Құрлықтық хоккей лигасы (ҚХЛ) «Барыс» командасының қандай жағдайда өз ойындарын Алматы мен Астанада өткізе алатынын хабарлады.
Бұған дейін 2017 жылғы қысқы Универсиада ойындарын ұйымдастыру және өткізу дирекциясының аппарат басшысы Дидар Сағадиев астаналық клубқа «Астана Арландарынан» үлгі алып, өз матчтарын тек «Барыс-Аренада» ғана емес «Алматы-Аренада» өткізуі керектігін алға тартқан болатын, деп хабарлады vesti.kz.
«Универсиада кезінде Алматы тұрғындарының да хоккейге қызығушылықтары жоғары екенін байқадық. Бірақ ҚХЛ-ге екі бірдей қазақстандық клубты тіркеу біраз қаржыны талап етеді. Дегенмен, Алматыға да хоккей керек. «Астана Арландары» жекпе-жектерін еліміздің әр өңірінде өткізетіндігін көріп, «Барыстың» ойындарын Астана мен Алматыда да өткізсе екен деген ұсынысымды білдіремін. Қаламызда да халықаралық талаптарға сай мұз айдынымыз бар. Сондықтан барлығын жан-жақты қарастырып, осы істі қолға алу керек», – деді Дидар Сағадиев.
ҚХЛ-дің баспасөз қызметі лига тәртібі бойынша командалардың ареналар санына шектеу қойылмайтынын, бірақ барлық талаптарға сай болуы керектігін хабарлады.
«Әрбір клубтың өз матчтарын өткізетін ареналар санына шектеу қойылмайды. Басты талап – барлық талапқа сай болу. Егер «Барыс» клубы өз ойындарын екі қаладағы ареналарда өткізу туралы ниет білдірсе, көремермендердің ыңғайына қарай Лига бұл өтінішті қарап шығуға дайын», – делінген хабарламада.
Айта кетейік, ҚХЛ рұқсат еткен жағдайда «Барыс» тек келесі маусымнан бастап қана өзге аренада өткізе алады. Қазір елордалықтар Гагарин Кубогына қатысып жатыр. Бүгін Астана уақыты бойынша 20:00-де Магнитогорскіде жергілікті «Металлург» командасымен күш сынасады.