Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Тараз қаласына келіп, Жамбыл облыстық мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысты. Сессияда облыс әкімін тағайындау туралы мәселе қаралып, Елбасының Жарлығымен облыстың әкімі болып қайта тағайындалған Қанат Алдабергенұлы Бозымбаевтың кандидатурасын депутаттар бірауыздан қолдады.
Премьер-Министр бұдан кейін облыс активімен кездесіп, оларға Елбасының Жарлығымен облыс әкімі болып Қ. Бозымбаевтың қайта тағайындалғанын хабарлап, құттықтады. Алда атқарылатын жұмыстың көп екенін айтты. Қ.Бозымбаев Елбасы сенімін ақтауға, сөйтіп, өңірде индустриялық-инновациялық, «Бизнестің жол картасы» сияқты елдің әлеуметтік және экономикалық жағдайын жақсартатын көптеген бағдарламаларды ерекше күш-жігермен жүзеге асыратынына көпшілікті сендірді.
Қ.Бозымбаевтың Жамбыл облысына әкім болып тағайындалғанына бір жылдан енді асты. Дегенмен, облыста ол атқарған шаруалар баршылық. Алдағы жылдарға жобалап отырған жоспарларының да экономикалық және әлеуметтік маңызы зор. Демек, жас басшыға іске сәт айтамыз.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Жамбыл облысы.