Біздің буын керемет уақытта дүниеге келіп, өмір сүріп жатыр деп санаймын. Себебі, біз Тәуелсіз елде туып, еліміздің жыл санап саяси, экономикалық және әлеуметтік тұрғыда нығайып келе жатқанына куә бола жүріп, оған өз үлесімізді қосу мүмкіндігіне ие болдық. Тәуелсіздіктің 25 жылында Елбасы мен халқымыз орасан зор жұмыстарды атқарып, қазақстандықтар үшін дамудың зор мүмкіндіктерін қалыптастырды.
Австрия мен Еуропалық одақ елдерінің азаматтары Қазақстан туралы хабардар, олар біздің мәдениетімізге, еліміздің жастарына үлкен қызығушылықпен қарайды. Бізге және елімізге деген сый-құрметтері ерекше.
Биыл елордамызда ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі өтпек. Жуырда ғана Алматыда Дүниежүзілік Универсиада-2017 мәреге жетті. Осының бәрі – Қазақстанның әлемдік аренада мойындалғанының айқын белгісі.
Мемлекет басшысының 31 қаңтар күні Қазақстан халқына арнаған «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауы еліміздің әл-ауқатын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі деп санаймын. Жас буын өкілі ретінде, әсіресе, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы үшін ерекше қуаныштымын. Себебі, болашақ технологияға байланысты, технологиялық тұрғыда дамуға қол жеткізу басқа салаларға да серпін береді. Сонымен қатар, IT бағдарламалар шығындарды азайтып, уақытты үнемдеуге көмектеседі, адамдар өзара ақпарат, тауар және қызмет түрлерін алмаса алатын болады.
Австриядағы қазақстандық студенттердің пікірінше, болашақта отандық өнімдерді экспорттау еліміздің басқа мемлекеттермен арадағы саяси байланыстарын жақсартып, экономикалық әл-ауқатымыздың артуына оң ықпал етеді. Отандық өндірісті жолға қою, қайта өңдеу халқымызды ол өнімдердің шетелдік баламасынан бас тартқызып қана қоймай, өз өнімдерімізді мақтан тұтуға, жастардың санасында отаншылдық рухтың күшеюіне де әсер ететіні сөзсіз.
Билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері де басқару жүйесінің тиімділігін арттырып, аз уақыт ішінде нәтиже бере бастайды деп сенемін. Парламент пен Үкіметтің рөлінің күшеюі олардың халық алдындағы жауапкершілігін арттыруға тиіс. Әлемдік тәжірибеде бұрыннан бар бұл тәжірибе еліміздегі тұрақтылықтың одан әрі нығая түсеріне әсер етеді.
Қазіргі таңда Қазақстанның әлемдегі ең дамыған елдердің қатарынан көрінуіне мүмкіндік туып тұр.
Әлихан АСҚАР,
Австриядағы Қазақстан студенттері қоғамының президенті