• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Наурыз, 2017

Шахмат шыңына ұмтылған

1229 рет
көрсетілді

«Шахмат дегеніміз – формасы бойынша ойын, мазмұны жағынан – өнер, ал ойынды меңгеру жағынан – ғылым». Бұл – Кеңес заманында әлем чемпионы атанған Тигран Петросянның шахмат туралы сипаттамасы. Осы сөз бүгінгі кейіпкеріміздің жас бола тұра спортта да, өнер мен білімде де даралану құпиясының кілті іспеттес көрінеді. Бірақ Динара Сәдуақасованың табысқа жету формуласы қарапайым – тыңғылықты жаттығу, өз ісіне деген жауапкершілік. Табыстың шынымен де 99 пайызы еңбекпен келетіндігін жетістікке жеткендер жақсы білсе керек. Динараның талантын жоққа шығара алмайсың. Бірақ оның бүгінгі жетістігіне басты себеп – дұрыс жасалған кесте. Бұған «Өзім биология ғылымдарының кандидаты болғандықтан, балаларымның тәрбиесінде ғылыми әдістерді пайдалануға тырыстым», деген кейіпкеріміздің анасы Орал Өтешованың сөзі дәлел. «Мен балаларыма махаббатымды ғана емес, дұрыс тәрбие де беріп, олардың жан-жақты дамығанын қаладым. Сондықтан, білім үшін шахматты, жан дүниесінің сұлулығы үшін музыканы, ал денсаулығы мықты болу үшін спорттық және көркем гимнастиканы таңдадым. Өсе келе әрқайсысы өзі қалаған салаға бет бұрды», дейді Орал ханым. Өзге бүлдіршіндер секілді қуыршақ ойнағаннан гөрі Динараның түрлі құрастырғыш ойыншықтарға әуестігі басым болған. Сондықтан бес жасында ағасы мен әпкесіне еріп шахмат үйірмесіне жазылады. Бұдан бөлек, көркем гимнастика және музыкамен шұғылданады. Ой-өрісінің қатарластарынан озық екендігін байқаған бапкері Ольга Черепанова Динараға шахматқа көбірек көңіл бөлуге кеңес береді. 2004 жылы Сары құрлықтың вице-чемпионы атанса, тағы үш жылдан кейін әлем чемпионатында алған күміс жүлдесі алғашқы бапкері артқан сенімнің ақтауы болатын. Еліміздің атынан 1998 жылы әлем біріншілігінің бас жүлдесін жеңіп алған Дәрмен Сәдуақасовтан кейінгі екінші медаль Динараның шахматқа кәсіби түрде ден қоюына әсер етті. Осыдан соң Динара әртүрлі турнирлерге шақыртыла бастады. Жеңіс те көп күттірген жоқ. Тіпті, түрлі жас айырмашылығында Қазақстанның сегіз дүркін жеңімпазы және абсолютті чемпионы атанды. Бұрымдыларымыздың арасында ең жас халықаралық гроссмейстер атағы да Сәдуақасоваға тиесілі. Әлемдік сында алғаш рет 2010 жылы топ жарды: 14 жасқа дейінгі қыздар арасында өткен біріншілікте қарсылас шақ келтірмеген Динара шахмат әлемінде тағы бір жұлдыздың жарқ еткендігін аңғартты. Бұл жетістігін араға төрт жыл салып Оңтүстік Африка республикасының Дурбан қаласында да қайталады – 18 жасқа дейінгі қыздар арасындағы сында астаналық шахматшы өзінің мықтылығын тағы да мойындатқан болатын. Ал соның алдында Норвегияның Тромсе қаласында жалауы желбіреген Бүкіләлемдік шахмат олимпиадасында 6-орын алған жерлестеріміздің арасынан үздік көрсеткішке қол жеткізген. Бірінші, екінші тақталарда турнирдің менмін дегендерімен кезек ойнап, көпшіліктің көңіліндегі күдіктің күл-талқанын шығарды: алты жеңіс, бес тең ойын, бірде-бір жеңіліс жоқ. Жалпы, Динара үшін 2014 жыл табысты болды. Өзіне еліктеген талай өренге көмек болсын деп «Шахматтағы алғашқы қадам» атты кітабын жарыққа шығарды. Мұнда шахматты жаңадан бастаған ойыншының халықаралық гроссмейстер атанғанына дейінгі жүріп өткен жолы жазылған. «Әрбір қадамыңды алдын ала ойластырып отыруға көмектесетін бұл зияткерлік ойын түрін өзге балалардың да меңгергенін қалаймын», дейді шахматшы. Шынымен де, Динараның бос уақыты бола бермейді. Сабақ пен шахматтан бөлек, бассейн, сурет салу, музыка. Бұл – Динараның күнделікті ләззат алатын хоббилері. Айтпақшы, 2008 жылы П.Чайковский атындағы музыка мектебін фортепиано сыныбы бойынша үздік тәмамдаған. «Мұның бәріне қашан үлгересің?», деп сұрағанымызда Динара: «Ойымда әрбір істелгенге дейін жұмысымды уақыт-уақытпен бөліп қоямын. Маңыздылығы мен ыңғайына қарай. Мұның көмегі орасан. Белгілі бір тәртіппен өмір сүруге бейімделесің. Мінезің қатая түседі. Мақсатқа жетуді үйренесің. Себебі, шахмат адамның дамуына әсер етіп қана қоймайды, ол сені сараптауға, алдыңа тапсырма қойып, соны уақтылы орындауға, дұрыс шешім қабылдауға жол бастайды. Әрбір жеңісім алға қарай, өз мақсатыма ұмтылуымның арқасында келген. Алдағы уақытта қайырымдылықпен айналыссам деймін. Түрлі қиындыққа тап болған балаларға көмектескім, білгеніммен бөліскім келеді», дейді. Елордалық спортшының ниеті қуантады. Бұл ойын жүзеге асыру үшін Динара былтыр Үндістаннан әлем чемпионы атағымен орала салып, Астанада шахмат академиясын ашты. Онда әлеуметтік жағдайы төмен және ата-ана қарауынсыз қалған балаларға шахмат әліппесін тегін үйренуге мүмкіндік бар. Биылғы жылды Д.Сәдуақасова әйелдер арасында Иранда өткен әлем чемпионатымен бастады. Мұндай деңгейдегі біріншілікте тұңғыш рет бақ сынаған шахматшы қыз екінші айналымға дейін жетіп, соның арқасында төрткүл дүние рейтингінде 38-орынға көтерілді. Бар-жоғы 20 жасында осындай тамаша нәтижеге жеткен астаналық бойжеткеннің алар асуы алда. Сол биіктен көріну үшін Динара мерекеге де қарамай жаттығуға кірісіп кеткен. Мереке демекші, кейіпкеріміз еліміздің барша әйелдер қауымын 8 наурызбен құттықтап, «Көктем мейірім мен махаббатқа, жақсы бастамаларға толы болсын» деген тілегін жеткізді. Қашан да қара­пайым Сәдуақасова «Өзіңді қай фигураға ұқсатасың?» – деген сұраққа «Маған қозғалысы шектелмеген ферзь ұнайды, бірақ мен әзірге пешкамын», деп жауап қатқан болатын. Шахмат тақтасындағы қарсылас алаңының соңына дейін жеткен пешка да ферзьге айналатынындай, ақырын, бірақ анық басқан қадамдарыңның арқасында сенің де нағыз патшайымға айналатын күнің алыс емес дегіміз келеді. Мәдина АСЫЛБЕК, Журналист АСТАНА