Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан алынған қаржы толық көлемде қайтарылады. Бұл туралы бүгін «ҚДБ Лизинг» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Ринат Ғаппаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бұған дейін айтылғандай жоба Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ақшасы есебінен қаржыландырылады. Қаржы «Қазақстанның даму банкі» АҚ облигацияларын шығару есебінен тартылды. 17,5 млрд. теңге 10 жылдық мерзімге беріледі. Қаржы фитингтік вагон платформалар сатып алуға жұмсалады. «ҚДБ Лизинг» оларды сатып алады да «Вагонстройменеджмент» ЖШС-ына лизингке береді. Яғни, мерзім аяқталғанға дейін, қарыз толық өтелгенше бұл платформалардың иесі «ҚДБ Лизинг» АҚ болып саналады», - деді ол БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның айтуынша, бұл жоба - БЖЗҚ қаржысы есебінен жүзеге асырылатын ең бірінші және жалғыз жоба болып отыр. Жобаға «ҚДБ Лизинг» АҚ бекіткен рәсімдерге сәйкес кешенді сараптама жүргізілген.
Сонымен қатар «Вагонстройменеджмент» ЖШС мен «ҚТЖ Экспресс» АҚ арасында жалға алу туралы шарт жасалған. Ғаппаровтың сөзіне қарағанда, үстіміздегі жылдың қаңтарында «ҚДБ Лизинг» АҚ 1 млрд. 280 млн. теңге көлеміндегі алғашқы сыйақысын алды.
Айта кетейік, 2016 жылдың тамызында «ҚДБ Лизинг» АҚ-ы Қазақстанның вагон жасау саласындағы интегратор компания құру жобасын қаржыландыруды бастады. Оның аясында елімізде шығарылған 1 132 лизингтік вагон-платформа сатып алу жоспарланған.
Жоба аясында «ҚТЖ Экспресс» компаниясы 80 футтық 1 102 платформа алмақ.