Кенді Алтайда соңғы екі күнде ауа райы күрт ысып, 25 градустан асты. Биік таулар мен қыраттарда жатқан қалың қардан бастау алатын Үлбі өзенінің деңгейі көтеріліп, кеше жаңа Сөгір кентінің 400-ге тарта тұрғын үйлерін су басты. Әзірше байбалам салатын ешнәрсе жоқ. Егер алдағы күндері де күн ысыса, қауіп күшеюі мүмкін. Оның үстіне таулы аймақтарда қар көшкіні жүріп жатыр.
Сәрсенбі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаев үйлерін су басқан адамдармен әңгімелесіп, қолдан келген көмектерін аямайтындарын айтты. Жеке меншік үйлері бар тұрғындар қора-қопсыларын судан тазартып жатыр. Алғашқы көмек те келіп жетті.
Биыл облыс аумағында қар қалың жауды. Сондықтан сақтық шаралары алдын ала жасалған-тын. Соған қарамастан, өңір басшысы тиісті мекемелер басшыларымен кездесу өткізіп, қажетті мөлшерде техниканың әзір тұруын мұқият тапсырды.
Оңдасын ЕЛУБАЙ.
Өскемен.