• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
09 Наурыз, 2017

Елеуге тұрарлық тұлға еді

312 рет
көрсетілді

Әттең бір қапы дүние-ай! Асылдарын ардақтауға келгенде әншейінде алдына жан салмайтын қайран қазекемнің кейде кежегесі кейін тартып, керенаулық танытатынын қайтерсің. Әйт­песе, қазақ әйелдері арасынан шыққан тұңғыш баскетболшы ретінде ұлықталып, аты-жөні Ұлттық энциклопедиямызға енген Шолпан Дүйсенова елеуге тұрарлық тұлға еді-ау. Өкінішке қарай, кешегі көзі тірі кезінде оған ел спортының өсіп-өркендеуіне сіңірген еңбегіне лайық құрмет көрсете алмадық. Бұдан екі жыл бұрын ақтық сапарға аттанғанын ағайын-туыстарынан басқа көп ешкім білмей де қалды. Жағымды-жағымсыз жаңалықтарды жерде жатқызбайтын ақпарат құралдары бұл жөнінде жұмған ауыздарын ашпады. Жаманат хабарды алты айдан соң естіген біз «ештен – кеш жақсының» жоралғысымен «Егемен Қазақстан» газетінде «Қазақ баскетболының қарлығашы еді» деген мақала жарияладық. Егер бағалай білсек, оның есімі Мұсабек Жайшыбаев, Хамза Мұха­меджанов, Алдаберген Нұрбеков, Шоқыр Бөлтекұлы, Ораз Қаңлыбаев, Гүлшат Майлыбаева секілді қазақ спортының негізін қалаған саңлақ­тармен қатар тұруға тиіс. Қабырғасы қатпастан «халық жауының» қызы атанып, тағдырдың талай тауқыметін көрген қайсар қыз арман қуып алыстағы Арқадан Алматыға келгенде алдынан құшақ жайып ешкімнің қарсы алмағаны анық. Аттанарда анасы қолына ұстатқан жарты қап кепкен қара нанды ертелі-кеш талғажау етіп, табанынан таусыла білім беретін оқу орнын іздеді. Ақыры, Алатаудың баурайына эвакуациямен келген Севастополь кеме жасау техникумына түсті. Бірақ жатақхана берілмегендіктен, кім көрінгеннің босағасын жағалап, күнкөрісі келіспеді. Содан соры қайнап жүргенде көшеге жапсырылған жарнамаға көзі түсті. Тау-кен институтының дайындық бөлімі үміткерлердің құжатын қабыл­дайды екен. Ең бастысы, жатар орны да, стипендиясы да бар көрінеді. Ойы орындалып, оқуға ілінді. Тас басып, тау асып, кен іздеп кетер ме еді, кім білсін, кездейсоқ бір оқиғаға кездес­пегенде. ...Мәскеуде Ұлы Жеңістің құр­метіне арналған Бүкілодақтық физкультурашылар шеруі өтетін болып, соған қатысатын Қазақстан делегациясы жасақталғанда жастайынан жұмыс жасап шыныққан, сәмбі талдай сымбатты Шолпан назарға бірден ілікті. Дүбірлі мерекеге дайындық барысында жүгіруден де, секіруден де үздіктер қатарынан көрінген оны Алматыда жаңадан ашылған дене тәрбиесі институтының директоры Шәміл Бекбаев өздеріне шақырды. Айы оңынан туған ақмаңдайлы ару осылайша үлкен спорттың табалдырығын аттады. Екінші курста білікті бапкер Нина Гапченконың қарамағында алғашқы қадамдарын жасап, баскетболдың қыр-сырына қаныға бастады. Асқан қабілетінің арқасында Шолпан Дүйсенова тез арада жанкүйерлер сүйіктісіне айналып үлгерді. Он жыл бойы одақтық бәйгелерде Қазақстан құрама коман­дасының көшбасшысы бейнесінде танылды. КСРО халықтарының бірінші спартакиадасында республикамыздың спортшылары атынан жарыс жалауын көтеру мәртебесін иеленгенін ауыз толтыра айта кеткеніміз жөн. Сол жолы «Советский Союз» журналында басылған сүйкімді суреті шартарапты шарлады. Дүбірлі додаларда дүркіреген Дүйсенова кезінде КСРО-ның жас­тар құрама командасында жасындай жарқылдап, кейіннен еңбек сіңірген спорт шеберлері атанған Галина Ярошевская, Нина Еремина секілді әлемге әйгілі баскетболшылармен бірге өнер көрсеткенін бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Социалистік елдерге емін-еркін барып жүрген ортаң қолдай ойыншы Францияға аттанарда тізімнен сызылып тасталды. Сірә, отыз жетінің ойранына ұшыраған әкесінің «қылмысы» қырағы мекемелердің есіне түсіп кетсе керек. Осынау келеңсіз оқиға оның алаңмен ертерек қоштасуына теріс әсерін тигізді. Анау жылдары қарлатып-боран­датып Қарағандыдағы үйіне іздеп барға­нымызда, баяғыда ақ таңнан қара кешке дейін атойласа шаршауды білмейтін аяғын кәрілік құрсаулаған кейуана кемсеңдеп отырып, басынан кешкен барлық қиындықтарды айтқаны жадымызда жиі жаңғырады. Бар ғұмырын баскетболға арнап, ұзақ уақыт бойы ЖОО-да ұстаздық қылып, ұрпақ тәрбиесіне қомақты үлес қосқан аяулы жан тірі болғанында бұл күндері тоқсанға толар еді. Ел үшін еткен еңбектің ескерілгені жөн-ау... Талғат БАТЫРХАН, «Егемен Қазақстан»