• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
09 Наурыз, 2017

Алматыда "Қазақтың танымал ханымдары" атты көрме өтті

304 рет
көрсетілді

Көктем келген сайын жігіт атау­лыға гүл тасытып, жылып сала берген күнмен бірге қабағы жіп­си қалатын Алматыны көр­сең – Аналар мерекесінде көр!.. Алматы десе, «Ару қала» деген тіркестің тілге орала беретіні несі екен... Сөйтсек, Тәуел­сіздікті құн­дақтап бесікке бө­леген Алматы – Ер­кіндіктің ана­сы екен ғой. Қазақ баласы сонау Желтоқсанда ер-аза­матпен қатар тұрып, елім деп ұран салған қыздарға қарыз­дар. Қазақ қызының сол кез­­дегі ерлігі қысылтаяңда туа салған кездейсоқ әрекет емес, бабаларға жар болған, батыр­­ларға ана бол­ған әже­лер бо­йын­дағы қасиет пен намыс­тың ғасырларды көктей өтіп, ұрпақтың қанында бүлк еткен бір сәтінің көрінісі еді. Алматы-Ана соған куә болыпты... Ұрпақ жалғастығы, дәстүр сабақтастығы деген бүгін ғана айтылып жүрген кеп қой деймісіз, елдік жолында ер-аза­матқа тірек болған, сын саға­ты туғанда гүл ұстайтын қолы­на қару алып, май­данға кіру­ден де тайынбаған алып аналардың бейнесі әр заманда өзінше үлгімен қастерленіп, қасиеттеліп келіпті. Дәтіңіз жетсе, мәңгі тарихтан ойып тұрып орын алған Қазақ қызын санап тауысып көріңіз! Осындай тарихи тұл­ға­лар­ды бүгінгі ұрпаққа үлгі ету мақ­­­сатында Алматы қала­лық мәде­ниет және архив­тер бас­қар­ма­сы және Алма­лы аудандық әкім­дігінің қол­дауымен Women of Kazakhstan бейкоммерциялық ұйымы мен «Алматы қала­сы музейлер бірлестігі» «Қазақ­стан­­­ның танымал ханымдары» тақы­рыбында көрме ұйым­­дас­тыр­ды. Көрмеге 25 портрет (су­рет­ші Лидия Дроздова сал­ған), бірнеше тарихи-деректі ең­бек, ашық хаттар, 1930-жылдар­дан бері қазақ әйелдері ал­ған бір­­қатар төсбелгілер, Тәуел­сіз­­­дік жылдарынан бері қазақ қыз­­дары­ның құрметіне арнайы шыға­рыл­ған маркалар, конверттер, күн­тізбелер қойылды. Шараны ұйымдастырушы Women of Kazakhstan ұйы­мы­ның директоры Динара Асанова­­ның айтуынша, көрмеге қо­йыл­ған заттардың бәрі оның атасына тиесілі. Белгілі ға­лым, филоло­гия ғылымдарының док­торы, профессор, академик Шора Сарыбаев көп жылдар бойы араласқан, көзін көрген, дос болған тұлға­лар­дың фотосуреттерін, қазақ қыздары алған әртүрлі медаль, орден, маркалар мен конверттер коллекциясын жинаған. Көрмені ұйымдастыру идеясы да осыдан шықса керек. Динара атасы бастаған істі ресми түрде қол­ға алып, жақында Қазақстан Ұлттық кітапханасында үлкен көлемде көрме өткізіпті. – Халықаралық әйелдер күні­не орай ұйымдастырылған көр­ме­ге жалпы қордағы материал­дар­дың он пайызы ғана ұсы­ныл­ды, – дейді Динара Асанова. Ұйымдастырушылар 1950- жыл­­дардан бері жиналған мате­риалдардың қорын ұлғайтуды жоспарлап отырған көрінеді. Ал, негізгі мақсат – алдағы уа­қыт­та Қазақстанда әйелдер музейін ашу. Көрменің тағы бір артық­шылығы – ұлттық өнер мен әде­­биетке, қоғам мен ғылым-білім­­ге орасан үлес қосқан қазақ қыз­дары туралы жан-жақты мәлі­мет беруді мақсат еткені. Көр­мені тамашалаушыларға ақын Сарадан бастап Әлия, Мән­шүк, одан бері тартқанда әлем­ді жалт қаратқан моң­ғолия­лық бүр­кітші қыз Айшол­пан Нұр­ғайып­қа дейінгі ара­лық­тағы қазақ аруларының өмір­бая­ны, жетістігі, әдеби-мәде­ни мұ­ра­лары жайлы мағлұмат берілді. Алмас НҮСІП, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ