Чемпиондар лигасы 1/8 финалының екінші кездесуінде Дортмундтың «Боруссиясы» «Бенфика» командасын қабылдап, 4:0 есебімен ойсырата жеңді.
Ойын бастала сала алаң иелері бірден шабуылға шығып, нәтижесінде 4-минутта есеп ашып үлгерді. Пьер-Эмерик Обамеянг бұрыштамадан көтерілген доптан кейін, дәл соққы бағыттап, «Боруссияны» алға шығарды.
Кездесудің екінші таймы неміс командасы үшін сәтті өтті. 59-минутта Кристиан Пулишич екінші голды салып, командасын қос кездесудің қорытындысы бойынша алға шығарса, арада екі минут өтер-өтпес, Обамеянг дубль иесі атанды. Ал негізгі уақыттың аяқталуына бес минут қалғанда дәл осы габоналық ойыншы өзінің үшінші добын соқты.
Айта кетейік, алғашқы ойында дортмундықтар 0:1 есебімен ұтылған болатын. Қос матчтың қорытындысы бойынша 4:1 есебімен басым түсіп, ширек финалға жолдама алды.