсіздігінің іргетасын қалаған Нұрсұлтан Назарбаев қазақ бауырларымды да, барлық қазақстандықтарды да жарқын болашаққа қарай нық сеніммен алға бастап келеді. Арқаның төрінде әдемі Астана қаласын тұрғызған Елбасы дүние жүзіне Қазақстанның демократиялық ел екенін танытып, елімізді әлемдік деңгейге көтерді. Сондықтан да халқымыз өз Президенті Н.Ә.Назарбаевқа деген шынайы сенімі мен сөзсіз қолдауын тағы бір рет дәлелдегенін көріп отырмыз. Қателеспеген халық таңдауы шынайы бүкілхалықтық мерекеге айналып жатқандығы да нақ сондықтан деп білемін.
Юлдаш АЗАМАТОВ, «Уйғур авази» газетінің бас редакторы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.