• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
09 Наурыз, 2017

Қыпшақ аруы

1314 рет
көрсетілді

Қыпшақ аруы! Дүр Ана! Құтты құрсағы! Кездестік. Менің Күн шағым, Оның гүл шағы! Білектей бұрым тартылған құстың жолындай, Тістері маржан, теңіздің күміс бұршағы! Дештінің қызы! Дүриядан киген көйлегін, Оқасын тесіп өткендей еді ой көгім! Алдына барып, шымылдығының сыртында, Аруағым асып, рухтың тілінде сөйледім! Қыпшақ аруы – Әлемнің әзиз бегімі! Көкте Хақ Ұлы, сонан соң Жерде Сен Ұлы! Кіндігін кесіп, кір жуған жусан далада, Үзе өзен мен Азау теңіздің келіні! Сүйегі алтын сардардың ғана серігі! Жүзін жел, көркін Күн сүйіп әлі көрмеген, Дидарын айтып, көмейден төктім көлге өлең! Күн түбі жортып, жорықта рухы өлмеген, Сегіз ғасырды ысырып тастап көлденең, Тас балбалдарды далаға ерттім көрмеден! Қыпшақ аруы! Хан ұлын сүйдің Сен де асып, Бедізші сұлтан, бектерден асып Мен ғашық! Келе жатырсың қыпшақ даласын Сен басып, Бара жатырмын Жошының жұртын Мен басып, Сегіз ғасырдың кеудесін ерке желге ашып! Қыпшақ аруы! Ұмай қыз текті! Ақ Ана! Сезімің үшін шүберек жаным садаға! Тас балбалдарды ертіп әкетем, жан аға, Қыпшақтың қызын ертіп әкетем далама! Мирас АСАН ҚАРАҒАНДЫ