• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
09 Наурыз, 2017

Толағайлар тартысы

295 рет
көрсетілді

Сыр еліне толағайлар келді. Әлемнің бар темір-терсегін басы­нан асырып тастай салатын саң­лақтар Қызылордада ауыр атлетикадан Қазақстан Респуб­ликасының кубогы мен чемпионатын сарапқа салды. Ел шең­беріндегі ең елеулі жарысқа әйелдер мен ерлер құ­рамасының барлық өкілі қатысты. Бес күнге созылған жарыста Астана, Алматы қалаларынан және облыс орталықтарынан 14 команда келіп, 150 зілтемірші кімнің мықты екенін анықтады. Жылдағы дәстүр бойынша 105 келі салмақ дәрежесінде жеңімпаз атанған спортшыға ақшалай сыйлық пен Илья Ильин атындағы кубок табыс­талды. Биылғы бәсекеде бұл аталымды қызылордалық Рүстем Сыбай жеңіп алды. Солайша, ол кубок пен сертификат иегері атанды. Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте Алматы облысының ерлер құрамасы топ жарды. Ал Қызылорда облысының командасы екінші орын иеленсе, Шығыс Қазақстан облысы үшінші орынды еншіледі. Әйелдер арасында Алматы қаласы жеңімпаз атанса, қалған орындарды Алматы облысы мен Шығыс Қазақстан облысының командалары өзара бөлісті. Жекелей жаттығуларда 48 кило бойынша алматылық Юлия По­тасова жеңімпаз атанды. Ол жалпы есепте 145 кило салмақты көтеріп дара шықты. Одан кейінгі орындар да оңтүстік астанадан келген қыздарға бұйырды. Гүлнұр Ыбырай мен Наталья Бердиктің арасын бір ғана кило бөліп тұрды. 53 кило салмақ дәрежесінде Әсел Амангелді алтыннан алқа тағын­са, Александра Лачкова күміс, Ақмарал Үргешбаева қола жүлдені иеленді. Сәуле Сәдуақасова, Ли­дия Ануфриева мен Мәдина Аста­мировалар 58 кило салмақтағы жүлделерді бөлісті. 63 килода қызылордалық Әсем Садықова же­ңімпаз тұғырына көтерілсе, одан кейінгі орындарға Ека­терина Долгих пен Елизавета Белоусова жайғасты. 69 кило дәре­­жесінде Майра Файзуллаева қарсыластарынан қара үзіп шықты. Ол жалпы қорытынды есепте 210 кило салмақты бағындырды. Екінші орынды алған Анжела Чалкарова 193 килоны көтерді. Екатерина Быкова болса, 178 киломен үшінші орынға тұрақтады. 75 килодағы Раушан Мешітханова тіпті үлкен нәтиже көрсетті. Ол 212 кило зілтемірді басынан асырып тас­тай салып, алтын жүл­деге қол созды. Одан кейінгі орынды иеленген қызылордалық Диляра Піржанова 152 кило салмақты ғана бағын­дырды. Өскеменнен келген Анеля Сумбембаева 146 киломен қола жүлдені қанағат тұтты. Есесіне 90 килодағы қыздар қол соғарлықтай нәтиже көрсете алмады. Бұл сал­мақта бірінші орынды алған Валерия Дежина бар-жоғы 185 кило салмақты көтере алды. Екінші және үшінші орынды иеленген Нұ­рай Қасеналы мен Индира Кеңес­бекованың да нәтижелері бұдан әлдеқайда төмен. Аса ауыр салмақтағы қыздардың бәсекесі біршама шиеленісті болды. Нә­тижесінде, Оңтүстік Қазақстан об­лысының атлеті Александра Абор­нева 240 кило қорытындысымен же­ңіске жетті. Алматылық Айзада Мүптілда мен Данагүл Исапа жүлделі орындарды өзара бөлісті. Ерлер арасындағы бәсеке адам қанын қыздыратын, жан­күйерлердің делебесін қоздыратын негізгі сын ғой. Сондықтан, жеңіл салмақтан бастап жігіттер жарыс көрігін қыздырып сала берді. 56 кило салмақта қызылордалық Алмат Асанханұлы топ жарды. Ол 203 ки­ло­ны ба­ғындырды. Қостанайлық Аян Байзақов қарсыласынан бір килоға ғана кем көтеріп, күміспен күптелді. Өскемендік Рахат Би­сембаев қола жүлде иегері атанды. 62 кило салмақтағы Сыр елі үміт күткен спортшылардың бірі Әділбек Балахаев алматылық Игорь Соннан 10 кило кем көтеріп, екінші орынға тұрақтады. Бұл салмақтағы қола жүлде де қызылордалық Ерболат Жоламановқа бұйырды. 69 кило дәрежесінде Михаил Дроздов, Александр Ким, Айдос Тұр­сынбай үштігі жүлдегерлер қатарынан көрінді. 77 килода Альберт Линдер алтын алса, Айдар Қазов күміс, Андрей Снегуров қола жүлдені қанжығасына басты. 85 кило дәрежесінде тағы бір Лин­дер әулетінің баласы Се­мен топ жарды. Ол екінші орын алған Медет Жүндібаевтан 34 кило салмақ артық көтерді. Бұл салмақта қарағандылық Кирилл Староверкин 290 киломен үшінші орынды иемденді. 94 кило сал­мақта Айбек Жәні­беков дара шық­са, Аят Әмір­беков пен Дәулет Мыр­захметов одан кейінгі орын­дарға тұрақтады. Даңқты Илья батырдың салмағында Рүстем Сы­байдың ерекшеленгенін сөз басында айттық. Ол 377 кило салмақты кө­терді. Әлихан Шайхиддинов 341 кило, Ильдар Миннияров 330 килоны бағындырып, жүлдегерлер қатарынан табылды. Аса ауыр сал­мақтағы бәсекеде Ибрагим Бер­­­сановқа жетер ешкім болмады. Жалпы, қорытынды бойынша 367 кило салмақпен бірінші орынды иеленді. Дегенмен, бұл өзінен сал­мағы жеңіл Рүстем Сыбайдың көр­сеткішінен 10 килоға төмен еке­нін айта кеткен жөн. Евгений Ко­лес­ников пен Игорь Полозовтың да нәтижесі көңіл көншітерліктей емес. Бірақ, екінші және үшінші орын­ды иеленуге мүмкіндіктері жетті. Сонымен, бес күн бойына со­зылған байрақты бәсе­ке өз мәре­­сіне жетті. Енді жеңім­паздар­дан жасақталған ел құрамасы Аш­ғабадтағы Азия чемпионатына дайын­­дықты бастап кетті. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан» ҚЫЗЫЛОРДА