• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
10 Наурыз, 2017

Аруана – бауыр дүниені аңсаған

3236 рет
көрсетілді

Көрнекті ақын Төлеген Айбергеновтің туғанына – 80 жыл Қазақты тұтастырып тұрған ұлы ұстындардың бірегейі – әдебиет, оның ішінде поэзия. Сол поэзияның арыда – Асанқайғы, Қазтуған, Ақтамберді, Шалкиіз; беріде – Махамбет, Абай секілді тұлғалары тұтас ұлттың бойына елдік пен ерлік сезімі болып еніп, халық рухының отын маздатса, ХХ ғасырдың екінші жартысында Жұмекен, Қадыр, Мұқағали, Тұманбай, Сағи, Өмірзақ Қожамұратов секілді өзгеше талантты ақындар қазақ жырының шоқжұлдызы болып, ұлттық поэзиямыздың мерейін асқақтатты. Осылардың ішінде ақын Төлеген Айбергеновтің орны ерекше болатын. Бір қарағанда бұрыннан бар сияқты көрінетін, ал үңіле қарағанға мүлде бөлек, өзгеше болмыстың ақыны екені танылатын Төлеген Айбергеновтің поэзиясы – әлденеше ғасырлық қазақ жырының дүниеге әр талант келген сайын құлпыра беретін сан қырлы сиқырын, сарқылмас қайнарын танытқан поэзия еді. Жазба поэзия орныққаннан бері талай қиырды шарлап, батыс пен шығыстың түрлі ағымдарына ілесіп, соның нәрін өз топырағымызға бойлатқан қазақ жыры бір сәт – Төлегеннің асқақ та айбынды, сұлу да сазды, мөлдір де терең поэзиясы бар қуатымен жарқ еткенде – селк етіп есін жиып, өзінің түп тамырын іздей бастады: жаңалықтың бәрі шеттен келіп, таңдай қақтыра бермейтінін түйсінді. Ұлттық топыраққа тамыр жіберіп, дәстүрлі төл өнерді жаңғырта, жаңарта отырып та ұлы жетістіктерге жетуге болатынына көз жеткізді. Шын мәнінде, Төлегеннің жетілуі тез болды. Әбіш Кекілбаевтың сөзімен айтқанда: «Ол өз буыны өкіл­де­рінің көбінен кейін келсе де, жедел ілгері шығып, көш басына оза бастап еді». Бірақ ондай бақытқа ол өнер жарысында жалаң алға ұмтылуды мақсат тұтқан өлер­мен­дікпен емес, бойына туған халқының сөз құдіретін сі­ңірген өрелілікпен ие болған-ды. О, менің байтақ мекенім, Жанымның қаршығасы сен. Шырқағым келіп кетеді, Жазбаған ән шығарсың сен. ...Келемін таласа гүлдеп, Алдыңда кіршіксіз едім. Бір сенің болашағың деп, Мың ойға кірпік сүземін. ...Жауыңды кескілермін де, Қас етпен ешкімді ешкіммен. Бағың боп естілермін де, Сорың боп естілмеспін мен. Төлегеннің бұл жыр жолдары бұрын сан мәрте жырланған тақырыпта дағдылы шаблондарға ма­ңай­ламағаны былай тұрсын, мүлде тосын ырғақ, тың екпінмен қияға шығандап кеткенін байқайсыз. Жиыр­­маның үстіндегі көкөрім жастың дүниені сон­ша­­лықты терең ұғып, нағыз азаматқа қойылар та­лапты жан-жүрегімен сезініп, парасат биігіне кө­терілуі таң қал­дырады. Салған беттен-ақ осындай сезімтал да сазды жыр­ла­р­ымен өнерге ынтық, өлеңге ынтық қауымның кеу­д­­есін көктемнің шипалы самалындай желпіп өткен Айбергеновтің шабыты, расында, айрықша құбылыс бо­латын. Оның өлеңдерінде жастық пен махаббат се­зімі тұтасып, адам мен табиғат біртұтас әлемге айнала ке­ле сыр төккенде жанды, жансыз атаулыда айырма жоқ сияқты көрінетін: Қызғалдақ қуып құмардан Шығатын болдық, құрбым-ау. Аэропорттардан туы алуан Айнымай жатқан қыр мынау. Гүл де әсем мұнда, көр міне, Қап-қара мақпал түн де әсем. Толқымай жатқан көлді де Толқисың көріп мұнда сен. Тау да әсем жалтыр көк айдын, Қауырсын қанат бау да әсем. Зер шашақ шығы тоғайдың, Шашылғалы тұр «әу» десең... Бір көргенге табиғатты жырлап тұрғандай сезі­ле­тін өлең түйінделер тұста мүлде басқа мағынаға ауысып, табиғатты бейнелеу – оның қызығы мол өткен күн­ге деген ностальгиясын ишаралайды: ...Айтпақшы, соны қайтсең де Қыз қайда ұстап кел деген! Ол да ұшып әлде кеткен бе Қырғауыл кеткен жолменен. Дариға, менің алдымнан Тағы бір өтсең кес-кестеп, Қырғауыл арман, жанымнан Қалар едің-ау өшпес боп. ...Жолығар болсам қайта мен Тағы бір мәрте сол шақпен, Бәрін де саған айтар ем, Жалғыз-ақ тамшы моншақпен. Күрсінісі түгел ғаламды қозғардай ақын жанының қатпарындағы осы бір сырлы саз, кез келген пенденің жүрек түкпіріндегі қимас сәттердің сырын қозғап, мұңын қоздатарлықтай әсерлі. Бұрында адам, табиғат, көңіл күй, т.б. деп сан түрлі тақырыпқа бөлініп жырланатын ұғымдардың Төлеген поэзиясында біртұтас бүтін болмысқа айналып кетуі «замандас бейнесін суреттеу» деген қасаң қағиданы жосықсыз малданып бара жатқан қазақ жырының дамуына жаңаша серпін бергені анық. Ол ғылыми-техникалық прогресс ғасырының же­тіс­­тігін жырлай ма, жаңа заман тудырған түрлі қай­шы­лықтың сырына үңіле ме, не болмаса ғарышкер тура­лы поэма жаза ма, шын мәнінде лирик ақын ретінде қал­ды. Өйткені, әрдайым лапылдаған сезіммен «мен» деп толғаған ақынның «қол созған биігі тым алыста» бо­латын. Лапылдаған менің ыстық лебізім, Тас тәніңді тұрған сенің жұмсартып. Мен болмасам теңіз де емес теңізің, Даңқың сенің кете де алмас мұнша артып. Мен болмасам аспан да емес аспаның, Жұлдызыңа қарайды кім қызығып. Орманыңа менің көзім сүзіліп, Жапырағынан сорғалайды жүз үміт. Тек менімен бақыты бар далаңның, Менің қолым ертеңіңді қамшылар. Тек ұшымен мен ұстаған қаламның, Сатыр-сұтыр ұйқасады тамшылар! – деп айта алды. Бұл тәкаппарлық емес, тіл безеген ділмәрлікке де жатпайды. Бұл – дүниені дүние қылып тұрған, құдайдың құдіретімен оған ұғым беріп, сыр дарытып тұрған ақындық деген ғажайыптың болмысын ашу ғана. «Адамдар» деген өлеңінде: Барлығын да бағыштар ем сендерге, Махаббатын берсе маған жер-көктің, – дейтін ақынның бүкіл шығармашылығына ортақ бір лейтмотив болса, ол – Сағыныш сезімі. Шынайы, кіршіксіз, пәк махаббаттан туған сезім. Оның тегі – адалдық пен мәрттік. Сүйенері – жан тазалығы мен жүрек жалыны. Ей, адамдар! Айналайын туғандар, Жалғыз минут тыңдаңдар! Мен сендерге көп болды сыр шертпедім, Қазір түгел көкірегім өрт менің! Шартарапқа жүргеніммен жүз аттап, Бұрын мұндай көрмеп едім ұзақтап. Бір сағыныш мәңгі-бақи дос еткен, Қазір мені жұлып алды төсектен. ...Ұзақ жолдан шаршап келгем, Жыр жазатын халде емен, Жындандым ба әлде мен?! Мұндай түстер бұрын маған енбеген, Онсыз да мен сағыныштан кенде емен. Мұндай халді шерткен бір кез өртене, Жұмағали жырына да сенбегем. Саясында болдым мен сан шынардың, Мен жүз қызға ғашық болған шығармын. Адаммын ғой шын сағыныш тән маған, Бірақ менің тамды бүгін көз жасым, Сол қыздардың біріне де тамбаған. Қазір менің ессіз шөлім басталды, Еш қайнардан қанбаған... Алапат өрттің жалынындай жолдағының бәрін жайпап өтіп бара жатқан мұншалық кең құлашты жыр қазақ поэзиясының тынысын ашып, желмен жарыстырып, қырандай көкке самғатып жіберген-ді. Жырдың қуаттылығы оның әуезділігінде ғана емес, адамды адам қылып тұрған ұлы сезімді бұрын-соңды кездеспеген арнаға салып жібергенінде болса керек. Өйткені: «Сағынбай барсаң теңіз де сенің тебіренбес жастық шағыңдай, бұлбұлдың даусын ести алмайсың бауларға кірсең сағынбай; сағынбай барсаң таулар да сенің алдыңнан шықпас асқақтап, ойлауың мүмкін дүниені мынау кеткен екен деп тас қаптап; үмітке толы, арманға толы әр жерде бір түп қарағай, сағынбай жүрсе қалуы мүмкін жамырасуға жарамай». Ал енді Сағыныштың осыншалық тереңдігін жыр тілімен жеткізген ақын қазақты былай қойғанда, әлемде қанша екен? Тіпті, бар дей аламыз ба?.. Оның «Аруана – бауыр дүние» деген жыры да – қазақ деген халықтың ұлттық байлығының бірі. Бізде отаншылдық рухы туралы жырлар легі сонау жырау­лар дәуірінен бері бір де үзілген емес. Бірақ мына өлең... сол бізді елдікке шақырар, ерлікке шақырар мінбенің жанында желбіреп тұрар ту іспеттес. Онда Отан, туған жер, ұлттық намысқа адалдық сезімі – бәрі, бәрі бар. «Аруана жаудың қолына түссе ботасын шайнап өлтіріп, қаралы мойнын қайтадан артқа бұр­мастай халге келтіріп; жеріне тартып отырады екен моншақтап жасы боздаумен, омырауын шерге тол­тырып». Жырдың экспозициясы сізге тосын бір оқиғаны баяндай келе, әлгі бір ауыр жағдай ақын сезімімен астасып кеткенде өлеңдегі оқыс бұрылыс жүректі шым еткізеді: «Апталап, айлап таңдайын мейлі тасбауыр шөлдер құрғатсын, қазығын таппай тоқтамайды екен мәңгілік тіпті күн батсын; туған жерін төсін аңсаумен өткен аруана – бауыр дүние, сен маған осынау ақ жүрегіңмен қымбатсың; бірақ мен оны жыр қылып қа­лай жаза алам, жетер ме адам сөзі оған; өмірде ұзақ жа­сауың үшін болғаныменен қайғың қас, туған жер, сен деп қайғыра алмасам тағдыр да мені бай қылмас; о бастан саған ынтызар туған аруана тектес ұл ем мен, қа­зығын таппай қайрылмас». Осынау бір деммен айтылып, толассыз жауған нөсердей екпінді жырдың мағыналық тұтастығына көз салар болсаңыз – ақынның бір ситуациядан келесісіне қалай көшіп, қалайша ойды тереңдетіп әкетіп бара жатқанын көрер едіңіз. Оқиғамен басталған жыр соған сәйкес ақын көңіл-күйі ауанына қарай ыңғайланып, бастағы мәнге мағына үстей түссе, келесіде аруана-ғұмырдың ақынның басында қалай қайталанғанына көз жеткізесіз: «Қашаннан жақын таныс хал маған болғанмен удай бұл шарап, дидарың үшін қалдырдың артта қанша бақ; мен сенің бүгін қойныңа жеттім сабылып ұшып, туған жер, сарғайып ұшып – жүректі тоқ­сан пәршалап; қайғырған жоқпын баратқан қалып мал­ға да, тіпті, басқа да; гүл шығады ғой тасқа да; тау­ға да керек астана, тасқа да керек астана». Жырдағы отаншылдық, киелі атамекенге деген сезім ақынның сөз ұстасы ретіндегі шеберлігін емес, жан дүниесіндегі өз елін, өз жерін шексіз сүйген құдіретті махаббаттың көрінісі. Жалпы, Төлегеннің ұлттық поэзиямызға әкелген түрлік ізденістері өз алдына әңгіме етерлік үлкен сала. Ол «Туған жер», «Сағыныш», «Жанардың отты жар­қылындасың» «Қазақстан көктемдері», т.б. өлең­де­­рімен пішіндік түрлендіру жасаса, «Бір тойым бар», «Апаларым», «Жиырма бес», «Дала кешіндегі кө­ріністер», «Әуен мен ырғақ жыры», «Бір жетсе ме­нің ажалым жетеді», «Ағыстар мен ғасырлар» се­кіл­ді жырларымен, «Космонавт монологы» поэмасы­мен ойды беру, өлеңнің саздылығын, үйлесімділігін же­тіл­ді­ру жолында көптеген жаңалықтар енгізді. Төлеген ақындығының әсері оның тұстастарына да, одан кейінгі буындағы ақындарға айтарлықтай күшті болды. Бұл ұлттық өлеңнің жетіліп, дамуы бағытындағы үлкен ақындық табыс саналады. Қазақ поэзиясының ХХ ғасырдағы жаңа биікке кө­те­­рілген тұсында Төлеген Айбергенов шығарма­шы­лы­ғы­на соқпай өту мүмкін емес. Өлең өнері қаншалық да­мып, қаншалықты өзгеріске түссе де Төлегеннің ақын­дық орны әрқашан сақталады. Ол ұлттық өнердің бол­мысына рухы сіңіп кеткен ақын. Ахмет ӨМІРЗАҚ, ақын, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты