• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
10 Наурыз, 2017

Бағы да, бәсі де артық «Байсерке-Агро»

716 рет
көрсетілді

Елбасы жоғары бағалаған озық шаруашылық ғылым мен өндірісті ұштастырған инновациялық-технологиялық орталыққа айналып отыр

Ғылым мен өндірісті ұштастыру идеясы

– Бірден айтайын, бұл туралы жазу оңай болмайды, – деді Темір­хан Мыңайдарұлы, «Байсерке-Агро» ғылыми-өн­дірістік оқыту орта­лы­ғы­ның базасына алғаш кіргенімізде. Себебі, тілші түгіл егін мен мал шаруашылығынан хабары бар деген ортанқол фермердің өзі ауыл шаруашылығының ғылыми бағытын, әлемнің ең үздік тәжірибелерін үздіксіз зерттеп отыра алмайды. Ал мұнда атқарылып жатқан бүкіл шаруа әлемдегі ең соң­ғы ғылыми-техникалық жаңа­лықтарға негізделген. Сол себепті, мұндағы техникалар, ғылыми әдіс-тәсілдер, басқа да жаңалықтар көпшіліктің қо­лы жете беретін дүние емес. Қолжетімсіз нәрсенің сырын білу қиынға түсетіні айтпа­са да түсінікті. Біз бас сұққан мекеме ең алдымен осы кедер­гіні алғашқы болып аттап өткен орталық. Көп са­лалы шаруашылықпен таныса жүріп, «өрістегі малымен бір­ге жусап, бірге өрген» қа­зақ­тың жаңа замандағы ұрпа­ғы­ның малды да, жерді де ин­но­ва­­циялық технологиялар арқы­лы игеріп отырғанын көр­дік. «Байсерке-Агро» өндіріс шаруа­шылығының басшысы айтады: – Жалпы, өзіңмен өзің ғана болып, ескі сүрлеумен тарта берсең, ешқандай істе даму болмайды. Асса аз­­ған­тай табысты місе тұтуы­ңа тура келеді. Ал рес­пуб­ли­­калық және әлемдік шаруа­шы­лықтан өз орныңды алам десең, дүние жүзінің дамыған елдерін аралауға, әріптестік қарым-қатынас орнатуға тура келеді. Сол арқылы зерттей­сің, тәжірибе алмасасың. Жақ­сысын, жаңалығын өз шаруашылығыңда қолданып көресің. Бірақ, бұл да жай ғана көшіріп әкеліп қолдана беру дегенді білдірмейді, кли­матқа, жердің ыңғайына қарай тех­ни­каны да, басқаны да оңтай­лан­дыруға, өзгертіп қайта жасауға тура келеді. Қаншама гектар егіншілік, қан­шама мыңдаған түлік, соның бәрін игеріп отырған заманауи техника... Санай берсе аз емес екен. Осыған же­ту үшін адамға алдымен не керек? Нені білуге тиіс? Білек түріп, әуп деп іске кіріс­кен қарсаңда ғылыми-өндіріс­тік орталықтың басшы­лығы шаруашылық туралы қатып қалған стереотип­тер мен жұмысқа деген жауап­сыздықпен көбірек күресуге тура келгенін айтып қалды. – Шарттылық деген түсінік бар, айналаңа қарашы, бәрі шартты. Шартты түрде – жердің иесі – қаншама мыңдаған гектарды алып алған, ол бос жатыр немесе бо­лымсыз бірдеңелер еккен болады, өнім өте аз. Шартты түрде мал бағады, онысы да күнкөріске әрең жетеді. Шартты түрдегі ғылым докторлары, академиктер... Лабораториядан, кабинеттен шықпайтын оқымыстылар кімге тұлға? Басқа емес, өндірістік, техникалық ғылым туралы айтып отырмын. Ғалымсың ба, біліміңді тәжірибемен сабақтастыру керек. Алқапқа шық, даланы арала. Бір күні екінші күніне ұқсамайтын, техникалық даму шырқау шегіне жеткен заманда соқамен жер жыртып, қойторыға мініп, малын бір қайырып қойып, оны ауыл шаруашылығымен айналысып жүрмін деп есеп­теу ендігі уақытқа қол емес. Тағы бір шарттылық – қыз­меткер атану: белгілі бір жер­ге жұмысқа кірдіңіз, жала­қыңызды алып отырсыз. Болды! Күнде ертемен келіп, кеш батқанша әйтіп-бүйтіп уақыт өткізіп, үйіңе қайттың. Бір күнің өлді. Ештеңе жоқ. Кім не тапты? Өзің не ұттың? Жұмыс­қа бұлай қарауға болмайды. Мен осы істі қолға алғанда осындай немқұрай­лылықпен көп күресуге тура келді, – дейді шаруашылық басшысы. Мекеменің мүлкіне қыр­ғидай тиіп, ірілі-ұсақты ұр­лық­пен үйіне тасу етек алып тұрған уақыттар болып­ты. Дегенмен, арада көп уақыт өтпей ондайлардан арылған. Оның үстіне, бү­гінгі «Байсеркеге» анау айт­қан­дай көп адам керек емес пе деп ойлайсың. Бәрі орта­лық­тандырылған. Көп жағ­дайда компьютерлік бағдарламалармен бас­қа­ры­лады. 300 га жерді бір адам суарады, 300 сиырды бір адам сауады дегендей. Мұны ор­талықтың қара жұмыс күші­нің өлшем бірлігі ретінде ғана келтіріп отырмыз. Ал бұлардың сыртында әр күн сайын ғылым мен өндірісті ұштастыру идеясында Те­мірхан Досмұханбетовпен әріптестікте жұмыс істеп жат­қан қаншама институт, университеттер, ғалымдар, шетелдік компаниялар бар. «Байсерке-Агроның» егіс алқабында, өрісінде, қора­сында күні-түні тіршілік қай­нап жатыр. Әркім өз міндетін жақсы біледі. – Егер менің шаруашылығым жақсы жүріп тұрса, ол алдымен осы кадр мәселе­сі­нің жолға қойылғаны деп ұғу керек. Мен академик екем деп, тапсырма беріп қо­й­ып, шалжиып жатқан ешкім жоқ. Прак­тиканттан бастап, академикке дейін егіс басында, малдың қасында жүруге тиіс. Мансабы мен дәрежесіне қарамай, барлығы бірдей жұмыла еңбектенгенде ғана белгілі бір ұйымшыл орта қалыптасады. Бүгінгі қоғамда қандай іс бастасаң да, іскерліктің осындай мәдениетін қалыптастыруға тура келеді. Крыловтың «Аққу, шортан һәм шаян» мысалындағы сияқты ғой. Ауызбірлік болмаса, тастай тәртіп болмаса, бастаған ісіңнің бәрі далаға кетті дей бер. Бұл тұрғыда кадр дайындау, жақсы мамандар таңдай білу, білікті адамдармен жұмыс істеу – ең басты талап, – дейді Темірхан Досмұханбетов. «Байсерке-Агро» жұмысының жаңа­лы­ғы қайсы, пайдасы неде? Әрине, иесі үшін керемет жетістік, қарыштап жүріп жат­қан бизнес. Бұл алдымен, отан­дық жә­не шет ел ғалымдарының қаты­суы­мен, инно­вациялық техникалар ар­қылы қазақ фермерлерін оқытатын, мамандар даяр­лайтын орталыққа айналып ке­леді. Бұ­рын-соңды мұндай орталық бол­ма­ға­нын ескерсек, қай жағынан да елге үлгі болды деуге болады. Жалаң сөзбен, құр жазумен, түрлі монографиялар, зерттеу еңбектермен, әртүрлі ғылыми семинарлармен іс бітпейді. Соның бәрінің келіп түйісетін, нәтижесін сұрайтын жері тә­жі­рибеге тіреледі. Тәжірибе жүзінде көр­сету керек. Бұл да осы шаруашылық бас­шысының айтқанынан түйгеніміз. – Осындай орталықтар әр өңірден көптеп ашылуға тиіс. ЖОО бітірген адамды маман деп есептеуге болмайды. Себебі, онда тәжірибе жоқ. Жүрсін, көрсін, үйренсін. Содан кейін ғана өндіріске жіберуге болады. Біздегі кемшілік, ЖОО-да студент аудиториядан шықпайды. 80 пайыз аудиториялық оқу, 20 пайызы ғана тәжірибеге негізделеді. Мұндай оқу студентке не береді дипломнан басқа? Кез келген шет елде ауылшаруашылық оқу орындарының бағ­дарламасы 60 пайыз тәжірибеге негіз­деледі. Тіпті 80 пайызға дейін тәжірибеге сүйенетіндер бар. Білікті маманды ауди­тория емес, қайнаған істің ортасы дайындай­ды, – дейді Т.Досмұханбетов. Осындай тәжірибелік оқусыз және біз игеруге тиіс заманауи технология­сыз шаруашылығыңды дамытам деу ақыл­ға сыйымсыз екен. Ескірген, күні өт­кен технологиямен бүгінгі күннің өл­ше­­міне сай мол өнім ала алмайтының тү­сінікті. О бастағы мақсат та болымсыз жетістікті малданып отыра бермей, тың­ға түрен салу, жаңалықтарды игеру тұр­ғысында болыпты. Ә дегеннен-ақ, Қазақстандағы бұрынғы көрсеткіштерді бір­неше есе орайтын рекордтармен аты шық­қан орталықтың қызметкерлері мұ­ның себебін инновациялық технологиямен байланыстырады. Топырақты өңдеу, тыңайтқыштар жасау, суару технологияларын тиімді пайдалану, пайдалы жәндіктер өсіру, биохимикаттар жасау, микро, мак­ро­­элементтерді шығару оңай шаруа емес. Мал шаруашылығында да солай. Сапалы азы­қ­тандыру, жайлы қора-жай, әр түліктің ден­саулығын жоспарлы тексеріп отыра­тын лабораториялар, бәрі-бәрі – ауыл шаруашылығы қожайындары игеруге тиіс жаңа заман талаптары.

Ауа райына тәуелсіз егіншілік

Сапар барысында шаруашылықтың шаруасы жайлы бір емес бірнеше адаммен сөйлесуге мүмкіндік алдық. Ұлан-асыр шаруашылыққа қатысы бар кез келген қызметкердің ләмінен мақтаныш табы есетіндей. Мұндай мақтаныштың төркінін түсіну үшін ұлан-ғайыр атырапты алып жатқан «Байсерке-Агро» шаруашылығының бір пұшпағын ғана аралап қайтсаңыз жеткілікті. – «Байсерке-Агрода» жұмыс істеп жат­қанымызға бесінші жыл болыпты. Темірхан Досмұханбетов осы істі қолға алғанда әртүрлі институттардан ғалым­дар­ды шақырып, бірігіп жұмыс іс­теуді ұсынды. Әлемде қандай жаңалық, қандай техника бар, соған байланысты қандай ұсыныс бар, ойда жүрген, ғылыми тұрғыда дайын тұрған жобалар болса, осы жерге келіп бірігіп іске асыруға болатынын айтты. Ғалымға бұдан артық не керек? Алғашқы жылы-ақ қытай бұршақ өсіруден рекорд жаңарттық. Одан кейін жүгері ектік. Әр гектардан 100-140 тоннаға дейін өнім алдық. Біздің тыңайтқыштар мен жаңа технологияның арқасында жүгерінің бойы 5 метрден асып кетті. Осы екі дақыл бойынша бү­гінде Қазақстанда рекорд орнаттық. Бидай, арпа, сұлы егу де жақсы нәтиже бер­ді. Әр жылдың өзіндік ауа райы болады. Бір жылы ылғал жақсы болса, екінші жы­лы құрғақшылық дегендей. Соған қара­мас­тан, осы төрт жылдың ішінде бүкіл дақыл бойынша Қазақстанда болып көрмеген көрсеткіштерге жеттік. Қазір 440 гектар тамшылатып суару әдісімен суарылады. Италиядан бұрғылау техни­ка­ларын әкеліп, 24 ұңғы қаздық. Бір ұңғы 33 гектарға дейін суара алады. Біз жет­кен жетістіктердің барлығы – осындай шаруалардың тоқтаусыз, жоспарлы түр­де атқарылып жатқанының арқасы. Бұл жерде Темірхан Мыңайдарұлының үл­кен тәуекелдерге барғанын айта кету керек, – дейді Өсімдік қорғау және карантин институтының бас директоры, биология ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Абай Сағитов. «Байсерке-Агро» орталығының егін­ ша­руа­шылығы бойынша кеңесшісі Абай Оразұлының сөзіне қарағанда, көп жағ­дай­да 100 гектарға өнім ексеңіз, оның тең жартысы өнім бермейді деуге болады. Себебі, жер толықтай өңделмеген. Ау­ру тарататын бактерия, вирустардан та­зар­маған. Оны емдеу де бүкіл бір инс­ти­тут­тың атқаратын шаруасы. Соның бә­рінен өткен соң ғана сіздің егініңіз ­бе­л­­гілі бір нормаға бағынған, жоспарлы егін­­шілік болады. Жер аурудан арылса, өнім көбейіп қана қоймайды, экологиялық жағынан да таза болады. Егіннің күтімін орып алғанша бір сәт те көзден таса қылуға болмайды. Қай жерге не жетпейді? Қандай зиянкестер пайда бол­ды? Оны анықтау үшін «дрондар­ды» пайдаланады. Ол инфрақызыл сәуле ар­қылы биікте тұрып қай жерде қандай ты­ңай­тқыш жетпейді, қай жердің суы аз, қай жерде арам шөптер мен зиянкес жәндіктер бар, соны анықтайды. Бойы жетілген соң, жүгерінің ішіне ешқандай техника кіре алмайды. Міне, осындай жағдайда да осы ұшқыш камералардың көмегі ауадай қажет. Ауру немесе зиянкестер пайда болған қауіпті жерді тауып, жоюға мүмкіндік береді. – Бұны орысша «точечное земледелие» дейді. Мұның барлығы аспаннан түскен жоқ, әлемде бар брендтер, – дейді ғалым. – Міне, соларды дер кезінде зерттеп, пайдалана білуге тиіспіз. Жер жаһанда не болып, не қойып жатыр, инновация қалай дамып барады, қандай техникалар пайда болды, соның бәрі егіншілікпен айналысам деген кісінің назарында болуға тиіс. Бұл тұрғыда бүгінгі таңда бізбен бірге жұмыс істеп жатқан «Болашақ» бағдарламасы бо­йынша шет елдерде оқыған, оқып жатқан жас­тардың да бар екенін айта кету керек. «Болашақ» – бізге әлемдік жаңалықтарды әкелетін жастарды тәрбиелеуде маңызы зор бағдарлама. Себебі, олар жай ғана естіп қана қоймайды, дамыған елдерде тәжірибеден өтеді. Міне, бүгінгі таңда осындай жастарды жинап, жұмыс істеуіне мүмкіндік беру – «Байсерке-Агроның» негізгі ұстанымдарының бірі. Жақсы бір нәрсе туралы естідік пе, міндетті түрде соны қолға түсіру жағы ойластырылады. – Көп өнім алам деп улы химикаттарды көп қолданатын уақыт өтті. Химиялық тыңайтқыштармен өсірілген өнімдердің адам ағзасына ғана емес, бүкіл адамзат тіршілігіне орасан қауіп екенін әлем енді түсіне бастады. Мұндай өнімдер ұрпақ денсаулығы үшін де қауіпті, адам геніне әсер етеді. Бүгінгі статистикадан хабары бар адам біледі, өмірге келген балалардың 90 пайы­­зы түрлі аллергиямен туады. Мұның бар­­лығы әлгіндей әдіспен өсірілген өнім­дер­ді көп тұтынудан. Демек, бәсекеге қа­білетті ететін ең басты көрсеткіш – өнім­нің тазалығы, тиімділігі, – дейді Абай Оразұлы.

Рекордтар. Бұрынғы мен бүгінгі

Бізде қызық көзқарас бар, әлдебір шет ел осынша жетістікке жетіпті десе кө­зімізді жұмып, аузымызды ашып се­неміз, ал өзіміз жеткен жоғары көр­сет­кіштерге күмәнмен қараймыз. Сол се­бепті, салыс­тырмалы түрде біраз цифр келтіруді дұрыс көріп отырмыз. Қазақстан өз алдына ел болғалы бергі ең жоғары көрсеткіш соң­ғы төрт жылға, оның ішінде осы «Бай­сер­ке-Агроға» тиесілі екен. Биология ғы­лым­дарының докторы, профессор, ҰҒА академигі Рахым Оразалиевтің келтірген мәліметіне сүйенсек, соңғы жиырма жылда республика бойынша күздік бидайдың гектарлық өнімі 2 тонна екен. Жаздық бидай тіпті аз – 1,3, ал бізде орта есеппен 5 тонна. Ал, ең жоғары көрсеткіш – 8,5. Тритикале (қара бидай мен бидайдың буданы) бұрынғы көрсеткіш – 2,5-3 тонна болатын, біз бұл көрсеткішті 12 тоннаға дейін арттырдық. Арпа бұрын – 1,5, қазір – 3,5-4 тонна. Сұлы да осы сияқты, бұрын – 1,6 болса, қазір – 4 (6) тонна. Қытай бұршақ – 1,7 тонна, біздің орталық бұл көрсеткішті 6,6-ға жеткізді. Жоңышқа орудан Қазақстан бойынша көрсеткіш 5 тоннаға жеткен. Біз 8-9 тоннадан өнім алдық. Жүгеріден Қазақстан 3-4 тоннадан аспаған, ал біз 18-ге жеткіздік. Бұл енді жекелеген көр­сет­­кіштер ғой, ал жалпы егістік алқап кө­ле­мі де, жалпы өнім де бірнеше есе өсті. Мы­салы, көк балаусаның жалпы өнімі «Байсерке-Агроның» өзінде Темірхан Досмұхамбетов келмей тұрғанда 1000 тонна болған, қазіргі көрсеткіш бұдан 20 есе көп. Осыған қарап-ақ, осы азғантай жылдың ішіндегі жетістіктің қандай еке­нін бағамдай беруге болады, – дейді. Ака­де­миктің шаруашылықтағы рөлі де өсімдік ша­руашылығы бойынша кеңесші. «Қара ші­рі­кті қарашығыңдай сақтау керек», деп жиі айтып отырған ғалымның айт­уынша, топырақтың құнарын сақтау үшін органикалық егістікке ауыспалы ре­жім керек екен. Бір өнім бір жерде егіле бермеуге тиіс. Бір егістік алқапқа бір жылы дәнді дақыл егілсе, келер жылы жоңышқа егіледі. Бір жерге ұзағырақ себуге болатын қытай бұршақ қана. Оның өзі 3-4 мәртеден соң алмастыруды талап етеді, ал, қалған дақылдар жыл сайын ауысып отырады. Бұлай болмаған жағдайда өнімнің көлемі ғана емес, сапасы да төмендеп кететін көрінеді.

Бұл арнайы ғылыми орталық болмаса, анау-мынаудың қолынан келе бермейтін шаруа, – дейді Рахым Алмабекұлы. – Жер мен тұқым дайын болған соң да бар мәселе шешіліп кете салмайды. Енді себу мәселесі алға шығады. Егінді де жайданжай еге салуға болмайды. Механизация керек. Бұрынғы ескі техника сіздің керемет асыл тұқымыңызды дұрыс себе алмауы мүмкін. Дұрыс себілмеген тұқым дұрыс өнім бере алмайды. Сол себепті, заманауи техникаларды шет елдерден алдыруға ту­ра келеді. Жай ғана алдыру жеткіліксіз, Қазақстанның жеріне оңтайландырып, арнайы тапсырыспен қайта жасалады.

Әлемде ет пен сүт өнімдері жетіспейді

«Байсерке-Агро» жылқы, түйе, ірі қа­ра, қой өсірумен айналысады. Бұл ті­­зім алдағы уақытта кеңейе түспек. 3500-­ге тарта ірі қара бар. Оның 2000-ы ет шаруа­шылығына, қалған 1500-і сүт шаруашылығына бағытталған. Асыл тұқымды сиырларды жаңа технология бойынша күтіп-баптаудың арқасында бір жылда бір сиырдан 9 тонна сүт алынады. Мұндай көрсеткіш Қазақстан тарихында бол­маған. Республика бойынша бұрынғы ең жоғары көрсеткіш 2,5-3 тоннаға жуық­та­ған. Бір тәулікте 78 литр сүт берген рекордшы сиыр туралы келмей тұрып хабардар болғанбыз. Әлемдік рекорд – 110 литр. Ресейдің көрсеткіші – 82. Елімізде бұрынғы рекорд 62 литр болыпты. Демек, жаңа көрсеткіш дамудың басы деген сөз. Бізге бұл туралы әңгімелеп берген ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, ҰҒА корреспондент мүшесі Төлеухан Садықұлов: – Жоғары көрсеткіш 78 литр болған соң, оған жетеқабыл көрсеткіштер де бола­ды ғой. Бұл рекордты маңайлап жүр­ген он шақты сиыр бар. Мұны неге ай­тып отырмын? Бұл генетикалық ба­сым­дық­тың көрсеткіші. Демек, мұндай сүтті сиыр­лардың санын арттыруға болады деген сөз. Қазір он сиыр болса, болашақта жиырмаға жетеді, отыз болады... Жүзден асады... Бұл әншейін құрғақ болжам емес, біз қазір Америкамен бірігіп лаборатория ашып жатырмыз. Жаңағыдай сүтті сиырлардың эмбриондарын аламыз да, басқа сиырларға саламыз. Сол арқылы сүтті сиырлардың санын көбейтеміз. Бұл арқылы асыл тұқымды сиырларды тез арада көбейтуге мүмкіндік аламыз. Демек, сүт шаруашылығы тез дамиды, ел эко­но­ми­касының жетекші саласына айналады. Бұл – эмбриондарды трансплантациялау ар­қылы бір асыл тұқымды сиырдан бір жыл­да жүзге жуық тұқым алуға болады деген сөз. Ғалым бүгінгі таңда әлемде ет жетіс­пеу­шілігі орын алып жатқанын айтады. Мысалы, ет шаруашылығы сұраныстың жартысын ғана қанағаттандыра алады. Сүт те солай. Бұл жөнінде профессор: – Бұл дегеніңіз апатты жағдай деуге болады. Сондықтан ет, сүт өндіру, мал шаруашылығы дүние жүзінде өте үлкен проблемаға айналып отыр. Қазір Қытайда еттің бағасы біздегіден он есе қымбат. Кореяда біздің өлшеммен алғанда 70 мың теңге. Рас, ол жақта жалақы жоғарырақ шығар, бірақ, осыншалық айырмашылық жоқ қой. Міне, осындай жағдайда ет өнді­ру­де бір ірі қара тұқымының әр төрт жыл сайын 500 келі ет бергені кімге керек? Төрт жыл бойы бағасың, бар болғаны 500 ке­лі. Өндірісте уақыт үлкен рөл ойнайды. Мал­дың төлі неғұрлым тез салмақ жинаса, соғұрлым пайдалырақ болмақ. Жедел жетілдіру дейді мұны. Біз бағып отырған төрт түрлі тұқым осы талаптарға жауап бе­ре алатын түр. 18 айлығында 450-500 ке­ліге жетеді. Бұл салмақтың 60 пайызы та­з­а ет болады, демек, бір жарым жылдай уақытта 300 келі ет береді деген сөз, – дейді. Шаруашылықта он мыңнан аса қой бар. Еділбай қойы және қазақтың биязы жүнді қойы. Қазақ халқының бренді саналатын Еділбай қойы да тез же­тілетіндігімен ерекшеленеді екен. Мә­селен, төрт айлық қозы орта есеппен 47 келі тартады. Кейбіреулері 55-56 ке­ліге дейін өседі. Осындай қозыларды тұ­­қымға алам, көбейтем дегендер де аз емес. Демек, «Байсерке-Агро» басқа ша­руа­шы­лықтардың дамуына, өнімін асылдан­ды­руына ықпал етті деген сөз. Мұндай қо­зылардың пайдасы не? Қойдың етіне қа­тысты алғанда, қазір әлемде 80 пайыз қозы еті тұтынылады. Себебі, он­да холес­терин аз, майлылық төмен. Бұ­ры­ны­рақта қой шаруашылығы тері, жүн үшін көп пайдаланылған. Ал қазір теріні аз пайдаланады. Тігін шаруашылығының 70 пайызын мақта шаруашылығы қа­на­ғат­тан­дырып отыр. Сол себепті, қойды көп елдерде ет шаруашылығы үшін өсіріп жатыр. Біз ат байлаған шаруашылықтың ба­ғыты да осы. Себебі, сұранысқа сай жұ­мыс істеу де – істі жүргізудің негізгі тетігі.

Кезекте тұрған ірі қаралар

Сиырлардың сауын аппаратына өзі келетінін естісек те, аса мән бермегенбіз. Оқу-ғылыми орталығының бас директоры Мұрат Әлиевтің таныстыруымен оған да көз жеткіздік. Біз көргенде сиыр­лар сауын аппаратының алдында кезекте тұр екен. Дәл осы ретпен күніне кем дегенде 4 мәрте сауылады. Робот әр сиырдың өзіндік ерекшеліктеріне қарай жұмыс істейді. Алдымен желінді тазалап жуады. Содан соң, сүттің ең беткі қабатындағы азғантай бөлігін бөлек сауып алады (желіннің ұшындағы сүтте бактериялар болуы мүмкін). Және әр сауын сайын сүттің құрамын анықтап отырады. Вирус немесе қан пайда болған жағдайда компьютер арқылы операторға хабар береді. Мұндай сүт ортақ қорға қосылмай, лабораторияға жөнелтіледі. Ауруға шалдыққан болса, бірден емдеу курсы тағайындалады. Сүт бөліміндегі 1200 сиырды 11 адам ғана қарап отыр. Желдеткіш істеп тұр, мұрныңды басатындай иіс жоқ. Тойған қозыдай монтиып бұзаулар тұр. Олар да жасына қарай топ-топқа бөлінген. Жаңа туғандары арнайы үйшікте, ерекше күтім мен бақылауда болады. Ең сапалы сүт арнайы сүзгіден өтіп барып, суып қалмай тұрып (40 градус) беріледі. Мұндағы Зеңгі баба тұқымына берілетін жем-шөп те арнайы лабораторияда да­йындалады. Тіпті, сиырдың қиына қарап, оның сіңуі мен қорытылуын да қадағалап отырамыз дейді. Егер, дұрыс қорытпаған жағдай болса, сол уақытында ветеринария бөлімінің мамандары іске кіріседі. Ол заңды да, соншама мал­дың біреуі ауырса, бәріне таралуы мүмкін. «Мал – бір жұттық» деп, құдайға тапсырып қарап отыратындай емес, кем дегенде әр сиыр ай сайын кезекті тексеруден өтіп тұрады. ...Бір сурет көз алдымыздан кетпейді, әлгі кезекте тұрған сиырлардың бірінің желінінен өздігінен сүт сорғалап тұрды. Аздап обалсынғандай болғанымызбен, берекеге баладық та қойдық. «Ит басына іркіт төгілген» деп әспеттелетін тоқшылықтың белгісі осы шығар, бәлкім...   Алмас НҮСІП, «Егемен Қазақстан» Суреттерді түсірген Нұрманбет ҚИЗАТҰЛЫ Алматы облысы