• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
09 Наурыз, 2017

Қазақ киносындағы әйел бейнесі

1187 рет
көрсетілді

Қазақ киносындағы ана бейнесі туралы ой қаузағанда, ең алдымен, қазақ киносының анасы – Әми­на Өмірзақованың «Тақиялы пе­ріш­тедегі» – Тана, «Ана туралы аңыз­да­ғы» – Ана, «Гауһартастағы» –Тас­тан­ның анасы, Хадиша Бөкееваның «Тұл­пардың ізі» фильміндегі – Тұ­рар­дың анасы, ал қазақ келіні десе, «Тұл­пар­дың ізіндегі» – Жаухаз (Фарида Шә­ріпова), «Гауһартастағы» – Сал­та­нат (Жанна Қуанышева), қазақ қы­зы дегенде, «Қыз Жібектегі» Жібек рөлд­е­рі көз алдымызда тұра қалады. Осы фильмдер жарық көргелі бері қанша уақыт өтсе де, бұлар қазақ әйелі­нің кинодағы эталоны болып қала бер­мек. Мұның қандай құпиясы бар? Осы ретте бүгінгі қазақ киносындағы әйел бейнесінен біз кімдерді көреміз, жа­ды­мызда жатталар қандай жандар бар десек, ә дегеннен осынау перизат кейіп­кер­лердей еске түсетін немесе есте қа­лар­лық­тай бейнелер кезіге ме деген сұ­рақ­тың көлденең тартылары сөзсіз. Әри­не, уа­қыт бір орында тоқтап тұра бер­мейтіні заң­дылық, мұнымен бірге кө­рер­мен тал­ғамы да, кино түсіру технологиясы да, кейіпкерлер де жаңғырып, басқаша си­пат алатыны, заманауи талапқа сай өз­ге­ріс­терге ұшырайтыны – өмір талабы. Бірақ, мәселе тек осымен ғана шектеле ме? Бірде студенттермен шығармашылық кездесу барысында белгілі кинорежиссер Дәрежан Өмірбаевтың «Кардио­грам­ма» фильміндегі Жасұлан­ның ана­сы рөліндегі актрисаны қалай кез­дес­тіргенін баяндап бергені бар еді. Вок­зал­дың күту залында отырған режис­сер кенет ту сыртынан естілген әйел адам­ның даусына назар аударады. «Жүзін, түр-тұлғасын көрмей-ақ, оның жұмсақ үні­нен жылылық пен мейірім сезіліп тұр­ды. Бейтаныс әйелдің даусында адам баласының жүрегіне ортақ, асыл ана­ларды еске түсіретін бір ерекше құдірет бар болатын» деген еді режиссер. Шын мәнінде, режиссер осы ойы арқылы экранда адамның кескін-келбеті ғана емес, тіпті, дауыс ырғағы мен табиғи бояуына дейін өте маңызды рөл атқаратынын меңзеп отыр ғой. Тіпті, кейіпкердің үнсіз қалпының өзін айна-қатесіз мүсіндейтін, кісінің жан дүниесін, бітім-болмысын сырттай баян­даусыз, бір ауыз сөз айтқызбастан-ақ жанарындағы жарқылмен, езуіндегі күлкімен, жүзіндегі мейірім нұрымен жан-жақты ашып көрсете білетін экранды құдды бір рентген дерсіз. Егер мұн­дай шынайы көркемдік пен түпкі мақсат ондағы әртістің табиғи болмысынан есіп тұ­рмаса, көрерменді ешқандай гриммен де, сөзбен де, мың құбылған дауыспен де иланту қиынның қиыны-ау. Жоғарыда аталған фильмдерді көр­ген сайын Дәрежан Өмірбаевтың жас ма­мандарға ескерткен сондағы қа­ғи­да­сы жиі еске түседі. Шын мәнінде, «Та­қия­лы періште», «Ана туралы аңыз», «Гауһартас», «Тұлпардың ізі», «Қыз Жібек» фильмдеріндегі ақ самайлы аналар мен ибалы қыз-келіншектердің бейнесін сомдауға дарыны мен шығар­ма­шылық қарымы жеткілікті басқа да әртістер болмады емес, болды ғой. Бірақ режиссердің таңдауы дәл осы әртістерге түсуі бекер емес. Осы тұста фильм авторларының экран тілін шебер меңгергендігін, тұлғаларына көкірек көзімен үңілгендігін айқын аңғарамыз. Мысалы, «Гаухартастағы» Ананың бейнесін алып қараңызшы. Бір қарағанда, фильм оқиғасының алдыңғы қатарында Тастан, әкесі, Салтанат, тағы да басқа кейіпкерлер тұратын секілді көрінеді. Алайда, Әмина Өмірзақова апамыз ойнайтын кейіпкер бейнесі осылардың арасында фильмнен соншалық көп орын ала қоймайтынына қарамастан, экрандағы оның әрбір қимыл-қозғалысы, аналық мейірімі мен жарқын келбеті сол отбасының жылуын сақтап, рухани ауанын ұстап отырған Ана екенін сездіртіп тұрады. Фильмде оның аузынан шығатын сөздері санаулы-ақ. Тіпті, үнсіз деуімізге болады. Артық іс-әрекет те байқалмайды. Бірақ, әрқайсымыз ол кейіпкерді өзіміздің Анамыздай қабылдаймыз, арманымызға асқақ үмітпен алаңдаған аяулы жанның иісін сеземіз. Осыдан соң-ақ ол біз үшін фильмдегі басты кейіпкерлердің біріне айналып сала береді. Мәселенің бәрі осы сезіну мен қабылдауға келіп тіреледі ғой. Ал оны экранда өзінің өнерге шексіз махаббаты арқылы бірден-бір сездірте алған Әмина Өмірзақованың тұлғалық қасиеті мен таланты кейінгі ұрпақ үшін, болашақ аналар мен асыл жарларға әманда өнеге мектебінің міндетін атқармай ма? Соңғы кездері бүгінгі қазақ киносында сәтті шыққан әйел бейнесі жоқ, мүлдем кездеспейді деген сыни пікірлер жиі кездеседі. Осының бір себебі біз жоғарыда қайта-қайта назар аудартып өткен экранның рентгендік қасиетіне келіп тіреледі. Өкінішке қарай, осы бір қарапайым қағида жиі ескеріле бермейді. Есесіне, әйел кейіпкерлеріміз бірде америкалық, бірде еуропалық, енді бірде қытай ма, әлде корей ме, әйтеуір шет ел киносының кейіпкерлеріне ұқсаңқырап кетіп жатады. Бүгінгі қазақ фильмдеріндегі бойжеткен, ана, келін, ене бейнесі мүлдем өзгерген. Әйел кейіпкерлердің бойынан жан жылуы сезілмейді, өңдері – суық. Бөтендік сезім басым. Олардың сырт тұлғасы сымбатты, көрікті болғанымен, жанынан табиғи жылу тарамайды. Дәл осы кейіптегі әйел бейнесі бір фильмнен екінші фильмге көшеді де жүреді. Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ, кинотанушы, өнертану кандидаты