Парламентте Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев БҰҰ Бас хатшысының саяси мәселелер жөніндегі көмекшісі Мирослав Енчаны қабылдады. Кездесу аясында Қазақстан мен БҰҰ-ның өзара іс-қимылының өзекті мәселелері талқыланды.
Биыл Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылданғанына 25 жыл толды. Осыған орай ұйымдастырылған шарада Қ.Тоқаев Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы мен дамуындағы жаһандық ұйымның маңызды рөлін атап өтіп, конституциялық реформаларға қатысты жаңа түзетулер Қазақстан мемлекетінің демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік негіздерін бекітетіні туралы пікірін білдірді.
«Реформа билік тармақтары арасындағы өкілеттіктерді қайта бөлуді ғана емес, тәуелсіздіктің мызғымастығы мен Қазақстанның Тұңғыш Президенті негізін қалаған басты қағидалар жөніндегі ережелерді де қамтиды», деді Қ.Тоқаев.
Сондай-ақ, екеуара әңгіме барысында Төраға Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі уәкілдің мәртебесі мен жауапкершілігі күшейе түсетініне, өйткені, ол лауазымға Президенттің ұсынуы бойынша Сенат сайлайтынына және жұмыстан босататынына назар аударды.
Кездесуде тараптар Қазақстанның БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне мүше болған кездегі Орталық Азиядағы жағдай туралы да пікір алмасты. Сенат Төрағасы аймақтық қауіпсіздік пен ынтымақтастықты нығайту Президент Н.Назарбаевтың Қауіпсіздік Кеңесіне арнаған Үндеуіндегі негізгі басымдықтардың бірі екеніне тоқталды. Қ.Тоқаев Қазақстан БҰҰ құрылымдарымен, оның ішінде Орталық Азияға арналған Превентивті дипломатия жөніндегі аймақтық орталықпен тығыз және нәтижелі ынтымақтастыққа сенім артатынын атап көрсетті.
Айта кетейік, кездесуге осы Аймақтық орталықтың басшысы, Бас хатшының Арнаулы өкілі Петко Драганов та қатысты.
Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,
«Егемен Қазақстан»