• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
07 Наурыз, 2017

Телағыс (Досым Сүлеев айтқан сыр)

1082 рет
көрсетілді

Жетпісінші жылдарда «Дос-Мұқасанның» даңқы дүрілдеп тұрды. Ойхой, шіркін, ой-қырымыз тегіс «Той жырымен» тербеліп, теледидар мен радио күндіз-түні шаттық әуендерін шарықтатып «қияқ, қияқ...» деп қиқулаған қызық уақыт еді-ау ол да бір. Есіңе түссе, еріксіз елжірейсің. Құданың құдіреті, ертелі-кеш эфирді кернеген керемет әндерге әбден елтіген бізге бұлардан асатын дүлдүлдер дүйім дүние жүзінде жоқ секілді көрінетін. Одақта олжа салған «Орэрэ», «Песняры», «Самоцветы» саңлақтарының шеберліктеріне қанша сүйсінгенімізбен қанымызға тартып, «қазақтың «Битлзын» көлденең көк аттылардың қанжығасына бөктеріп жібергіміз келмейтінін несіне жасырайық. Жарты ғасыр бойы жарқырап көпшіліктің көз алдында жүрген жұлдызды топтың тұңғыш ұйымдастырушысы әрі жетекшісі Досым Сүлеев бүгін 70 жасқа толды. Осынау мерейтойға орай өнер мен ғылымның тізгінін тең ұстап, асқаралы абырой биігіне көтерілген көрнекті тұлғаны құттықтай отырып, газетіміздің тілшісі хатқа түсірген естеліктерін назарларыңызға ұсындық.

Әртіс болғанымды әке-шешем әуелден қаламады

Жауларын ордасында жайратып, Отанына жеңіспен оралған орденді май­­дангердің ұлы екенімді әркез мақ­тан тұтамын. Қарт сарбаз – Қасым әкем жа­сының тоқсаннан әлдеқашан ас­қа­ны­­на қарамастан арамызда әлі аман-сау жүр­геніне шүкіршілік қыламын. Әс­ке­ри адам болған соң ба, әлде әуелден ұс­­та­нымы солай ма, әйтеуір балаларын бұл­­жымас тәртіпке баулыды. Саналы ғұ­­мырын мұғалімдікке арнаған анамыз Ай­наш та адалдықтың, әділдіктің, адам­гер­шіліктің ала жібін аттамауды қар­ша­дай­ым­ыздан қанымызға сіңірді. Мен үшінші сыныпты бітіргенде от­ба­сымыз Сарыағаштан Кентауға көш­ті. Жай­наған жас қала қанатын кеңге ен­ді жай­ып келе жатыр екен. Дастархан үс­тін­дегі үйішілік әңгіме үстінде әке-ше­ше­міз қарындасым екеумізді жаңадан ашыл­ған музыка мектебіне беретіндерін жеткізді. Мен баян тартуды, Күләш фортепианода ойнауды үйренбекпіз. Бірақ бізге бірден ескертті: болашақта әртіс бол­­маймыз. Музыкалық білім жан-жа­қ­ты, жарасымды дамыған мәдениет иесі ата­­нуымыз үшін қажет. Тоқсан ауыз сөз­дің тобықтай түйіні осы болды. Сонымен қойшы, қабілетімізге қа­рай қабылдау емтихандарын еңсеріп, кі­дір­мей сабаққа кірістік. Жатпай-тұр­май со­ль­феджио жаттаймыз. Аспапта ой­науға асық­қанымызбен үйде баян да, пианино да жоқ. Айналамыздағы дүкенд­ер­ді ара­лап таба алмадық. Алты айдан кей­ін папа­мның достары Украинадан әкел­ді-ау сарыла күткен сырнайды. Ал, қа­рын­да­сым арнайы жасатқан ағаш тақ­тайша бе­тіне ақ және қара түспен боя­л­ған жансыз клавиштарды басып жатт­ығатын. Кей­де «жыны» келіп жылайтын. Обалы нешік, ондағы білікті мамандар шәкірттерін шығармашылық тұр­ғы­дан әжептәуір шыңдады. Теория­лық сау­атымызды тереңдетті. Оң-солымызды толық айыра қой­ма­­ған оқушы кезімізден-ақ кен­ші­лер ша­­һарындағы шағын кештерге қа­ты­сып, талабымызды ұштадық. Әсі­ре­се, саусақтарынан саз төгілген грек жі­гі­тінен кларнетте ойнаудың қыр-сы­ры­на қанығып, қыз-жігіттер думан кө­­рігін қыздырған би алаңында құй­қыл­­­жытқаным сірә, естен кетер ме? Клар­нет­пен «туыс» болғандықтан саксо­фон­ды тез меңгердім. Оның пайдасын «Дос-Мұқасанда» жүргенде көрдім. Қашан, қайда екені есімде қалмапты, әй­теуір мерекелік шаралардың біріне қа­тысқанда өзім құралыптас өренмен таныс­тым. Кентау мен Түркістанның ортасында орналасқан кішкентай ауылда тұрады екен. Мен баянымды бе­зілдетіп, ол аккор­деонын аңыратып, екеу­іміз үзеңгі қа­­ғыстыра қатарласа шап­тық. Содан дос­­тасып, әртүрлі ойын-сау­ықтарда та­лай мәрте кездесіп, мәре-сә­ре бол­ға­ны­мыз бар. Бұл бала болашақ та­лант­ты ком­позитор, әйгілі «Әлия» әнінің авторы Сейдолла Бәйтереков еді.

Тағдыршешті таңдау

Орта мектепті ойдағыдай аяқтап, кә­мелеттік аттестат қолымызға тиетін күн­ге де жеттік-ау. Арманымыз асқақ. Кө­ңі­­ліміз көктегіні көксейді. Алдымызда ай­­қыш-ұйқыш алыс сапарларға ша­қыр­ғандай. Қай мамандықты қалайсың? Бұл ма­ңызды сұрақ барлық құрбы-құр­дас­­­тарым сияқты мені де қатты ма­за­ла­­ғаны рас. Музыканы жан-тә­німмен ұна­т­­қаныммен ата-анамнан асып қайда ба­ра­мын. Спортты да теріс көр­­меймін. Үстел теннисінен қалалық жа­рыс­тың же­­ңім­­пазымын. Математика, физика, хи­­мия пәндерінен үлгерімім өте жақсы бо­­лып, оқушылар олимпиадасында бір­не­­ше рет топ жардым. Осылардың бәрін са­ра­­лап санам сан-саққа жүгірді. Ақыры ақыл­ға салып, заман талабына сай техника са­ласының бейтаныстау әлеміне бет бұ­ру­ғ­а бел будым. Албырт сезім аяқ-қолымызды жерге тигізбей алып-ұшқан жастықтың же­л­і­гі­мен Ресейдегі Таганрог қаласына тар­тып кете жаздағанымды қайтерсің. Өйт­кені мектепті бізден бұрынырақ бі­тір­ген бір досымыз сондағы радиотехни­ка мамандарын даярлайтын институт­та оқитын. Каникулға келгенінде әл­гі­нің әңгімесін аузымның суы құрып тың­дай­тынмын. Сол жаққа аттанбаққа тәу­екел етіп отырғанда тағы басқа ақыл­шы­ларым табылып, алған бетімнен а­й­нытып тастады. Олардың ойынша, Мәскеу мен Ленинград болса жарайды, ал енді провинциялық Таганрогқа тамсанудың реті келіңкіремейді. Одан да өзі­міз­дің астанамыз ару Алматыдағы по­литехникалық институтта былтыр ға­на ашылған автоматика және есептеу тех­­никасы факультетіне барғаным дұ­рыс. Көшелі сөз көкейіме қонып, бұған дей­інгі пікірімді күтпеген жерден күрт өз­гертіп жіберді. Сөйтіп, өз өмірімдегі тағ­дыршешті таңдауымды жасадым. Алыстағыны болжаған аяулы ағамыз Өмірбек Жолдасбеков іргетасын қалаған атал­мыш факультетке құжат тапсырушы­лар қарасы тым көбейіп, бір орынға он үміт­кер таластық. Сынақтан сүрінбей, сту­­денттер қатарына қабылданғаныма қат­­ты қуандым. Бізден «құлағандар» өз­­ге факультеттерге оп-оңай «өтіп» ке­те­тін. Бұдан біразырақ бұрын осы оқу ордасын әр жылдары тәмамдаған түлектердің кездесуі болды. Сол жолы сыйлас азамат, белгілі мемлекет қайраткері Нұрлан Бал­ғынбаевты былайша қалжыңмен қа­ғыт­тым: «Сен ғой, мен секілді қырғын та­ласта қиналмай-ақ, абитуриенттері аз­дау мұнай бөліміне түсіп ақылды істеп­сің. Қазір міне, қалтаңдағы ақшаңды қай­да жұмсарыңды білмейсің. Біздің тү­ріміз мынау, қаржыдан қысылып әркімнің қолына жаутаңдаған...» Мар­құм миығынан күліп, «Сенде интуиция бол­мағанына кінәлімін бе» деп әде­мі әзіл­мен қарымта қайтарғанын әлі ұмыт­пай­мын.

«Дос-Мұқасан» дүниеге осылай келген

Жастарға бұйығылық жараспайтыны белгілі. Жатақханамыз баз-базында жайма базарды елестетін. Мұнда бәрі бар. Бі­реу көз майын тауысып сабақ оқиды, екін­шілері тамақ пісіріп әлек, үшіншілері жа­нығып би кешін «жандырып» жатады. Әйтеуір ырду-дырдуға ықтиярыңыздан тыс араласуыңызға тура келеді. Сол ду-думанның ортасына қойдық та кеттік. Қоғамдық жұмыстардан қол босамайтын. Көркемөнерпаздар үйірмесіне де қа­ты­сатынбыз. Жоғары курста Қамит есімді есті жі­гіт болды. Германияда әскери боры­шын өтеп қайтқан. Белгілі жазушы Сәтімжан Санбаевтың туған інісі. Өзі фа­культеттегі комсомол бюросының хат­­шысы. Айналасын әп-сәтте үйіріп, ай­т­қанын өткізе біледі. Көрген-білгені көп­теу сол көшбасшымыз бірде маған қол­қа салсын... «Дос, байқауымша, му­зыкаға бейімсің. Өзіңдей өнерпаз сту­дент­теріміздің басын қосып, эстра­да­лық ансамбль құрсақ қайтеді. Қорық­па, қолтығыңнан демейміз. Жоғары жақ­­тағылар да қамқорлық жасаудан қашпас», деді үміт арта үгіттеп. Же­тек­ші­н­ің өтінішін жерге тастау ұят. Тап­сы­р­м­а­ны орындаудан тартынбадық. Тәуекел етіп, тас жұттық. Ептеп қиындық тудырғаны менен басқаларда бастауыш музыкалық бі­лім­нің жоқтығы еді. Әу демейтін қа­зақ жоқ қой, ән салатын «сал-сері­лер» баршылық. Ал, аспаптармен сүйе­мел­деу жағынан ақсайтын тәрізд­і­міз. Бі­рақ, алдыңа айқын мақсат қой­саң алын­байтын асу болмайды екен ғой. Жі­герін қайраған жігіттеріміз ол­қы­лық­тың орнын тез толтырды. Ерін­бей ең­бектенген Мұрат Құсайынов пен Мейірбек Молдабеков гитараны тәп-тәуір тартатын дәрежеге жетті. Дауыл­паз­дағы Александр Литвинов алғашқы аяқ алысынан-ақ алысқа шабатынын аң­ғарт­ты. Айтпақшы, оның басқа фа­культет­те оқитындығына байланысты дау туып, біраз уақыт ансамбльден қол үзіп қалған сәттері де жоқ емес. Жыл сай­ын ұйымдастырылатын «Политех көк­темі» атты фестивальда институттың бар­­лық құрылымдары өзара бәсекелесіп, бәй­­генің бәсін көтеретін. «Айдаладағы» авто­­матиканың намысын жыртып «ада­с­қан» Саняға деканы кейіп, кері ша­қы­рып әкетті. Оның ойсырап қалған орны­на конкурс жариялап, ноталық сауаты нық Юрий Лимді отырғыздық. Табиғатынан табанды Шәріп Омаров қатардан қалмас үшін намысына қамшы басып, гитараның ішектері саусақ­та­рын қиып, қанатқанына қарамай аңса­ры ауған биіктікті бағындыра білді. Алматы­дағы жоғары оқу орында­ры арасын­да кәдім­гі­дей танымал ұжымымыз осылайша құ­рыл­ды. 1967 жылдың жазында Баянауыл баурайында құрылыс отрядының құрамында болып, ауылдық мәдениет үйіне жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Іші-сырты сыланып, сырланып көз қуантарлық кейіпке енген клубта концерт қойып, жергілікті тұрғындардың қошеметіне бөлендік. Бізбен бірге жұмыс істеген Венгрия студенттерінің басшысы Янош Карпати сонда тосын ұсынысын алға тартып, ансамбліміздің атын «Дос-Мұқасан» деп қоюымызды сұрады. Алғашында аң-таң болып, аңырап қалдық. Түк түсінсек бұйырмасын. Не орысша, не қазақша емес, қандай сөз бұл өзі. Ол ежіктеп түсіндірген соң барып ұқтық. Сөйтсек біз­дің есімдеріміздің бірінші буындары­нан құралған атау екен. Демек, Дос-Досым, Мұ-Мұрат, Қа-Қамит, Сан-Саня. Ма­сайрай мақұлдадық. Алайда «Дос-Мұ­қасанның» қазақ мәдениетінің тарихына енетінін сол сәтте сезбеген едік. Осылайша Алматыға арқаланып орал­­дық. Бағымыз жанып, көрермендер көз­­­айымына айнала бастадық. Теледидар мен радионың арқасында Алаш жұр­ты­на тез арада танылып үлгердік. Тіп­ті қалалық партия комитетінің ха­т­шы­сы Петр Иванович Ерпилов ша­қы­рып, ыстық ықыласын білдірді. Алды­мен асы­ра мақтап, артынан ансам­блі­міздің аты­на тиісті. Мәселенің мә­нісін тү­сіндіріп көріп едім, көне қой­мады. «Мы­наларыңды өзгертіңдер. Қой­ыр­т­пақ бірдеңе. Дұрыстау ештеңе тап­па­дыңдар ма? «Юность», «Тұлпар», «Жастар» десеңдер жараспай ма, неме­не? «Жастықтың жалыны сыртқа теу­іп тұрған тентектеу кезіміз ғой, айтқан­да­рына құлақ аспайтындай құлық бай­қат­тым. Соған ашуланды ма, әлде құ­зы­ретті кеңсенің құдыретін көрсеткісі кел­ді ме ректорымызға телефон соғып, жү­ген­сіз кеткен жүгірмектерді жөнге салуды бұйырыпты. Бақытымызға қарай, ай­ғай­ға аттан қосылмай, бәрі сәтімен бітті.

Жарты ғасыр жарқыраған жұлдыз

Айымыз оңынан туып, атағымыз алыс-жақынға жайылды. Бастапқыда қолда бар аспаптарымызды өзіміз амалдап жетілдіріп, өйтіп-бүйтіп пай­да­лансақ, кейін ректоратымыз кө­ме­к­­­тесіп, комсбюроның ұйым­да­с­ты­­­­руымен сенбіліктерге шы­ғып, одан түскен ақшаға керекті сах­на­лық құрал-жабдықтарымызды сатып ал­­дық. Ұжымның шығармашылық әлеу­­етін арттыру мақсатында сырттан бірнеше дарынды қыз-жігіттерді ша­­­қыр­­дық. ЖенПИ-дің мақтанышы «Айгүл» ансамблінің маңдайалды мү­шесі Құрманай Толыбаеваға «құда түс­­тік». Ерекше дауыс иесі-тұғын. Әт­тең, ғұмыры ерте үзілді. ҚазМУ-дегі «Оптимисте» солист болып жүрген Бақытжан Жұмаділовті аттай қалап ал­дыр­дық. Бұлардың сыртында Дариға Тұрсынова, Асқар Жанкүшіков, Нұртас Құсайынов, Ақнай Шопотов және басқа әріптестеріміз өнеріміздің өрге жүзуіне өз үлестерін қосты. Қазақстанды мойындатқан «Дос-Мұқасан» бірте-бірте мәртебесі биіктеп, ха­лықаралық деңгейде дүркіреді. Нақ­ты деректерге жүгінсек, сол кезде со­циа­листік елдер саналатын Польшаға, Венгрияға, Германияға, Чехияға сапарлап, еліміздің атынан айтулы сайыстарға қа­тысты. Ташкенттегі халықтар достығы фестивалінде бірінші орынды иеленді. Минскідегі кәсіби орындаушылардың Бүкілодақтың конкурсында алдарына тек атақты «Песнярыды» салып, лауреат атанды. Қазылар алқасы атынан корифей композитор Александра Пахмутова қайырлы қадам тілеп, келешегімізге үлкен үміт артты. Ең ірі жетістіміз есебінде 1973 жылы Берлинде жалауын көтерген жастар мен студенттердің Бү­кіл­әлемдік фестивалінде алтын медаль­мен марапатталғанымызды еске тү­сір­сек кеудемізді мақтаныш кер­ней­ді. Рес­пуб­лика Ленин комсомолы сый­лығының бе­рілуі де ел алдындағы еңбегіміздің еленгенін айғақтаса керек. Жарты ғасыр жарқырап жұрт ал­дын­­да жүрген «Дос-Мұқасан» биыл өзі­нің торқалы тойын атап өтпек. Аты аңызға айналған ансамбльдің әлі талай ұрпақтың талғамын тәрбиелеп, мәдени-рухани қажеттіліктерін өтеуге қызмет ететіндігіне сенімім мол. Біз ал­­ғаш құрылған күннен бастап ұлттық рух­­ты ұлықтауға, қазақ халқының бай му­­зыкалық мұрасын насихаттауға ден қой­дық. Тыңнан түрен тартып, өзімізден кейінгілерге өнеге көрсеттік. Жақсы дәс­түр жалғасса, игі.

«Той жыры» жарты-ақ сағатта жазылған

Біздің ортамызда алғаш отау құрған – Мұрат Құсайынов. Шақыру билетін ал­ған соң аз-кем ақылдастық. Жас ша­ңы­рақ­қа қандай шашу әзірлейміз? Әрине, ән-тартуға ештеңе жетпейді. Оны кім жа­зады? Жанымдағылар маған жалт қа­рады. Себебі, мен онда махаббат та­қы­рыбындағы екі-үш әннің авторы бола­тын­мын. Ендеше бұлталаққа сасып, бұл­­данудың реті жоқ. Бірден келісім бер­дім. Мәтінін жазу «Бәйшешек» атты жас ақындар клубын басқаратын досымыз Ұлықпан Сыдықовқа жүктелді. Содан не керек, күнделікті күйбеңмен жүріп, мойындағы міндетімізді ұмытып кетіппіз. Дәл той болатын күні түске таман Ұлықпан әннің сөзін әкеліп тұр. «Әй, есің дұрыс па, қас пен көздің арасында қайтіп музыка шығарам?» деймін ғой баяғы. «Енді бірдеңе қылсаңшы» дейді анау да екіленіп. Шегінерге жер қал­­мағандықтан қысыла-қысыла ги­та­рам­ды алып дыңылдата бастадым. Құ­дай жанды оңғарайын десе оп-оңай ғой. Сәл-пәл кібіртіктен кейін сауылдап санамнан саз құйылып қоя бергені. Әл­де жүрек түкпірінде бұрыннан әуен жүр­ді ме екен? Білмеймін. Білетінім, ай­на­­ласы жарты-ақ сағатта «Той жыры» ту­­ды. Іле-шала репетицияға кірістік. Ние­­тімізге қарай, ойдағымыз орындалды. Кешкісін той үстінде шарықтата шы­р­­қадық. Жиналған жұрт мәз-мей­рам. Бізге де қанат бітіп, қияға серме­ген қырандай қалықтадық. Кейін бұл ән ре­­пертуарымызға кіріп, «Дос-Мұқа­сан­ның» төлқұжатына айналғаны әмбеге аян. Күні бүгінге дейін қазақтың бірде-бір үйлену тойы онсыз өтпейтінін ой­ла­­­­ғанда төбем көкке екі-ақ елі жетпей тұ­ра­ды. Жалпы, мен ұзын саны жиырма шақты ән жазған адаммын. Олардың ішінде «Алматы түні», «Жан досым», «Күт мені» сынды шығармаларымды тың­­даушылар жылы қабылдады. Хал­қы­­мыздың Қадыр Мырзалиев, Тұ­ман­­бай Молдағалиев, Бәкір Тәжібаев, Иранбек Оразбаевтай ардақты ақын­да­ры­­­мен творчестволық байланыста бол­ған­дықтан өзімді бақытты жанмын деп есептеймін.

Ғылым ғаламаттары қызықтырды

Политехникалық институтты бі­тір­генде екіұдай сезімде болдым. Ма­ман­­дығым да ұнайды, өнер­ді де қи­май­мын. Оның үстіне та­ны­мал­ды­ғымыз жө­нінен еңбек сі­ңір­ген әртіс­тер­ден асып түс­песек, кем соқ­пай­мыз. Құрметке құ­нығып қал­ған­даймыз ба, қалай?.. Ма­мам бірде маған «Балам, өздерің тым ша­рықтап кеттіңдер ғой. Радионың құ­ла­ғын бассақ та, теледидарды қоссақ та, газеттерді ашсақ та сендерді көріп, тың­даймыз. Сауық-сайрандар қашанға дейін созылмақ. Ғылымды қайтесің?» деді ашық әңгімеге шақырып. «Өзіңіз қа­лай ойлайсыз?» деп едім, жауабын қыс­қа қайырды: «Мен айтарымды саған ба­ла күніңде-ақ айтқанмын!». Екеуміз үнсіз ұғыстық. Мәскеудегі болат және қорытпалар институтының аспирантурасын тә­мам­дап, кандидаттық, докторлық диссер­та­цияларымды қорғадым. Ғылым­ның ғажайып әлемі әй-шайға қаратпай бау­рап әкетті. ҰҒА академигі атандық. Ал­­маты Энергетика институтында про­­­ректор, томағамды сыпырған Қан­ыш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлт­тық тех­­­никалық университетінде рек­тор бо­­лып, республикамыздағы жо­ға­ры бі­­­лім жүйесін реформалауға қал-қа­де­­р­ім­ше атсалыстым. 1997-2001­ жыл­да­ры Білім және ғылым ми­ни­стр­лі­гін­де­гі жоғары және арнаулы орта бі­лім бе­ру департаментінің ди­рек­торы, ода­н соң Әкімшілік департаментінің ди­­ректоры лауазымын абыроймен ат­қар­дым. Кейіннен Пре­мьер-Министр ке­­ң­се­сінің әлеуметтік-мә­дени даму бө­лімі мең­герушісінің орын­ба­сар­лы­ғына та­ғай­ындалдым. Бұл жау­апты орын­дар­дың бәрінде еліме адал қыз­мет етуге ты­рыстым. Жүзеге асыр­ған жұ­мыстарды жіп­ке тізе берсем мақ­тан­ған­дай болуым мү­м­кін. Бүгінде Біріккен Ұлттар Ұйымының консультативтік мәртебесі бар Қара және Каспий теңіздері елдері халықаралық қо­рының вице-президентімін, ҰҒА тө­рал­қасының мүшесімін, Жоғары мектеп ұлттық ғылым академиясы пре­зи­дентінің бірінші орынбасарымын. Жасымыз жетпіске жеткенін желеу етіп, жантайып жатуға уақыт жоқ. Жұ­мыс көп. Ғылымның қызығы мен қиын­шы­лығы мол қия жолында қиыс баспау­ды парыз санадық. Ұзын-ырғасы 6 моно­графия, 7 оқулық пен оқу құралын, 300-ге тарта ғылыми еңбек жаздық, 9 ғы­лым доқторын, 12 ғылым кандидатын даяр­ладық. Жан жарым Людмила Байдабекқызы екеу­іміз бауырымыздан өрбіген ұл-қыз­ы­мызды өсіріп, енді немерелеріміздің қы­зығын көрудеміз. Солардың бірі «атам­ның мерейтойына арнап ән шығардым» деп жүрген көрінеді. Бұйырса, тыңдап қалармыз... Талғат Батырхан, "Егемен Қазақстан"