Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов қысқа мерзімдік жұмыс сапарымен Қарағандыда болды. Үкімет басшысы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығына сәйкес Серік Ахметовтің облыс әкімі болып қайта тағайындалғанын мәлімдеді.
С.Ахметов облыстық мәслихат депутаттарының бірауыздан қолдауына байланысты жауапты қызметін жалғастыратын болды. К.Мәсімов өндірісті өңір басшысының бұған дейінгі іс-қызметіне оң баға бере келіп, аймақтың ел экономикасын одан әрі көтеруіне үлесті үлкейту, тұрғындардың әл-ауқатын, тұрмыстық жағдайын жақсарту жолындағы жаңа міндеттерді тұжырымдап, алға қойды. Елбасы белгілеген стратегиялық мақсаттарды орындау бағытында отандық индустрия қара шаңырағының көшбасшылық рөлінен айнымау керектігі атап көрсетілді.
Облыс әкімі болып қайта тағайындалуына байланысты зор жауапкершілікті ақтауға Серік Ахметов күш-қабілетін одан сайын жұмылдыра түсетіндігіне сенім білдірді.
Айқын НЕСІПБАЙ.
Қарағанды.